NASA зерттеуі Марста аса күрделі молекулалардың бар екенін көрсетті

АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасының (NASA) мамандары ерекше жаңалыққа кез болды. 

NASA зерттеуі Марста аса күрделі молекулалардың бар екенін көрсетті Фото: Мир24

Олар "Curiosity" марсоходы тапқан тау жынысының үлгісін талдау барысында аса ірі органикалық қосылыстарды анықтаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Lianhe Zaobao басылымының мәліметінше, бұл жаңалық Қызыл ғаламшарда тіршілікке қатысты ақпарат беретін химиялық заттардың бұған дейінгі пайымынан әлдеқайда күрделі болуы ықтимал.

Бұл зерттеу жұмысы "Proceedings of the National Academy of Sciences" журналына шықты. NASA мамандарының мәлімдеуінше, талданған тау жынысы 2013 жылдың мамыр айында "Curiosity" марсоходы Марстың Гейл кратеріндегі "Камберленд" жартасын бұрғылау кезінде алынған.

Ғалымдар Марстан алынған үлгілерді марсоход бортындағы талдау құрылғысы арқылы жан-жақты зерттеп отыр. Соның нәтижесінде үлгінің құрамынан декаан, ундекаан және додекан молекулалары анықталды. Бұл қосылыстар 10, 11 және 12 көміртек атомынан құралады және тау жынысында сақталып қалған май қышқылдарының жұрнағы болуы мүмкін. Ал май қышқылдары – Жердегі тіршіліктің негізгі химиялық құрамдас бөлігі, бірақ олар әртүрлі биологиялық емес геохимиялық процесттің нәтижесінде де пайда болуы мүмкін.

Аталған зерттеу Марста айтарлықтай күрделі органикалық молекулалардың бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, Қызыл ғаламшардағы органикалық молекулалардың тіршіліктің пайда болуына қажетті күрделілікке бір табан жақындай түскенін айқындап отыр. Сол арқылы марстық органикалық химияның дамуына жаңа бағыт сілтеуі де ықтимал.

NASA-ның мәліметінше, "Curiosity" марсоходы бұған дейін Марста ұсақ әрі қарапайым органикалық молекулаларды анықтаған. Ал бұл жолғы аса ірі органикалық қосылыстардың табылуы ғалымдардың марстық органикалық химия туралы түсінігінің аясын кеңейтеді. Әрі болашақта Марстан алынған үлгілерді Жерге жеткізіп, озық зертханалық құралдармен тереңірек талдау жасауға жаңа мүмкіндіктер ашады деп болжанған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу