Жайыққа батып кеткен дзюдошы 4 күннен бері табылмай жатыр

155

Қайғылы оқиға 3 мамыр күні Атырау облысының Еркінқала шағынауданы маңында болған.  

Жайыққа батып кеткен дзюдошы 4 күннен бері табылмай жатыр Фото: бейнеден скриншот

Досымен бірге моторлы қайықпен өзенді жағалап келе жатқан 17 жастағы Әлішер Көжек бұрылыста қайықтан оқыстан құлап, сол күйі су бетіне шықпаған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Жанындағы жігіт ұстап қалуға тырысқанымен, өкінішке қарай, құтқара алмаған. Ағыс қатты болып, таппай қалған.

ТЖД-ға Жайық өзеніне ер адамның суға батып кеткені туралы қоңырау 3 мамыр күні сағат 17:25-те түскен.  Шақырту түскен сәттен бастап, Атырау облысы ТЖД құтқарушылары оқиға орнына жедел жеткенімен, әлі күнге дейін іздеу-құтқару жұмыстары нәтиже бермей жатыр.

ТЖД мәліметінше, күн сайын 12 құтқарушыдан кем емес, 4 бірлік жүзу құралы, 3 бірлік техника және ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмылдырылған.

"Сонымен қатар, ПД қызметкерлері және кемесі тартылды. Іздестіру жұмыстары су астына сүңгу, акваторияға көзбен шолу және өзен түбін тралдау арқылы жүргізіліп жатыр (бүгінгі күнге дейін шамамен 2 шақырым аумақта жұмыстар жүргізілді). Ағыстың қатты болуы, су астында көріну деңгейінің өте төмен болуы және су астындағы бөгде заттардың кездесуі іздестіру жұмыстары кезінде қиындық туғызып жатыр. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген мәліметте.

Жайыққа құлап жоғалған Әлішер Көжек дзюдодан спорт шеберіне үміткер екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу