Үкімет ауылға баратын жастарға 10 млн теңге төлеуден бас тартты

6346

Ауылды гүлдендіреміз десек, ауыл шаруашылығын қажетті мамандармен қамтамасыз ету қажет.

Үкімет ауылға баратын жастарға 10 млн теңге төлеуден бас тартты Фото: inbusiness.kz

Алайда ауылда маман тапшылығы проблемасы ушықпаса, шешілген жоқ.

Қазақстанда бюджет қаржысына білдей 13 жоғары оқу орны "агроном" мен "ветеринар" даярлайды екен. Онда неге ауыл кәсіпкерлері бұл мамандарды күндіз шаммен іздеп таппай жатыр?

Біріншіден, депутаттардың мәліметінше, "ауылдық квотамен" түскен студенттердің ішінен тек әрбір төртіншісі диплом алуға – мәреге дейін жетеді екен. Қалғандарының ғылымды тәрк етуінің түрлі себебі бар, негізгісі – баспанасыздық, жатақхана жетіспеуі, елді қымбатшылық жайлауы салдарынан тапқан қаражатының тамағына жетпеуі.

Екіншіден, тіпті ЖОО бітіргендерінің көбісі ауылға қайтпайды. Түлектердің көпшілігі алған біліктілігіне сәй орын таппаса да, кез келген жұмысқа орналасып қалалық ортада қалуды қалайды. Неге қолында қолақпандай дипломы бар маман туған жерінен жериді?  

Бірнеше жылғы ғұмырын сарп етіп, білім-білік игерген ол ауылға қайтса, өзін ілгері баспай, кері кеткендей сезінуі мүмкін. Өйткені ауылда мамандарға тиісті жағдай жасалмаған, тұрмыс төмен. Лайықты, ішінде дәретханасы бар баспана жоқ. Мансап сатысымен өрлеуді меритократия емес, рушылдық пен трайбализм, тұтас салаларды жайлаған әулеттер, жемқорлық шешеді. Тіпті жастардың көңіл көтеретін орындары, сауда, ойын-сауық орталықтары да жоқ.

Қазіргі заманның ақпараттық технологиялары ауыл шаруашылығына негізінен жетпеген. Көптеген елді мекенде жоғары жылдамдықты интернет жоқтың қасы. Көлік және әлеуметтік инфрақұрылым дұрыс жетілмеген. Қысқасы, "Дипломыңды ұстап, ауылыңа бар!" дегенде, "Жоқ!" деп кесіп айтуға себебі көп. Түлектердің ауылда жұмыс істеуге қызығушылық танытпауының негізгі факторлары осылар.

Салдарынан, Үкімет қанша күш салып, ақшамен ынталандыруға тырысса да, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер арасынан ауылдық жерлерге барған мамандардың саны 2020 жылғы 6,1 мыңнан 2022 жылы айтарлықтай – 5,3 мың адамға дейін азайып кетті.

"Бірақ бұл шаралардан жақсы нәтиже көріп тұрған жоқпыз. Түлектер ветеринар, агроном мамандықтарына оқуға түскенімен, бір-екі курстан соң басқа мамандыққа немесе басқа оқу орындарына ауысып кетеді. Тіпті мамандығын бітірсе де ауылға барғысы келмейді. Оқу бітірген мамандардан: "Ауылға барасың ба?" деп сұрасаң, "Ауылда не істеймін, дұрыс жағдай жоқ онда!" деген жауап аласың. Телеарналардан көрсететін дамыған ауылдар бірен-саран ғана. Мамандарды ауылға тарту үшін, ауылдық агроөнеркәсіпті, ветеринарияны, мал шаруашылығын дамыту үшін, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, технологиялық жабдық, қаржы, ақпарат және басқа ресурстармен қамту керек", – делінген "Ауыл", "AMANAT", "Қазақстан халық партиясы" және "Respublika" фракциясы депутаттарының Үкіметке жолдаған бірлескен сауалында.

Осы партиялардың депутаттары Үкіметке бірнеше ұсыныс енгізді. Біріншіден, ауылдан мемлекеттік грантпен түскен түлек оқу бітіргеннен кейін міндетті түрде ауылға барып қызмет етуі керек. Депутаттар оны өзін оқытуға кеткен бюджеттің шығыстарын 7 жыл жұмыспен өтеуге міндеттеуді сұрады.

Екіншіден, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы оқыған мамандар тұрғын үймен толықтай қамтамасыз етілсін.

Үшіншіден, оқу орнын бітіріп ауылға барған кез келген маманға 10 миллион теңгеден қайтарымсыз көтерме ақы берілсін. Оның үстіне ол қаржыны жұмсау аясы шектелмеуі керек: ол ақшаға тұрғын үй алады ма, мал сатып ала ма, ветеринарлық клиника аша ма, болмаса жылыжай сала ма, өзі білгені жөн.

Тек сонда ғана ЖОО түлектерінің ауылда жұмыс жасауға қызығушылығы туады және өз елінде қызмет етеді.

Үкімет не дейді?

Үкімет депутаттардың жаңа ұсыныстарының ешқайсысын қабылдамады. Бұл шешімін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың өзі хабарлады.

"Агроөнеркәсіп кешені мамандарына жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінетін көтерме жәрдемақы мөлшері қазіргі уақытта 100 АЕК-ті немесе 2024 жылы 369 мың теңгені құрайды. Оның көлемін 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтсақ, бұл бюджетке айтарлықтай жүктеме түсіреді. Бұл ретте еліміздегі төтенше су тасқыны жағдайында зардап шеккендерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қажеттігіне байланысты бюджет қаражатын үнемдеу міндеті тұр", – деді Премьер-министр.

Яғни, он миллиондық біржолғы сыйақы берілмейді.

Бірақ Үкімет басшысының айтуынша, ауылға барған мамандар өтініш беріп, тұрғын үй салуға не сатып алуға арзан бюджеттік кредит ала алады. Ол несие 15 жылға дейін, 0,01% ставкамен беріледі.

Бұл ауылдық "су-тегін ипотекадан" денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері бағыттары бойынша мамандар дәмелене алады.

Премьердің мәліметінше, "Дипломмен ауылға" жобасы іске асырылып жатқан 2009-2023 жылдар аралығында берілген өтініштерге сәйкес 105 мыңнан астам маман біржолғы көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит алған екен.

Алайда әлеуметтік қолдау шараларын алғандардың басым көпшілігін мұғалімдер, шенеуніктер құрайды. Ауыл кәсібін дамытатын, агроөнеркәсіп кешені саласына арналған мамандардың жалпы саны 3,6 мың ғана болды.

"Дипломмен ауылға" аясында көрсетілетін ынталандыру шараларын күшейту мақсатында биылғы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік кредиттің мөлшері:

  • аудан орталықтары үшін бұрынғы 1 500 АЕК-тен (5,2 млн теңгеден) 2 500 АЕК-ке (9,2 млн теңгеге) дейін;
  • ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК-ке (7,4 млн теңгеге) дейін ұлғайтылды.

Үкімет жетекшісі ауылға тек қана жас түлектер мен жас мамандарды тарту міндеті қойылмағанын, егде жастағы кадрларға да сұраныс болатынын жеткізді. Осы мақсатта жергілікті әкімдіктер "Бірінші жұмыс орны" сыртында, "Ауыл аманаты", "Ұрпақтар келісімшарты", "Күміс жас" сияқты жобалар аясында түрлі мамандарға қолдау шараларын жүзеге асырады. Бірақ олардың мүмкіндігі жергілікті бюджеттің әлеуетімен шектелген.

Шетелге оқуға кетуге белсенді үгіттеуде

Айтпақшы, ауылдың онсыз да аз мамандары мен жастары енді шетінен шетелге кетіп қалуы мүмкін.

"2020 жылдан бастап "Болашақ" бағдарламасы бойынша соңғы 2 жылда ауылдық елді мекенде тұратын және еңбек қызметін жүзеге асыратын қазақстандықтар үшін арнайы санат – ауылдық санат енгізілді. Осылайша, ауылдықтар магистр дәрежесін алуға стипендия тағайындау кезінде конкурстық іріктеуге жеңілдетілген шарттармен қатыса алады. Бүгінде "Болашақта" ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша 100-ге жуық мамандық бар", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, егер ауылдық маман не қызметкер шет тілін білмесе, 12 айға дейінгі мерзімге тілдік курстардан бюджет есебінен тегін өтеді. Тілді жетік меңгеруі үшін 3 айдан аспайтын мерзімге шетелге де жіберіледі. Әрі қарай ауылдық санаттағыларға "жетекші шетелдік университеттерге түсу кезінде көмек көрсетіледі".

"Болашақ" бағдарламасының ауыл жастары үшін тартымдылығын арттыру үшін бүгінде "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, ауыл жастары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шетелге оқуға кетуге үйретеді.

"2024 жылы бұл жұмыс белсенді форматта жүргізілуде. "AMANAT", "Ауыл" партияларының өкілдерімен бірге, жастарды ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша шетелде оқуға тартып жатырмыз. Аталған бағыттар бойынша жұмыс жалғасатын болады, мәселе тікелей Үкіметтің бақылауында", – деді Премьер Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу