Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №286 орта мектептің 6-сынып оқушысы Нұрсері Айтжан адам өмірі үшін қауіпсіз лифт жобасын ойлап тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы әрбір төртінші лифт қауіпті. Басым бөлігі жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Жалпы лифттің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.
"Қазіргі лифт тростары өте әлсіз, үзіліп кетсе, адамды аман алып қалу мүмкін емес. Сондықтан оған автокөліктегі сияқты қауіпсіздік жастығын орнатуды жөн көрдім. Қандай да бір ақау шыққан жағдайда жастық ашылып, адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі", - деді Нұрсері Айтжан.
Оқушы көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Өркен Ақбаев, Құдабай Тастанбеков, Ерлан Райымбек және робототехника мұғалімі Айдос Арасаттың көмегімен су диірмені, суүсті көпірі сияқты өзге де ерекше жобалар жасап шығарды.