Енді АҚШ-тың қытайлық тауарларға 104%-дық баж салығын енгізгенін Fox Business басылымы хабарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Басылым Қытай билігінің АҚШ тауарларына салынатын 34%-дық тарифін алып тастамағандықтан осындай жайт тіркелгенін мысалға келтіреді.
– Ақ үйдің баспасөз хатшысы мәлімдегендей, 104%-дық қосымша тарифтер шығыс уақыт бойынша түскі 12-де күшіне енді (Астана уақытымен 21:00), себебі Қытай жауаптық шараларын алып тастаған жоқ, – делінген ақпаратта.
Жаңа баж салығы басқа елдерге енгізілген жаңа тарифтермен бірге 9 сәуірден бастап алынады.
Трамп бұл тарифтерді Қытаймен сауда теңгерімін қалпына келтіру және америкалық өндірісті қолдау мақсатында енгізгенін айтқан. Десе де, бұл шешім жаһандық нарықтарға қатты әсер етіп, АҚШ-тағы тұтынушылар мен кәсіпорындарға да зиянын тигізуі мүмкін.
Өз кезегінде Қытай бұл әрекетті "шантаж" деп атап, соңына дейін күресуге уәде берген.