Жолаушылар үшін бағаның қалай әсер етіп жатқанын айтпаған күннің өзінде, екінші тарап – жүргізушілерге де "Яндекс.Такси" компаниясының баға саясаты ұнап жатқан жоқ. Мәселе неден туындады?
Басқа елде арзан, бізде қымбат
Қазір компания қазақстандық жүргізушілерден комиссия ретінде жол ақысының 20 пайызын алады. Мысалы, жолаушы такси шақырып, көздеген жеріне жеткен соң жүргізушіге 2000 теңге төледі делік. Алайда жүргізуші ол соманы толық алмайды, 1600 теңгесін иемденеді. Себебі жолақының 16 пайызын – "Яндекс.Такси" компаниясы, қалған 4 пайызын таксопарк ұстайды.
Бірақ жүргізушінің бұдан басқа да шығындары бар, бірақ компанияның бұнымен шаруасы жоқ. Әйтпесе көлік иесі уақытын айтпағанда, бензинге, тамағына, көлігі бұзыла қалса СТО-ға тағы қаржы жұмсайды.
Мейлі, аздаған табысқа ие болар, әйткенмен мәселе мынада: "Яндекс.Такси-дің" көрші Өзбекстандағы комиссиясы 13 пайыз. Бізге қарағанда кем не артық ел деуге келмейді, іргелес жатқан екі ел, бірақ компания екі түрлі баға саясатын ұстанып отыр.
Компания монополистік көзқарасын ашық жеткізіп отырғандай. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің дерегінше, Астана мен Алматыдағы такси нарығының 90 пайызы "Яндекс" қолында. Компания жыл сайын үлесін арттырып келеді. Оған тең келетін альтернатива жоқ – нарықта бәсекелестер аз, тіпті жоқтың қасы. Сондықтан комиссия шарттарын "Яндекс" өзі белгілейді, тариф өсіреді, жүргізушілердің қалтасын қағады. Кей қалаларда жергілікті такси қосымшалары бар, қазақстандық "Апару" қосымшасы да шыққан еді. Алайда ешбірі алпауыттың қарқынына төзе алар емес.
"Яндекс" қосымшасында баға жиі құбылатынын көпшілік жақсы біледі. Кептеліс уақытында, ауа-райы құбылса болды – құн шарықтайды. Ал "Яндекс.Таксидің" бұның себебін сұраныс артып, жолаушылардың көбеюімен, такси жетіспеушілігімен түсіндіреді. Бәрі автоматты түрде реттеледі-мыс. Сондықтан компания артық пайда таппайтынын жариялапты.
Әзірге Бәсекелестікті қорғау агенттігі компанияға комиссияны төмендету бойынша ұсыныс жеткізген. Бірақ қатаң шара болмаса компания ұсынысты қабылдауы қиын секілді. Өйткені "бәрі әділ, монополия жоқ" деген көзқарастарынан таймай келеді.
Баға үздіксіз өсуде
Бұған дейін сарапшылар 10 жыл аралықта Қазақстанда такси бағасы орта есеппен 5 есеге өскенін мәлім еткен. Energyprom есебінше, Қазақстан такси қызметінің бағасы бойынша ТМД-да Әзербайжаннан кейінгі екінші орында. Өйткені бәсекелестік жоқ, ол жоқ жерде баға жоғары. Елдегі ең танымал жалғыз компания сол ғана, басқа таңдау аз. Сондықтан ол жолаушылармен қоса жүргізушілердің де қалтасын қағуда.
Әр жүргізушінің күндік табысының 20 пайыздан астамын "Яндекс" пен таксопарктер алса, оларды жарытарлық күн көреді деп айта алмаймыз. Зейнетақы, медсақтандыру төленбейді, ешқандай әлеуметтік төлем жасалмайды. Такси жүргізушілері елдегі орташа айлық көлемінде ақша табуы мүмкін, алайда күніне кемі 10-12 сағаттап жұмыс істеуге мәжбүр.
2022 жылы "Яндекс.Такси" қызметінде 150 мыңнан астам қазақстандық тіркелгені анықталған. Қазір бұл санның біршама артқаны анық. Компанияға таксопарк иелері де ренжулі. Кей таксопарктердің "Яндекс" қосымшасына тіркеліп, агрегаторлар ретінде жұмыс істейтінін білеміз.
Олардың қол астында жүргізушілер болады. Таксопарк иелері ең басты мәселенің бірі – жүргізушілердің қауіпсіздігі екенін айтып отыр. Табыстан үлес алып отырғанына қарамастан "Яндекс" жауапкершіліктің барлығын соңғы орынға ысырған. Бұны бізге "Автомода" таксопаркін басқарған Гүлбаршын Думан айтып берген еді.
– Біріншіден, бағаны "Яндекстің" басшылығы белгілейді. Ал таксопарктерде бұл мүмкіндік жоқ. Баға әсіресе жауынды күндері, кептеліс кезінде көтеріледі. Екіншіден, қазір жүргізушілер табыстың 20-25 пайызын түгелдей "Яндекс" алады деп ойлайды. Негізі компания 15-18 пайыз аралығында, қалған 3-5 пайызын ғана таксопарк иеленеді. Үшіншіден, ең басты айтқымыз келгені – "Яндекс" жүргізушілер арқылы табыс таба тұра, мойнына жауапкершілік алмайтыны. Кесірі таксопарктерге тиеді. Мысалы, бұған дейін адам тасымалдап жүрген жүргізушіні өлтіріп кеткен жағдай кездесті. Енді бір жүргізушімізді әскери қызметші жеке автокөлігімен соқты. Бірақ әскери қызметші эпилепсиямен ауырады делініп, жауапкершіліктен босап кетті. Ал жәбірленуші тарапқа 6 мың теңге ғана төленді. Оның бәрінде алпауыт компания тыс қалды, яғни, "Яндекс" жүргізушілердің мүддесін қорғамайды, – дейді ол.
Мұндай проблемаларда таксопарк "Яндекс" компаниясының өкілдерімен тікелей сөйлесе алмайды. Тек робот жауап қатып, әр нәрсені сұрағандай болады. Жүргізушінің көлігі бұзылып, жолда қалғанда да эвакуатор шақыруға "Яндекс" жауапты емес.
Комиссия жоғары болуының астарлы себебі бар
Бұған дейін Urban Forum зерттеу жасап, Қазақстандағы таксистердің 83 пайызы үшін бұл жұмыс негізгі табыс көзі емесін мәлімдеді. Зерттеу көрсеткендей, агрегаторлармен жұмыс істейтін жүргізушілер дәстүрлі такси жүргізушілеріне қарағанда сағатына көбірек ақша табады.
Жанармай шығындары, агрегатор мен такси паркінің төлемдері, автокөлік жалдау және амортизация сияқты барлық шығындарды ескерсек, сапардан түскен таза кіріс 51 пайызды құрайды. Тіпті, зерттеуде қазақстандық таксистер шығындарын алып тастағанда орташа жалақыдан асырып табыс табатыны жазылды.
Жүргізушілердің табысы жақсы дегенмен, олардың әлеуметтік сақтандыруына, зейнетақы қорына мүлде ақша аударылмайды. Былтырдан бастап таксистер салық төлеушілер тізіміне қосылды. Дегенмен түрлі көлеңкелі жолдар арқылы одан сытылып жүргендер баршылық.
Негізі 2022 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерекше жоба даярлауға көшкен еді. Такси қызметіндегі жүргізушілерді салық төлеуге міндеттемей-ақ, "Яндекс.Такси", "Индрайвер" секілді алпауыт такси компанияларымен келіссөз жүргізуді көздеген.
Жоспар бойынша, компаниялар комиссиядан түскен ақшаның 4 пайызын жүргізушілердің әлеуметтік төлемдеріне аударып отыруы керек еді. Үкімет те, жүргізушілер де ұтылмайтын жол болатын. Алайда бұл бастаманың соңы бұлыңғырланып кеткендей.
Әйтсе де былтыр аталған ұсынысқа өзгерістер енгізіліп, пилоттық жоба түрінде сынала бастады. Мемлекеттік кірістер комитеті "Яндекс.Таксимен" бірлесіп, Астана мен Алматы қаласында такси жүргізушілері үшін платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Жүргізушілердің келісімімен салық пен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу мен аударуды "Яндекс" жүргізбек.
Бұл ретте әлеуметтік төлемдер такси жүргізушісінің алған табысының сомасына қарай айқындалады. Шамасы, Өзбекстанға қарағанда Қазақстандағы жүргізушілерден комиссия көп алынуы – осы пилоттық жоба әсерінен болуы мүмкін. Яғни, компания әлеуметтік төлемдерді комиссияны өсіру арқылы өтегісі келгендей.
Дегенмен кейбір жүргізушілер үшін такси қызметі негізгі табыс көзі болса, енді біреулер тек бос уақытында ғана жұмыс істейді. Өз кезегінде екінші санаттағылар азғантай табысы үшін салық төлегісі келмейтіні белгілі. Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтар негізгі жұмыстан кейін қосымша жұмысынан бастап өз кірістерін декларацияда көрсетуі керек екенін міндеттеген. Яғни, жүргізушілер бұрынғыдай ешкімге табысынан үлес бермей, тыныш адам тасымалдай алмайды.