Мұны Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Былтыр Астананың әкімшілік соты инвестиция істердің тек 17 пайызында ғана инвестордың талабын қанағаттандырмайтын шешім шығарды. Ақшаға шақсақ, елорданың әкімшілік соты ғана 100 млрд теңге көлемінде инвесторлардың құқығын қорғап қалды. Соттар істерді қараған кезде кейбір шенеуніктің үстінен де шара қолданып, тәртіптік жаза тағайындады. Бизнеске, инвесторларға да парасаттылық танытып, заңды сақтау қажет. Соттар инвесторлардың экологиялық келісімшарт, келісім міндеттемелері бойынша заң бұзғанын тіркеп отыр, – деді Жоғарғы сот төрағасы инвестициялық форумда.
Оның сөзінше, 2021-2023 жылдары Астананың әкімшілік сотына инвесторлардан 288 шағым келіп түскен. Ал 2024 жылы 152 іс қаралған. Асламбек Мерғалиев бұл көрсеткіш оның алдындағы 2,5 жылдағы көрсеткіштің жартысынан көп екенін жеткізіп отыр.
Астанада Жоғарғы соттың ұйымдастыруымен инвестициялық форум өтуде. Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Мачей Мадалински қатысуда.