2025 жылдың алғашқы үш айында Қызылорда облысында психикалық ауытқуы бар азаматтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8 пайызға артқан. Диспансерлік есепке алынғандардың 56,9 пайызы — ер адамдар, 43,1 пайызы — әйелдер, ал 13,8 пайызы — балалар екені көрсетілген.
Ауру түрлері бойынша көбіне органикалық психикалық бұзылыстар, ақыл-естің дамуының тежелуі және кемістіктер тіркелуде.
Мамандардың айтуынша, психикалық ауытқулардың негізгі себептері — депрессия, мазасыздық, биполярлық бұзылыс және есірткі тұтыну. Бұл жағдайлар суицидтік ойлардың пайда болуына да әкелуі мүмкін.
— Біз балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің себептерін зерттедік. Нәтижесінде, 30 пайызы — физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың салдары, 29,2 пайызы — ата-ананың түсініспеушілігі мен қолдауының жоқтығы, ал 28,3 пайызы — достар тарапынан немқұрайлық екенін көрсетті. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 27,3 пайызы интернет пен компьютерге тәуелділікті негізгі мәселе ретінде атады, — деді орталық директоры Кенжеалы Тілеулиев.
Ал ақыл-есі бұзылған науқастардың тек 2,6 пайызы ғана толық сауығып, диспансерлік бақылаудан шығарылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 12 ақпандағы дерегіне сүйенсек, бүгінде елімізде мінез-құлқында психикалық ауытқуы бар, бірақ психоактивті заттарды қолданбайтын 204 408 адам динамикалық бақылауда тұр.