Елдегі ең қажетті өнімнің бағасы енді ешқашан төмендемейтін сияқты

Қазақстандағы ірі қара малдың да, уақ мал саны да салыстырмалы түрде айтарлықтай көп емес.

Елдегі ең қажетті өнімнің бағасы енді ешқашан төмендемейтін сияқты Фото: © Sputnik Томас Тхайцук

Оған Ұлттық статистика бюросы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ресми сайтындағы мәліметтер мысал бола алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін кезеңдеміз"

Шыны керек, елдегі төрт түліктің қай түрінің болмасын бағасы күн санап, кейде ай санап қарыстап емес, қарыштап қымбаттап келеді. Оған бірнеше себеп бар. Тіпті, себептің сан түрін қарастырғанда қайсысы дұрыс екенін тамыршыдай тап басу мүмкін емес болуы мүмкін.

Негізінен, ет бағасының қымбаттауына бірнеше фактор әсер етеді. Оның біріншісі – жем-шөп бағасының еселеп артуы. Әрі шаруаларға мемлекеттік деңгейде жеткілікті көңіл бөлінбей жатқаны.

Басқа аймақтарды айтпағанда, Қызылорда облысының экспорттық әлеуеті шектеулі екені жасырын емес. Аймақта ірі ет комбинаттары жоқ, бордақылау алаңдары да жетіспейді. Бұл өз кезегінде фермерлердің ет өнімдерін ішкі нарықта қолжетімді бағада өткізуіне мүмкіндік бермейді.

Сол себепті, өңірдегі малмен күн көріп отырған шаруалар малбазарға жүгінеді, бірақ ол жақтағы баға да көңіл көншітпейді. Мал шаруашылығында еңбек етіп жүргендер базардағы алыпсатарлардың дегеніне амалсыздан көнетінін, шарасыздан етті арзанға өткізуге мәжбүр болатынын айтады.

Қызылордалық тұрғын Тұрар Бекмырзаев жылқы етін тұрақты түрде алуды әдетке айналдырған. Ол осы жылдың ақпан айында бір келі етті 2 400 теңгеге саудалағанын, наурызда – 2 600, ал сәуір басталысымен 2700-2800 теңгеге алғанын айтады. "Ай сайын осылай қосыла берсе, етті шынымен түсімізде көретін шығармыз" деген алаңдаушылығын білдірді ол.

– Еттің бағасы ел-жұрттың қалтасына айтарлықтай салмақ салып тұр. Мұның себебі малдың жем-шөбінің қымбаттауы болса керек. Ауылдық елді мекендердің өзінде ет өнімі айтарлықтай өскен. Мәселен, біз – көпбалалы отбасымыз. Сондықтан, ет бағасының шамадан тыс шырықтауы ақылға қонымсыз, қалтаға ауырлық тудырады. Жасыратыны жоқ, қазір ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін кезеңдеміз. Жауаптылар баға тұрақтылығын бақылауда ұстағанымен етке келгенде тісі батпай отырған сыңайлы. Кімнің болмасын, кәсібінен нәсіп тергісі келетіні айтпаса да түсінікті ғой. Оның үстіне төрт түлікті сырттан алдырып, бордақылайтындар баршылық. Еттің бағасы көптің көңіліне де, қалтасына да қолайсыз болып тұр. Бұл – бүгінгі базар бағасының боямасыз келбеті, – дейді ол.

Әрине, етті тері үстінен (жілікке алу – ред.) алса, арзанға шығады. Дей тұрғанымен, мал базардағы төрт түліктің де, базардағы ет бағасының ырыққа көнетін күні жақын емес сынды.

Қазақстандағы субсидия – байларға арналған көмек

Мал бордақылап, оны нәпақа қылып отырғандардың мұң-мұқтажын шаруа адамы Ердәулет Тұрсынбек бізге былайша әңгімелеп берді. Ол ет бағасының өсуін "қалыпты жағдай" деп есептейді.

– Дана халық "Малым – арымның, арым – жанымның садағасы" дейді. Төрт түлікті кәсіп етіп, сонымен күн көрген ел қазіргі жағдайда халықтың шетелде жылдап сақталып, тәуірі өзінде қалып, осалы бізге келген тауықтың сан етінен басқаны алуға шамасы келмей тұрған сыңайлы. Бұған дейін дүкеннен "Каспий редке" азық-түлік алған отандастарымыз енді не істейді?! Біз еттің бағасын біразға дейін арзан қалпында ұстап тұрдық. Бірақ алдымен базардағы шаруа малдың бағасы өсті. "Шаруа мал" деп отырғанымыз – базардағы арық мал. Біз оны сатып алып, жемдеп, ет бағытына дайындаймыз. Ол союға жараймын дегенше 3-4 ай уақыт керек. Ол уақыттағы үш мезгіл жемі мен шөбін есептеп көру қажет. Мал бағасынан кейін ол да қымбаттады. Содан соң кәсіп иесі де осы қымбатшылық жайлаған елдің тұрғыны екенін, ол да қарапайым халықтың бірі екенін ұмытпау керек. Оның да қойып отырған бағасы айналадағы қажеттіліктердің бағасымен реттелетіні тағы бар. Міне, осының бәрін ескере келе, қазір жілікке кәсіп иесінен делдалсыз алған жылқы еті – 2400, сиыр еті 2 600 теңгеге жетті. Бағаға келгенде әрқилылық болуы мүмкін, – дейді ол.

Оқырман шатаспауы үшін нақтылай кетуге тиіспіз. Бұл – Қызылорда қаласындағы әрі етті жілікке берудегі ғана баға. Әйтпесе, базардағы баға әрқилы. Бұдан да қымбат.

Сала маманы қазіргі уақытта жем-шөп бағасының едәуір қымбаттағанын алға тартады. Бұлай жалғаса берсе, алдағы уақытта ет бағасы мүлде артып, мәселенің мүлдем ушыға түсуі ықтимал екенін жасырмайды.

– Өмірдегі барлық нәрсе тізбекпен жүреді. Осыдан 5 жыл бұрын күріш жемінің бір бақырашы мен бірнеше бақыраш бидай және отруб (талқан жемді айтады) беретінбіз. Қазір қаланың сыртында керексіз жататын күріштің қауызын да жемнің құрамына қосып, тартып жібереді. Ол ұнталғанымен, жемнің сапасын арттырмайды. Тек күріш өндірушілердің пайдасына аз-кем үлесін қосады. Енді біз бұрынғы бір бақыраш күріш жемінің орнына бір жарым бақыраш саламыз. Мұның бәрі шаруаның қалтасын қағуға бағытталған. Кебір кісілер "олар мемлекеттен субсидия алады, сөйте тұра бағаға ойына келген санды қояды" деуі мүмкін. Бірақ мынаны түсініп алу керек. Қораңыздағы 10-15 малыңызға мемлекеттен субсидия ала алмайсыз. Қазақстандағы субсидия – байларға арналған көмек. Қуаңшылыққа байланысты елде малшыларға көмек берілгенде де мұқтаждар тізімінде бірен-саран малы барлар емес, үйірлеп малы барлар болды. Азын-аулақ малы бар кісілердің төрт түлігі "ауыз бекітті", жағдайы жақсылардың ғана малы қуаңшылыққа көмек алды, – дейді ол.

"Елдің кейбір мал базарларынан шетелдің шекарасына дейін ірі қара еті жасырын "экспортталып" жатыр" деген әңгіме тарағалы қашан?! Әрине, ресми ақпарат оны мойындамайды. Десе де, ел тұрғындары ет бағасын енді ешкімнің тоқтатуға шамасы келмейтіні ашық айтып отыр. Себебі, бағаны нарықтың өзі есептейтін көрінеді. Әліптің артын бағып көрелік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу