Соның бірі – жұмыссыздық. Кедей елдерден, Қазақстан тәрізді орта державалардан алып мемлекеттерге жұмыс іздеп, сабылып барғандар кері қайтатын іспетті. Саясаты мен көзқарасы даудан арылмай тұрған Дональд Трамп әкімшілігі бұған дейін келімсектерден мигрант мәртебесін алып тастауға бейіл екенін мәлімдеді. Нәтижесінде, АҚШ-та жұмыспен жүрген жарты млн адам қуылады. Арасында қазақстандықтар да болатыны даусыз.
Жаһанға әсер еткен бір шешім
Жарты млн адамның қуылуы әзірге болжам күйінде, әйтпесе бұл сан артуы мүмкін. Кейінгі үш жылдан бері Куба, Гаити, Никарагуа мен Венесуэла секілді елдердің азаматтарына Америкада уақытша тұрып, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін бағдарлама жұмыс істеп келген. Бірақ Ақ үй басшылығы оны жауып тастады. Еңді еңбек мигранттары 24 сәуірге дейін өз елдеріне қайту керек.
Бұл АҚШ пен қатар аталған елдердегі еңбек саясатына айтарлықтай әсер етеді. Мұхиттың арғы жағында жұмыс күшінің жетіспеушілігін тудырады. Бұл – бір. Екіншіден, еліне оралған мигранттар сол елдегі жұмыссыздар қатарын еселейді. Яғни, бір ғана шешім дүниежүзілік еңбек нарығына әсер етпек.
Бір қызығы, АҚШ-та қанша қазақстандық жұмыс істеп жүргені жөнінде нақты статистика жоқ. Құзырлы органдар да есебін біле алмай әлек. Ашық дереккөздерде 2010-2012 жылдары 23 мыңнан астам қазақстандық болғаны айтылады. Бірақ бәрінің ұлты қазақ емес, оның үстіне қаншасы жұмыс бабымен барғаны беймәлім.
Ал 2020 жылы АҚШ-та 32 мыңнан астам қазақ ұлтының өкілі тұратыны сөз болды. Бірақ сол кезде де қанша бөлігі жұмыс бабымен жүргені нақтыланбады. Тек "АҚШ-та он мыңдаған қазақ жұмыс істейді" деуге негіз бар.
Өзімізде жұмыссыз көп, бірақ мигрант тартамыз
Алпауыттарды айтпағанда, Қазақстанда да еңбек мигранттары көп. Шекарадан өткен шетелдіктердің көбі жұмыс іздеп келген. Олардың арасында құрылыстағы қара жұмысқа жегілгендермен қатар басшылық қызметте жүргендері де бар. Дегенмен жарты млн-ға жуық қазақстандық екі қолға бір күрек таппай жүр екен. Кадр тапшылығы тақырыбы тағы бар.
Екі қолға бір күрек таппаған 140 мың отандасымыз өзге елдерде еңбек етуге мәжбүр. Сөйте тұра бізде еңбек мигранттарына сұраныс артқан. Шетелдіктердің дені шығыстағы көршілеріміз – қытайлықтар, 5 мыңға жуығы Қазақстаннан нәпақасын тауып жүр. Сондай-ақ Үндістан, Түркия, Өзбекстан азаматтары да көп.
Нақты сандарға үңіліп, жіктеп қарайтын болсақ, Қытайдың 4 945 азаматы, Үндістан – 1 169, Түркия – 1 165, Өзбекстанның 1 056 жұмысшысы бар. Осылайша, бас-аяғы 13 мыңнан астам еңбек мигранты жүргені көрсетілген. Оның 3 мыңы басшылық қызметтерде жұмыс істейді. Маусымдық қол күшіне тартылғандар мен түрлі салаларда тер төгіп жүргендер бар. Бұдан бөлек жеке шаруашылықтарда еңбек ететін шетелдіктер де көп. Оларға жыл сайын 300 мыңға жуық квота беріледі.
Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Райғаниев бұған дейін шетелдік мигранттардың саны шындығында ресми статистикадан асып кетуі мүмкін екенін айтқан.
– Былтыр 294 мың бірлік квота бекітілген. Үй шаруашылығына, яғни, тек қана жеке тұлғалар өзінің үйіне болмаса пәтерлерін жөндеуден өткізу үшін тартылатын еңбек мигранттары бар. Негізі бір үйге 5 шетелдік жұмысшыдан артық тартылмауға тиіс. Осындай жұмыс берушілер арқылы былтыр 260 мың шетелдік азамат жұмысқа тартылған. Ресми статистика осылай дейді. Дегенмен келімсектер бұл көрсеткіштен көп болуы мүмкін. Әңгіме шекараны заңсыз кесіп өтетіндер жайлы. Былтыр көші-қон заңнамасын бұзған 14 мыңнан астам шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мың жарымы Қазақстан аумағынан шығарылды. Мұндай жағдай биыл да бар. Сондай-ақ еңбек мигранттарын заңсыз жұмысқа алған қазақстандықтар жетерлік, – депті сарапшы.
Елімізде жұмысқа жарамды 10 млн-ға жуық адам бар десек, соның 9 миллионы жұмыспен қамтылған екен. Қалған қараша екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. 140 мың азамат шекара асып кеткенін айттық. Бір жағынан кадр тапшылығы мәселесі тағы жол тосуда. Бұған қатысты болжам көп, "алдағы уақытта миллиондаған маман жетіспейді" деген ақпараттарды жиі көз шалады.
Жұмыссыздық жайынан екінші мәселенің де шеті шығып жатқанын аңғару қиын емес. 2024 жылы 12 мың қазақстандық шетелге көшіп кетті. Яғни, әр ай сайын мың отандасамыз өзге жұрттық атануда. Алдыңғы 2023 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Дені Ресей, Германия, Польшаға кеткен. Әрине, арасында ұлты басқалардың үлесі басым, тарихи жеріне көшуде. Дегенмен арагідік білікті мамандар да қосыла кеткеніне дау жоқ.