Алғаш рет қазақстандық және өзбекстандық спортшылар UFC-де бетпе-бет келеді. Отандасымыз Асу Алмабаевтың келесі қарсыласы Өзбекстан намысын қорғайтын Рамазан Темиров. Екі мықты спортшының жекпе-жегі тартысқа толы өтетіні анық.
31 жастағы Асу Алмабаев UFC-де ел намысын абыроймен қорғап жүр. Соңғы рет ол турнирдің басты жекпе-жегінде өнер көрсетіп, Манель Капеге есе жіберді. Қазіргі таңда оның кәсіби көрсеткіші – 21 жеңіс, 3 жеңіліс, UFC-де – 4 жеңіс пен 1 жеңіліс. Ал Рамазан Темиров 28 жаста. Ол да азулы қарсылас. MMA-де 19 жеңісі бар. UFC-де әзірге екі рет жеңіске жеткен.
Қазіргі таңда UFC рейтингінде Асу 8-орында, ал Рамазан 13-сатыда. Жанкүйерлер бұл жекпе-жекті асыға күтіп отыр. Ендеше, кімнің мерейі үстем болады? Мұны 26 шілде күні анықтаймыз.