Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерге қатысты жаңа талап дүрбелең туғызуы мүмкін

7791

Қазақстанда енді жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтардың өз бетінше даярлануына тыйым салынды.

Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерге қатысты жаңа талап дүрбелең туғызуы мүмкін Фото: blog.greenflag.com

Жүргізушілерді тек қана автомектептер дайындайтын болады.

Сәрсенбідегі отырысында Мәжіліс "Жол жүрісі туралы" заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін  цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасы мен оған ілеспе жобаны екінші оқылымда қабылдады.

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, мұндай жаңалық Ішкі істер министрлігінің биылғы 23 сәуірдегі бұйрығымен енгізіліп отыр.

"Бұдан былай көлік жүргізу құқығын иеленуді қалаған барлық қазақстандықтарға автомектептерде оқудан өтуге тура келеді. Яғни, жүргізуші куәліктерін алуға кандидаттардың өз бетінше даярлануы жойылды. Бұған 2016 жылдан бері рұқсат етіліп келіп еді. Кезінде Парламенттің бұл тәжірибені жоюына ықпал еткен себептердің бірі –кейбір алақол азаматтар үшін автомектептердің заңсыз табыс табудың қайнарына айналып кеткені болды. Олар оқудан өткені туралы құжаттарды еш сынақ тапсырмаған адамдарға жаппай сатумен әуестенді. Бұл тәжірибе қайта енгізіліп отыр. Бәлкім, дұрыс та шығар. Дегенмен, автомектептердің ол құжаттарын тағы да сата бастамасына кепіл жоқ", – деді депутат.  

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха өз бетінше даярлану мүмкіндігіне енді тыйым салынғанын растады. Мұның жауапкершілігін мәжілісмендерге аударды.

"Біз бұл қадамға депутаттардың және автомобилистер қауымдастығының қаптаған өтініші мен шағымына орай барып отырмыз. Оның үстіне бұл тәжірибе де сыбайлас жемқорлыққа дем берді. Жол жүрісі туралы жаңа заң жобасын Мәжілістің бейінді комитетінің отырысында талқылау кезінде көптеген депутаттар жүргізушілікке өз бетінше даярлану нағыз көзбояушылық, профанация екенін айтып табандады. Депутаттардың пікірінше, өз бетінше дайындалғандар жол қозғалысы ережелерін үйренбейді, тіпті қарапайым қағидаларды білмейді. Автокөліктің құрылысын жете ұғынбай жатып, рөлге отырады. Жасырып неміз бар, олар жүргізуші куәлігін алу мәселесін айналма жолдармен шеше алады", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Оның байламынша, егер азамат қалтасынан шығын шығарып, автомектепте курстан өтсе, онда ең құрығанда қарапайым-элементарлы ережелерді санасына құйып алуға құлық танытады.

Оған: "автомектептер қайтадан оқудан өту туралы құжаттарды оңды-солды сатуға көшпесіне қандай кепіл бар?" деген сұрақ қойылды. Еш кепіл жоқ көрінеді.

"Өкінішке қарай, Ішкі істер министрлігі автомектептерді бақылау мүмкіндігінен мүлдем айрылды. Бүгінде біз мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселені зерделеп жатырмыз. Бәлкім, автомектептерді әлдебір бірлестікке біріктіріп, соның аясында саланың өзін-өзі реттеуін енгізу керек шығар. Немесе олардың жұмысына бақылауды күшейтетін басқа бір тетіктер қажет", – деді Игорь Лепеха.

Ол сайып келгенде, автомектептер бәсекеге қабілетті болып, ұзағырақ жұмыс істеу үшін бәрібір жүргізушілерді шындап оқытуға, білім беру сапасын көтеруге мән береді деген үмітте.

"Қалай болғанда, оларда оқыту жүзеге асырылуға тиіс. Қазіргі уақытта біз автомектептерге шәкірттердің цифрлық тіркелуін енгізіп жатырмыз. Мен шәкірт ретінде автомектепке жазылсам, полиция қызметкеріне тиісті ақпарат түседі. Яғни, бұрынғыдай бір күнде жүргізу құқығына сынақ тапсырып, сол күні жүргізуші куәлігіне қол жеткізетін тәжірибе енді болмайды. Тексеріледі. Бұл рәсім анағұрлым тиімді бола түсті. Ал, жүргізушілердің өз бетінше даярлануы елге еш пайда әкелмеді. Адамдар жол жүрісі қағидаларын үйренбеді. Сондықтан депутаттардан және басқасынан түскен өтініштерге байланысты біз бұл тәжірибені жойдық", – деді ІІМ басшысының орынбасары И.Лепеха.

Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов азаматтардың өз бетінше, онлайн курстар арқылы дайындалуына тыйым салуды сұрағандардың бірі екенін мойындады.

"Барлық жүргізушілерді тек қана автомектептер арқылы даярлауды талап етуге оралуға бастамашы болғандардың бірі – менмін. Неге қайта оралдық? Бүгінде жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер – жүргізуді компьютердің алдында отырып үйренгендер. Олар ондай бағдарламада жүргізу ісінің нағыз майталман шебері болуы мүмкін, алайда оларда өзін-өзі сақтау инстинкті жоқ. Егер өзіндік сақтану инстинкті жоғалса, сондай-ақ жүргізу практикасы болмаса, инструкторды қасына отырғызып, жүргізуді үйренбесе, онда ондай жүргізушілер тек өз бастарына ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың бәріне қауіп төндіреді", – деп дәйектеді мәжілісмен.

Депутат қазіргі кезде аудан-қала арасында қатынайтын таксилерге отыру қорқынышты екенін жасырмады.

"Жол жүрісі ережелерін бәрі бұзады. Мен бірнеше рет Қарағандыға таксимен бардым. Автобанға түсе сала, жігіттердің бәрі сағатына 160 шақырым жылдамдықпен құйғытады. Оларға жол жүрісі ережелерін бұзғаны туралы ескерту жасасам, олар: "Енді біз қайтеміз?! Өмір сүруге нәпақа табуымыз керек қой?!" деп бет бақтырмады", – деді Қ.Бексұлтанов.

Бірақ ондай жүргізушілердің куәлікті қандай жолмен алғанын, автомектепте оқыған-оқымағанын білмейді.

Автомектептің оқытушы-инструкторы Дәурен Имашев азаматтардың өз бетінше дайындалуы халықаралық тәжірибе екенін айтады, бірақ Қазақстанның одан бас тартуын құптайды.

"Автомектептерде оқу ақысы бұрын 6-10 мың теңге аралығында тұратын, соңғы жылдары беделді автомектептердің бәрі дерлік бағасын көтерді. Бүгінде бір курстан өту 20-40 мың теңге аралығында. Мына талаптан соң тағы көтеруі мүмкін. Өйткені инфрақұрылым шектеулі, келушілердің бәрін қамти алмайды. Нарық заңы бойынша сұраныс өссе, баға өседі. Құжат сатуға келсек, оған тыйым сала алмайды. Тіпті университет бітіргені туралы дипломдарды университеттердің өздері сатады, оған Үкімет тоқтау сала алмады. Мемлекет оқудан өту туралы жалған құжат сататын мектептердің "қара тізімін" жариялап, күресуіне болады. Бірақ одан нәтиже шамалы", – деді Дәурен.

Айтқандай, ел Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1233 қаулысымен бекітілген "Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында" ұқсас бастама қарастырылған.

Бұл құжатта Ішкі істер министрлігіне "3 жыл ішінде оқып шыққан азаматтар жасаған жол-көлік оқиғалары санын негізгі өлшемшарт ретінде алып, автомектептерде оқыту сапасын бағалауды енгізу" жүктелді. Яғни, ведомство нақты қандай мектептердің түлектері жол апатын көп жасайтынын анықтауы шарт.

Бұл үшін ІІМ бағалау тетігін әзірлеуі керек. Бағалаудың алғашқы қорытындысы 2025 жылғы қаңтарда жариялануға тиіс. Әрі қарай – жыл сайын, қаңтар айында жариялап тұруы керек. Сол бағалаулар нәтижесінде елдегі автомектептердің антирейтингі түзілмек.

"Автомектептердің рейтингін енгізу мәселесі қаралып, олардың қызметі өзі оқытқан азаматтардың жасаған жол-көлік оқиғаларының саны бойынша бағаланатын болады. Бұл жүргізушілерді даярлауды жүзеге асыратын субъектілердің жауапкершілігін жоғарылатады", – делінген тұжырымдамада.

Осылайша, ІІМ сарапшыларының байламынша, автомектептер өзі оқытқан шәкірттері үшін жанама болса да жауапкершілік арқалайды.

"Елде автомектептердің рейтингін енгізу мәселесі пысықталуда. Онда осындай әрбір білім ордасының жұмысы өзі даярлаған жүргізушілердің жасаған жол-көлік оқиғаларының санына қарай бағаланады. Яғни, түлектерінің жүргізуші ретіндегі біліктілігі неғұрлым төмен болса, автомектептің рейтингі де құлдырай түседі. Бұл жүргізушілерді дайындайтын бизнес субъектілерінің жауапкершілігін арттырады", – деп түсіндірген болатын бұған дейін министрлік мамандары.

Әрине, рейтингте тым нашар баға алған автомектептер күштеп жабылмайды. Бірақ мемлекет азаматтарға оларда оқымауға кеңес бере алады. Нәтижесінде, осы бизнес нысандары қара тізімнен құтылу үшін не қызмет сапасын көтереді, не атын өзгертеді, не клиент таппай, жабылып тынуы мүмкін.

Әйтсе де, жүргізушілерді сапалы даярлауға мемлекеттің жағдай жасамағанын мәжілісмендер жасырмады.

"Мен Шымкент қаласының округінен сайландым, Түркістан облысында тұрдым. Бұл өңірде Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігі өмір сүреді. Соған қарамастан, өңірде жүргізуші куәліктерінің 16 категориясының жетеуі бойынша автодром жоқ. Жүргізушілерді даярлау теория және практикадан құралған. Жүргізуші куәлігін алуға келген адам әкімшілік полицияда емтихан тапсырады. Жолдағы қауіпсіздікке нұқсан келтіреді деп адамдарды біржақты айыптай берумен келіспеймін. Шымкентте, Түркістан облысында жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін қалай дайындайтынын барып көруіңізге болады. Біз шынында да еш дайындықсыз, практикадан өтусіз оларға куәлік бере береміз", – деді Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы.

Сондықтан оның байламынша, жолдар қауіпсіз болуы үшін мемлекет, Әкімшілік полиция комитеті автомектептерде жүргізушілерді даярлауды бақылауды күшейтуі керек. Сондай-ақ лайықты жүргізушілерге ғана куәлік берілуі үшін әрбір өңірде автодромдарды жан-жақты, әрі толыққанды жабдықтауы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу