Таяуда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бұл бастаманы орындау мерзімі әрі жылжытылғанын хабарлады. Өйткені бұрын отырғызылған көшеттердің жерсінбей, қурап қалу деректері тіркелген.
"Бұдан бұрын, 2021-2023 жылдары республика бойынша 839,5 миллион ағаш – сексеуіл, қарағай, қарағаш, тал, жөке, алма, шырша және басқасы отырғызылды, дәні себілді. 2024 жылғы көктемде жалпы саны 131,3 миллион ағаш отырғызылды. Ағаш отырғызу жұмыстарының сапасына қатысты туындаған қауіптерді ескеріп, ағаш отырғызу әдістемелері қайта қаралды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тапсырманың орындалу мерзімін 2027 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады", – деп мәлімдеді комитет.
Бұл бастама Үкіметтің отырысында жеке қаралған болатын. Олжас Бектенов "Президенттің 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін іске асыру үшін көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру, өртке қарсы жұмысты күшейту және көшеттерді санап, тіркеу фактілеріндегі көзбояушылықтың жолын кесу қажеттігін" қадап айтты.
Үкімет басшысының мәліметінше, елімізде 2021 жылдан бері қарай шамамен 970 млн көшет отырғызылған. Бұл ретте 5 жыл ішінде республиканың орманды алқаптары 267 мың гектарға ұлғайды.
Оның айтуынша, Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін тағы 1 миллиардтан астам көшет отырғызып, өсіру қажет. Бұл міндетті іске асыру толығымен әкімдіктердің сапалы жұмысына және министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты болмақ.
Кешенді ғылыми тәсілді қолдана отырып, ағаш отырғызу әдістерін жетілдіру тапсырылды. Бұған қоса, 2024 жылы еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 2 305 өртке қарсы техника сатып алуға 52 миллиард теңге бөлінді.
Осы орайда Қырғызстан 7 миллиард ағаш екпек. Бұл қырғыз елінің басты су қайнарының бірі – мұздықтардың тез еруін тоқтату үшін қажет.
Бұл туралы Қырғыз Республикасы Президентінің іс басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Райымбеков жариялады.
Оның айтуынша, мұздықтар ғалымдар болжағаннан да жылдам еріп жатыр.
"Қырғызстанның мұздықтары күтілгеннен тез жойылып барады. Бұған тосқауыл қоятын шешім бар: 7 миллиард түп ағаш отырғызуымыз керек. Қырғызстан – Азияның жүрегі. Мұнда өңірдегі мұздықтардың 40%-ы шоғырланған. Ғалымдардың жорамалдауынша, бұрын болжанған 3 ғасырдың орнына енді мұздықтар небәрі 35 жыл ішінде толығымен еріп кетуі мүмкін. Бұл елдің қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығына салмақты қатер төндіреді. Өйткені мұздықтар миллиондаған адамды, төрт түлікті және егін шаруашылығын сумен қамтып отыр", – деді Алмаз Райымбеков.
Оның дерегінше, Президент Садыр Жапаровтың бастамасымен, мемлекет жасылдандыру және экожүйені қорғауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене кіріскен.
Қырғызстанға су ресурстарын сақтауда халықаралық ұйымдар да көмекке келуде.
Ел басшылығының өкілі Қырғызстандағы мұздықтар еріп кетсе не болатынын айтты.
Біріншіден, Қырғызстанда (сондай-ақ Қазақстанда) ауыз судың өткір тапшылығы басталады. Қазірдің өзінде мол судың бастауында отырған Қырғыз Республикасының көптеген өңірлері судың жетіспеушілігі проблемасына тап болыпты. Райымбеков болашақта жағдай тек ушығатынын нықтады.
Екіншіден, аймақты қуаңшылық басады, егін атаулының шығымдылығы құлдырайды, қурап қалады. Диқандар бүгінде суармалы судың жетпейтініне шағымданып жүр. Мұздықтарсыз қырғыздың ауыл шаруашылығында "дағдарыс басталады".
Үшіншіден, Қырғызстан аумағы шөл далаға айналады. Сусыз және ормансыз топырақ құнарсызданады. Бұл басқа да қаптаған экологиялық проблемалар туындатады.
"Бұл тұйықтан шығарар жалғыз шешім – жаппай ағаш егу. Сарапшылар бізге Қырғызстанда 7 миллиард ағаш отырғызуды ұсынды. Бұл климатты салқындатуға, топырақтағы ылғалды сақтауға, мұздықтардың еру процесін баяулатуға мүмкіндік береді", – деді Президентінің іс басқармасы басшысының орынбасары Райымбеков.
Сарапшылар ағаштардың су мен мұздықтарды қалай құтқаратынын түсіндірді:
- Ағаш күнді қалың жапырақтарымен жауып, жердегі судың булануын азайтады және ылғалды топырақ ішінде ұстап қалады.
- Ағаштардың саясы мен тамырлары қоршаған ортаның температурасын төмендетеді, көп көлеңке түсіреді.
- Оның тамырлары топырақты көшуден, эрозиядан, құрғап қалудан қорғайды.
- Көмірқышқыл газын сіңіріп, жаһандық жылыну эффектісін кемітеді.
Қоғам өкілдері қырғыздың шағын бюджеті сонша көлемде ағаш отырғызуға жетпейтінін алға тартты. Бірақ Алмаз Райымбеков мемлекет, жауапты мамандар, халық, бизнес, отандық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар тегіс жұмылса, бұл асқаралы асуды алуға болатынын жеткізді.
"Ия, егер бәріміз біріге, үйлесімді және әбжіл қимылдасақ, еңсереміз. Мысалы, Қытай соңғы 40 жыл ішінде он еседей көп, 66 миллиард ағаш егіп шықты. Осының арқасында территориясының шөлденуін тоқтатты. Егер Қырғызстан осы жобаға қазір кірісіп кетпесе, 35 жылдан кейін кеш болады. Мұздықтар жоғалады, су қат нәрсеге айналады. Қырғызстан өз тарихындағы ең ірі экологиялық дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан біздің таңдауымыз бар: не әрекет етеміз, немесе апатқа дайындаламыз", – деді Алмаз Раимбеков.
Ол 7 миллиард ағаш егу бастамасына қатысты жоспарлар, егжей-тегжейі алдағы аптада жарияланатынын мәлім етті.
Осының алдында Самарқан қаласында өткен "Орталық Азия жаһандық климаттық қатерлер алдында: ортақ өркендеу үшін ынтымақтастық" халықаралық форумында Президент Садыр Жапаров та мұздықтардың қарқынды еріп жатқанын мәлімдеді.
"Біз мұздықтардың қарқынды түрде еріп жатқанын және мұз басу ауданының күрт қысқарғанын бақылап отырмыз. Бұл су көлемінің азаюына, құрғақшылыққа және шөлденуге соқтыра бастады. Жыл сайын нәубет ауқымы арта түсті. Соңғы 70 жыл ішінде Қырғызстандағы мұздықтар ауданы 16%-ға қысқарған. Ал, 2100 жылға қарай, ғасыр соңында біз мұздықтардың жартысынан астамынан айрылуымыз мүмкін", – деді Жапаров.
Сондықтан 7 миллиард түп ағаш егу мемлекеттік және өмірлік маңызды іс.