Сенатор Жанна Асанова SIM-карталарды тіркеу кезінде биометриялық және анкеталық тексеру енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтық фактілерінің көбеюіне алаңдаушылық білдірді.
Жанна Асанова келтірген статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылы 18 мыңнан астам интернеттегі алаяқтық оқиғасы тіркелген. Қылмыскерлер абоненттік құрылғыларды тіркеу жүйесіндегі олқылықтарды пайдаланып, заңсыз әрекеттер жасауда. Бұл олардың анықталуы мен жауапқа тартылуын қиындатады.
Сөзіне, алаяқтардың негізгі құралдарының бірі – SIM-бокстар. Бұл құрылғылар бір мезетте жүздеген SIM-картаны пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қылмыскерлер өзін жасырып, телефон нөмірлерін өзгертеді және құқық қорғау органдарының бақылауынан тыс заңсыз әрекеттерді жүзеге асыра алады.
Сенатор осы мәселені шешу үшін абоненттік құрылғыларды тіркеу процесін қатаңдатуды ұсынды. Атап айтқанда, SIM-карталарды тіркеу кезінде биометриялық және анкеталық тексеру енгізу қажет. Сонымен қатар, SIP-телефонияны лицензияланатын қызмет түрлерінің тізіміне қосу, SIM-бокс құрылғыларын елге әкелуге бақылау орнату және оларды лицензиясыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік белгілеу ұсынылды.
"Бүгінде заңнамада SIP-телефониямен кез келген адам айналыса алады, ал SIM-бокс құрылғылары ешқандай шектеусіз елге әкелінуде. Бұл азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді. Депутаттардың өңірлерге жұмыс сапары барысында бұл мәселе Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп жан-жақты талқыланды. Кездесу барысында алаяқтардың SIP-телефония мен SIM-бокстарды заңсыз әрі анонимді әрекет жасау және жауапкершіліктен жалтаруға кеңінен пайдаланатыны анықталды. Сондықтан SIP-телефонияны лицензияланатын қызметтер қатарына енгізіп, оны бақылауға алу қажет. Сонымен қатар, SIM-бокс құрылғыларын елімізге әкелуді заңнамалық тұрғыдан реттеу арқылы олардың қылмыстық схемаларда қолданылуына жол бермеу керек. SIP-телефония мен SIM-бокстарды лицензиясыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізу – алаяқтық әрекеттердің жолын кесудің маңызды тетігі болады", – деді ол депутаттық сауалында.