"Медеу" мұз айдынының орнында не пайда болатыны жарияланды

11339

Қазақстанның символы мен мақтанышына айналған нысанның құрылғанына биыл 53 жыл болады.

"Медеу" мұз айдынының орнында не пайда болатыны жарияланды Фото: canva.com

"Медеу" – тау басында орналасқан, әлемде теңдесі жоқ бірегей мұз айдыны. 1972 жылы ашылған ол бірден әлемдегі ең үздік мұз айдыны атанды.

Зерттеушілердің айтуынша, тым биікте орын тепкендіктен оған жердегі көлдердің техникалық суын жеткізу мүмкін болмаған және "Медеуге" мұздықтардың, тау өзендері мен бұлақтардың кәусар, мөлдір суы толтырылған.

Соның арқасында ол әлемдегі тұңғыш "ең тайғанақ" мұзайдын деп танылды (қазіргі кезде ондай эффектіге, тайғанақтық жөнінен ең жоғары сапаға қол жеткізу үшін арнайы технологиялар қолданылады). Осының арқасында "Медеуде" әп дегеннен бірнеше әлемдік рекорд орнатылды.

Ол іске қосыла салысымен, бірінші жылында-ақ әлемдегі әрбір үшінші рекорд – 375 рекордтың 249-ы дәл осы Медеуде тіркелген. Конькишілер "супертайғанақ" айдында әлдебір қанат біткендей, оқтай зулады.

"Таудың саф ауасы, сиретілген атмосфера, мұздықтың мұнтаздай таза суынан құйылған шыныдай мөлдір мұз – сол заманда әлем естіп-көрмеген спорттық жетістіктерді қамтамасыз етті. "Медеу" содан кейін де жиырма жылдан астам уақыт бойы жаһандық мұзайдындар арасында көшбасшы болды. Алайда бертінде Халықаралық конькишілер одағы (ISU) бұдан былай жарыстарды тек жабық айдындарда өткізу туралы ереже қабылдады. Бұл талап ашық ареналардың рөлін құлдыратты", – дейді сенатор Нұрия Ниязова.

Сол кезде Қазақстан "Медеуді" шатырмен жабуға мән бермеді. Салдарынан, рекордтар үшін жаралған атақты нысанның берекеті кетті, ұсқыны қашты. Бүгінде күрделі жөндеуді, тіпті қайта салуды қажетсінетін жағдайда.

Сенат депутатының айтуынша, "Медеудің" әлеуеті әлі де орасан зор. Ол бүгінде де бүкіл дүниежүзіндегі жасанды мұзы бар аса ірі ашық мұзайдын болып табылады. 10,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Ішіне 8100-дей көрермен сиғыза алады.

Сондықтан бір топ сенатор Үкімет басшысы Олжас Бектеновке ұсыныспен шығып, "Медеудің" жоғалтып алған мән-маңызын қайтаруды және жаһандық даңқын жаңғыртуды сұрады.

Бұл үшін не істеу керек?

Депутаттардың айтуынша, біріншіден, ISU одағына өтініш беріп, конькимен жүгіру спортының тарихи мұрасы және қазіргі қолданыстағы нысаны ретіндегі "Медеудің" ерекше мәртебесін алу қажет. Сонда онда қайтадан халықаралық жарыстарды қабылдай бастау мүмкін болады.  

Екіншіден, "Медеуде" конькишілерді және өзге де спортшыларды даярлаудың тау басындағы бірегей орталығын құру керек. Стадион теңіз деңгейінен 1 691 метр биіктікте орналасқандықтан, сиретілген ауа спортшылардың ағзаларын бүкіл ресурсын сарқа жұмсауға мәжбүрлейді, төзімділігін күрт арттырады, тиісінше, жаттығулардың тиімділігін еселеп жоғарылатады.

Осыны ғылыми негіздеп, халықаралық қоғамдастыққа мойындатса, өзге елдер спортшыларын даярлау үшін "Медеуге" ағылар еді, ол үшін мол ақша төлер еді. Қазақстан туризмнің осы саласын, байлықтың қайнар-көзін таба алмай тұр.

Үшіншіден, кешеннің допты хоккей (бенди) бойынша жарыстарға арналған мүмкіндігін кеңейту қажет. Бұл Қазақстанның осы спорттағы позициясын нығайтады.

Төртіншіден, аренаны мұз шоуларын өткізу, мәнерлеп сырғанаудың әлемдік жұлдыздарының қойылымдарын қою үшін пайдалану керек. Бұл бизнес дүниежүзінде танымал.

Бесіншіден, "Медеуде" мұздағы спидвей бойынша әлем чемпионатының кезеңдерін ұйымдастырған маңызды. Бұл да қысқы спорт түрлерінің әлемдік елеулі оқиғасы саналады.

Сенаторлардың байламынша, "Медеуді" жаһандық спорт картасына қайтару жаһан жанкүйерлері тұрып қол соғар жаңа рекордтарды қамтамасыз етеді. Қазақстанға әлем назарын аудартады. Оның туристік тартымдылығын арттырады.

Үкімет не шешім қабылдады?

Ел Үкіметінде "Медеу" тау басындағы мұз айдынын сақтап қалу және дамыту мәселелері талқыланды. Оның қорытындысында не шешім қабылданғанын Премьер Олжас Бектенов айтып берді.

Үкімет депутаттар мен спорт саласы белсенділерінің "Медеуге" қатысты ұсыныстарын құптайды, бірақ барлығы бюджеттегі қаржы тапшылығына тірелетінге ұқсайды.

Үкімет басшысы "Медеуді" 2025, 2026 және 2027 жылдары да тек Алматының жергілікті бюджеті есебінен қаржыландыру тәжірибесі жалғасатынын жеткізді.

Алматы қаласының әкімі былтырғы 2024 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысымен бекіткен қаланың 2030 жылға дейінгі орта мерзімді даму перспективаларында да осы қарастырылыпты.

Дегенмен, әлемдегі бірегей нысанды дамытуға көңіл бөлінеді.

"Объектіні реконструкциялау – аренаның техникалық сипаттамаларын жақсартады. Осының арқасында "Медеу" Халықаралық конькишілердің одағы (ISU) талаптарына сәйкес келетін болады. Содан кейін онда конькимен жүгіру спорты және мәнерлеп сырғанау бойынша халықаралық жарыстарды өткізуге жол ашылады", – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ірі жарыстар арасында бос тұрмауы үшін Алматының әкімі Ерболат Досаевқа оны басқа спорт түрлерінің сайыстарымен, түрлі іс-шаралармен жүктеу тапсырылған екен.

"Алматы қаласының әкімдігі қайта құру аясында "Медеудің" функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар қабылдайды. Соның нәтижесінде бұл мұзайдында допты хоккей (бенди) бойынша турнир-бәсекелер, мұздағы спидвей бойынша әлем чемпионаттары, сондай-ақ мұз шоуы, қойылым-концерттер сияқты әралуан мәдени, спорттық, бұқаралық іс-шаралар өткізілуге тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады", – деп сендірді Олжас Бектенов.

Айта кету керек, көктемнің ерте келуі және ауа температурасының тез жылынуы нәтижесінде 2024 жылы "Медеудегі" бұқаралық сырғанаулар маусымы 15 наурызда тыйылған еді.

Алматы әкімдігінің дерегінше, қалалықтар мен қонақтардың өтінішіне орай және мұздың лайықты сапада сақталуына ауа райының қолайлы болуына байланысты 2025 жылы бұл маусым наурыз айының соңына дейін созылып, таяуда ғана жабылды.

Сонымен бірге, Алматының құрылыс басқармасының мәлімдеуінше, бір компанияның барлық жұмысты жалғыз өзі атқарып, дайын күйде тапсыруын қарастыратын EPC-контракт (Engineering, Procurement, Construction) аясында "Медеуді" қайта құруды 2025 жылы бастау жоспарланып отыр.

"Сол себепті бұл маусым реконструкциялау қарсаңындағы соңғы, қорытынды маусым болды", – деді журналистерге әкімдік.

Бірақ әкімдіктегілер "Медеуді" қайта салуға қанша қаржы шығындалатынын айтпады. Құрылыс басқармасындағылардың ақпараты бойынша жоба құны мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін анықталады. Сондықтан "жоба құны әзірге айқындалған жоқ".

Әкімдік таулы мұз айдынын реконструкциялау жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланғанын хабарлады.

Алайда сарапшылар "Медеудің" заманындағы жаһандық атақ-даңқын жаңғырту бағытында ірі қадамдар күтпейді. Салған қаражат ақталмауы мүмкін. Оның үстіне Алатау бөктеріндегі алып мегаполисімізде  Алматы Арена, Халық Арена, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы сияқты жабық мұз айдындары онсыз да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу