Алқасы алтын, ахуалы нашар: Үкіметтің неге мақтанатын жөні жоқ?

7612

Кейінгі 3 жылда елімізде көпбалалы аналар саны 217,4 мыңға артқан.

Алқасы алтын, ахуалы нашар: Үкіметтің неге мақтанатын жөні жоқ?

Шенеунік мақтанса, мәселе бар деген сөз...

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Үкімет басшысы Асқар Мамин ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан халқының саны 19 169 550 адамға жеткенін мақтана хабарлады.

Әрине, бұл – аналар мен әкелердің еңбегі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда 4 және одан көп баласы бар шамамен 230 мың отбасы ғана болыпты. Ал 2021 жылғы қазандағы жағдай бойынша мұндай отбасылардың саны 447,4 мыңнан асты. Келесі жылы жарты миллион меже алынуы ықтимал. Бұл – тәуелсіздіктің 30 жылындағы рекорд. Оны "орнату" ісінің ауыртпалығын отбасылар көреді, мақтанатын – шенеуніктер.

Еңбек министрлігі де осы аптада "Алтын алқамен" және "Күміс алқамен" марапатталған аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау тәртібі жеңілдетілді деп мақтана жариялап, ақпарат құралдары арқылы оны өз жетістігі ретінде насихаттады.  

"Көпбалалы аналардың уақытын үнемдеу үшін министрлік 2019 жылдан осы жәрдемақыны проактивті форматта тағайындай бастады. Бұл әйелдерді кезекте тұру қажеттігінен құтқарды, олар мемқызметтерді кез келген ыңғайлы уақытта ала алады. Қызметті алушы 1 ғана SMS-хабарламаға жауап беріп, жәрдемақыны проактивті ресімдеуге келісім береді және банк шотын растайды. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті басқа мәліметтер меморгандардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Пиары мықты. Бірақ оның мақтануға тұрмайтын "ньюанстары" да анықталуда. Біріншіден, 2021 жылы сонша дәріптелген осы проактивті қызметті көпбалалы аналардың 9 мыңы ғана пайдалана алыпты. Оның өзі – өскендегісі былтыр пайдаланған аналар саны 4 мыңдай ғана.

Екіншіден, жәрдемақы дегені ауыз толтырып айтуға жарамайды.

"Жалпы "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" заңына сәйкес, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан, өмір бойы ай сайынғы мерзімде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып, төленеді. Қазіргі уақытта жәрдемақы мөлшері – 18 669 теңгені (6,4 АЕК) құрайды", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

18 мың теңге бір ай лайықты өмір сүруге жарамайтыны мәлім. Шенеуніктердің қаламы бұдан әлдеқайда қымбат тұрады.

Ананы сенделту әкімге сын емес пе?

Үшіншіден, құрсағынан көп бала өрген асыл аналар жәрдемақы түгіл, соның салпыншақ-сөлкебайын да ала алмауда. Ильмира Қостарбайқызының 7 баласы бар. "ҚР мемлекеттiк наградалары туралы" заңының 29-бабына сәйкес, 6 бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алтыншы баласы 1 жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте "Күмiс алқа" алқасымен наградталады. Содан көпбалалы ана былтыр, 2020 жылғы 24 мамырда "Күміс алқаға" құжаттарын тапсырады.

"Содан әлі шешім келген жоқ. Қайта-қайта қоңырау шалып тұрамын, қарастырылып жатыр дейтін. Міне, құжаттарды тапсырғаныма 1 жыл 6 ай болды. Алматы облысының Іле ауданының Ащыбулақ ауылдық округі әкімдігіне тапсырғанмын. Ондағылардың бар айтатыны "Хабар жоқ, хабар келсе, айтамыз" деп қоя береді. Жуырда қаражаттан қиналдық. Содан балаларымды үйге қалдырып, қоймай-қоймай сұранып, әкімге кірдім. Әкіміміз "сенің құжаттарыңды таппай жатырмыз, жоғалтып алыпты" деп қарап отыр. "Сен енді Алтын алқаға тапсыр, Күміс алқа алмай-ақ қой" деп кеңес бергенсиді. Сонда менің қиналып жинаған құжаттарымды жоғалтып алатын болса, тиесілі алқаны бермесе, мұндай әкімдіктер не үшін қажет?", – деп қапаланады Ильмира Қостарбайқызы.

Ол кісіге атаулы әлеуметтік көмек те берілмейді екен. Содан "Күміс алқамен" берілетін азын-аулақ жәрдемақыны алуға ниеттенген. Әкімдіктегілер одан құжатын қайта тапсыруды сұрап отыр. Алайда құрсағы алтын ана қайта тапсырсам, мерзімі тағы ұзап кете ме деп қауіптенеді: "Егер қазір "Алтын алқаға" тапсырсам, оны да 2 жыл күтемін ғой. Оны ала алатыныма да еш кепіл жоқ" дейді ол. Мәселе облыс әкімдігіне жетіпті. Президентінің көмекшісінен Алматы облысының әкімі болып тағайындалған Қанат Бозымбаев істің орнынан жылжуына қол жеткізбесе?!

Заң бойынша алқаға құжаттарды жергілікті атқарушы орган – әкімдіктер қабылдайды. Көпбалалы аналарды "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградтау да жергілікті атқарушы органдар құзыретінде.

Қалай болғанда, дәл осылай не күміс, не алтын сападағы алқасын, тиісінше, ақшасын ала алмай, сансыраған аналар жетерлік.

Көпбалалы аналар баласын шұбыртып баспанасыз жүр

"Қолданыстағы "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналардың басымдық құқығы болады. Кәмелетке толмаған 7 балам бар. Алайда мемлекет тарапынан баспана берілер емес. Көп арыз жаздым. Нәтиже шықпай жатыр. Бәріміз Нұр-Сұлтан қаласына барып, Тоқаевтан көмек сұрауымыз керек пе?", – деп ашынады Тараз қаласының тұрғыны Құралай Тоғызбайқызы.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, Құралай ана тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде көпбалалы отбасы және "Күміс алқа" иегері ретінде 2018 жылғы наурыздан бастап тіркелген.

"Қазіргі таңда №480-ші болып кезекте тұр. 2020 жылы үй кезегінде №690-ші болып тұрған. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға тұрғын үй мемлекеттік жоспарлау жүйесі арқылы құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Қолданыстағы заңның талаптарына сай, азаматтар тұрғын үймен тек кезек ретімен қамтылады. Сондықтан бұл отбасыға тұрғын үй беру мәселесі көпбалалы отбасы санаты бойынша кезек ретімен оң шешімін табатын болады", – деп хабарлады әкімдік.

"Алтын алқа" иегері, 8 баланың анасы Разия Әбілханқызы елордада "времянка" жағалап жүр. Ең болмаса, әкімдіктің жалға беретін баспанасына қол жеткізуді армандайды.

"Басымда баспанам жоқ, үйдің кезегінде тұрмын. Көпбалалы аналарға жалға үй беріледі екен. Содан маған да баспана берсе деймін. ІІ топтағы мүгедек ұлым бар, оның да кезекке тұрғанына 8 жыл болды. Өкінішке қарай оған да үй берілмей келеді. Тұңғыш ұлым жол апатынан 2021 жылғы шілдеде қайтыс болды. Келінім ауыр жарақат алып, қазір төсек тартып жатыр. Қолында 6 баласы, яғни немерелерім әкесіз қалды. Өзіміз қазір 1 бөлмелі "времянкада" тұрып жатырмыз. Немерелерімді жуындырғым, сабақтарын жылы жерде дайындауға көмектесіп, мектепке жіберіп отырғым келеді", – дейді Разия Әбілханқызы.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің дерегінше, бұл кісі 2019 жылдың қарашасынан тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде "көпбалалы отбасы" санаты бойынша тұр.

"Бүгінгі таңда кезек нөмірі – 2 761. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезектілік тәртібімен, объектілердің пайдалануға тапсырылып, коммуналдық меншікке өтуіне қарай беріледі. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспана кезегіне тұрған 4 не одан да көп баласы бар отбасыларға арналған төмен табыспен тұрғын үйді сатып алуға болатын "Бақытты отбасы" (2-10-20) бағдарламасы жүзеге асырылуда. "Шаңырақ" (5-10-20) бағдарламасы да қолға алынған. Бағдарлама шарттарына сәйкес Нұр-Сұлтан әкімдігінен бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін 1,5 млн теңгеге, өтеусіз негізде тұрғын үй сертификаты беріледі. Бағдарламаларға қатысты ақпаратты әкімдіктің Тұрғын үй қорының www.zhilfond.kz сайты, сондай-ақ @zhilfond_nursultan ресми Instagram парақшасы арқылы алуына болады", – деп жөн сілтеумен шектелді елорда әкімдігі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу