Қытайдың Аньхой провинциясындағы Фуян қаласында алғаш рет алкогольге тәуелділікті емдеу мақсатында "сергектік чипі" орнату операциясы жасалды.
Фуянның Үшінші халық ауруханасының мәліметінше, аталмыш чип – бұл электронды құрылғы емес, дәрілік препараттармен толтырылған капсулалар.
Олар аз инвазивті әдіс арқылы науқастың денесіне енгізіледі. Мамандардың айтуынша, капсулалар адамның алкогольге деген тәбетін психологиялық деңгейде басып, тәуелділіктің өршуін тежейді.
Алғашқы ота 2024 жылғы 9 сәуірде жүргізілген. Ем қабылдаған – 20 жылдан бері алкогольге тәуелді болып келген 40 жастағы ер адам. Аурухана өкілдері мұндай әдіс бұған дейін Қытайдың өзге қалаларында қолданысқа енгенін, енді Фуянда да ресми түрде енгізіліп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі алкогольді шектен тыс тұтыну қылмыс деңгейінің артуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екенін мәлімдеген болатын.