Пәтер бағасы: қай қалада қанша?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
32320

Өткен айда Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстарында үй сату көрсеткіші төмен болды.  

Пәтер бағасы: қай қалада қанша?

Әділет министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдың алғашқы 6 айында тұрғын үй сату мен сатып алуға қатысты 144 299 мәміле жасалды. Ал осыдан бір ай бұрын, яғни маусым айында 29 543 үй сатылды. Өткен айда үй алғандардың саны мамырда үй алғандардан 7,4%-ға артық болды.  

2019 жылдың қаңтар-маусым айларындағы тұрғын үй сату мен сатып алу көрсеткішін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, биыл рәсімделген мәміле бір жылда 21,2 %-ға ұлғайды.  

Статистика агенттігінің дерегінше, тұрғын үй нарығындағы алыс-берісте Алматы қаласы көш бастаған. Мұнда маусым айында 4,4 мың үй сатылып, бір жыл бұрынғы көрсеткіш 45%-ға көбейген.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен айда 4 мың мәміле жасалған. Үздік үштікті Қарағанды облысы тұйықтаған. Бұл өңірде өткен айда 3,3 мың адам тұрғын үй нарығының көрігін қыздырған.

Маусым айында Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстарының тұрғындарын тұрғын үй нарығы қызықтырмаған. Сәйкесінше Атырау облысында - 584, Қызылорда облысында - 648, Түркістан облысында - 738 үй сатылған.

Өткен айда тұрғын үй нарығындағы баға сатушылар үшін оң, сатып алушылар үшін теріс динамика көрсеткен. Мамыр айымен салыстырғанда әрленген пәтер бағасы - 0,6%-ға, әрленбеген пәтер құны - 0,5%-ға, ал жаңа тапсырылған тұрғын үйлердегі пәтер бағасы - 0,1%-ға өскен.

Тұрғын үйді жалға алу нарығында да өсім байқалған. Меншік иелері пәтер жалдаушылардан бір ай бұрынғы көрсеткіштен 0,3% артық ақша алған.

Тұрғын үй нарығындағы сату мен сатып алу көрсеткішінің жақсаруына "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы оң ықпал еткен. Бағдарлама аясында бүгінге дейін баспаналы болғысы келген 8 844 отбасыға несие түрінде 101,9 млрд теңге қарыз берілген.

"Баспана" ипотекалық компаниясы" АҚ коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Айбар Олжаевтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы  тұрғындарының бағдарламадағы үлесі 34%-ды, ал алматылықтардың үлесі 21%-ды құраған.

Бірінші жартыжылдықта тұрғын үй бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Бұл туралы krisha.kz порталы: "2019 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның тұрғын үй нарығында қымбатшылық байқалды. Нақты қалаларға бөлетін болсақ, Петропавловда +4, 6%, Өскеменде +4,4 %,  Шымкенте +3,7 % өсім болды. Петропавлда тұрғын үйдің бір шаршы метрі - 205 985, Өскеменде - 189 175, Шымкенте - 229 050 теңгеден сатылды", – деп жазды.

Белгілі болғандай, Павлодарда баға 3,4 %-ға өсіп, бір шаршы метр 180 600 теңгеден саудаланған. Ақтауда үйдің құны 2,8 %-ға қымбаттап, бір шаршы метрдің құны 201 425 теңгені құраған. Қостанай, Орал қалаларында тұрғын үйдің орташа бағасы 2,5 %-ға ұлғайып, 200 050 және 189 275 теңге шамасында болған.

Алматыда тұрғын үйдің бір шаршы метрі - 382 575, ал Нұр-Сұлтанда - 338 775 теңгеден саудаланған.

Қазір талдықорғандықтар тұрғын үйдің бір шаршы метрін - 181 425, тараздықтар - 157 300, көкшетаулықтар - 197 875, қарағандылықтар - 204 225, семейліктер - 171 925 теңгеден сатып алып жатыр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу