Astana Hub деген пиары көп "көпіршік" емес пе

3747

ІТ-стартаптардың халықаралық технологиялық паркіне және заманауи инновациялық экожүйенің ұстынына айналуға тиіс болған Astana Hub әлі күнге бюджетке масыл болып отыр.

Astana Hub деген пиары көп "көпіршік" емес пе Фото: yandex.kz

Тура төрт жыл бұрын, 2018 жылғы 6 қарашада сол кездегі бірінші Президент "Астана Хаб" ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркін салтанатты түрде ашты. Рәсімде парктің болашағына және оның Қазақстанға әкелетін зор пайдасына, заттар интернеті, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейннің енгізілетініне қатысты көптеген пафосты сөздер айтылды. Еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқаны жарияланды.

Н.Назарбаев технопарк базасында тәлімгерлік институты құрылғанын, оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқорлық жасайтынын, сөйтіп, Қазақстанда ІТ-таланттардың тұтас жаңа буыны қалыптасатынын мәлімдеді. Ол буын қазір қайда деген сауал туады. Бұл технопарк жеке бастамаларды, бағдарлама жасау мектептерін, роботтық техника мен кибер-спортқа қатысты спартакиадалар мен олимпиадаларды жан-жақты қолдауға тиіс болды. Сол кездегі Президент Қазақстанда Бизнесті жебеушілер клубын (QazAngels), Венчурлік капиталистер қауымдастығын және Бірлесе инвестициялау қорын құруды тапсырды.

Тек 2018 жылы билік IT саласын дамытуға 118 млрд теңге шығындапты. Ал биылғы жылы Есеп комитеті аталған технопарктің мемлекеттік қаражатты босқа шашып келгенін анықтады. Аудиторлар әшкерелегендей, Astana Hub 2019–2021 жылдары тек орынжайларды арендаға алу шығысын және төлеген жалақысын асыра көрсету, қосып жазу арқылы 216,5 млн теңге бюджет қаржысын талан-тараж еткен. Бұл туралы Есеп комитетінің аудиторлық қорытындысында айтылды.

Құжаттағы мәліметке жүгінсек, Astana Hub-ты бюджеттен қаржыландыру мемлекеттік тапсырыс беру арқылы да жүзеге асырылады екен. Соңғы 3 жылда технопаркке 5,7 млрд теңге мемлекеттік тапсырыс берілген. Бірақ мемтапсырыстың басым бөлігін – 56%-ын немесе 3,2 млрд тенгесін технопарк "QazExpoCongress" (бұрынғы "Астана ЭКСПО-2017") ұлттық компаниясынан жаһандық көрме үшін тұрғызылған ғимараттарды жалға алуға және өз персоналына жалақы төлеуге шығындап келген.

Жалпы, Есеп комитеті Astana Hub технопаркінің бюджеттік өтінімдеріндегі "ақпараты мен есептемелерінің айқындылығы қамтамасыз етілмегеніне" біраз мысал келтірді. Айталық, технопарктің CEO басшысы Джозеф Циглерге 2019 жылы 164,1 млн теңге ақша төлепті. Оның ішінде еңбекақысы – 98,6 млн теңге, әлеуметтік қолдау пакеті – 65,5 млн теңге. Бастапқыда технопарк оның қызмет ақысын төл табыстары арқылы төлейтінін мәлімдеп, жоспарында көрсетіпті. Алайда артынша ың-шыңсыз бюджеттік бағдарламаға қоса салған.

Тұтастай алғанда, бұрынғы биліктің қаптаған имидждік мега-жобаларының бірі саналатын, бірақ елге қайтарымы мардымсыз астаналық технопарктің қызметін мемлекеттік аудиторлар қанағаттарлықсыз деп бағалады. 

"Astana Hub қатысушыларының бар-жоғы 26%-ы ғана (149-ы) ғана табысты болған. Қалған 74%-ы (425 фирма) өнімін сатудан ешқандай табыс таба алмаған. Бұл Astana Hub технопаркінің технологиялық кәсіпкерлік пен инновацияны дамыту деңгейінің нашарлығын және онда өндірілген өнім, жобалардың нарықта сұранысқа ие еместігін куәландырады", – деген тұжырымға келді Есеп комитеті.

Қаржыгер, бизнесмен Санжар Әйтенов технопарктің елге қажетті жобаларды ұсына алмай отырғанына назар аудартты.

"Миллиардтаған ел қаржысы шығындалған ІТ технопаркі бола тұра, Қазақстан өзінің бүкіл "электронды Үкіметін" Сберға тәуелді ете жаздады. Соғыс басталмағанда, солай болатын да еді. Жалпы, астаналық технопарк резиденттері майнингпен шектен тыс әуестеніп кетті. Astana Hub майнинг фермаларды қатысушысы ретінде тіркеп, оларға 8,5 млрд теңге преференцияларды заңсыз берген. Оның үстіне қазақстандық ІТ-буынды қалыптастырады деп дәріптелген технопарк бүгінде ресейлік айтишілерді кең тартуда. Олардың біразы тіпті Қазақстанға релокацияланбаған, шетелде отырып, жұмыс істемек. Олардың бәрі Қазақстанға ешқандай табыс әкелмейді, себебі олар табыс салығынан, медсақтандыру жарнасынан және басқасынан босатылған. Мұндай жағдайда кейбір құпия деректер шетелге кетіп қалмасына кепілдік бар ма?", – деді Санжар Әйтенов.

Жалпы, бұл технопарктің өз қатысушыларын іріктеуі бұлыңғыр бір дүние.

"Біздің компания бағдарламалық қамтылымды енгізумен, сүйемелдеумен, сатумен айналысады. Бірақ біздің төл әзірлемелеріміз, өнімдеріміз жоқ. Дегенмен, біздің қызметіміз хабтағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басымдықты түрлер тізіміне толық сәйкес келетінін білдік. Алайда ол тізімде қатысушыдан "әзірлеме-разработка" талап етілетіні жазылған. Компаниямыздың ондай өнімі жоқ. Сондықтан Астана Хаб салықтық жеңілдіктерін, преференцияларды пайдалана аламыз ба деген сұрақ бойынша түпкілікті айқындалу үшін Қазақстанның Цифрлық даму министрлігіне өтініш жаздық. Одан түсінгеніміз: Astana Hub-қа қатысушы болып, жеңілдіктерді тегіс пайдалана алады екенбіз", – дейді ІТ маманы Макс Тарасов.

Бұл технопарктің қызметінен пайда барына депутаттар да күмәндана бастады.

"Ашық дереккөздерге жүгінсек, Astana Hub резиденттері биылғы жылдың үшінші тоқсанында ғана шамамен 117 миллион доллар табыс тауыпты. Егер осы соманың 1 пайызы Astana Hub бюджетіне аударылатын болса, онда технопарктің төл табысы аста-төк көрінеді. Алайда соған қарамастан республикалық бюджетте Цифрлық даму министрлігіне қарасты осы құрылымды, яғни технопаркті алда қаржыландыруға шамамен 4,5 миллиард бюджет теңгесі шығындалмақ. Жыл сайын осылай. Сонда Astana Hub елге пайда әкелмек түгіл, ең құрығанда қашан өзін өзі асырайтын жағдайға жетеді? Жыл сайын онсыз да жыртық-жамау бюджетке масыл бола бере ме?", – дейді Мәжіліс депутаты Юрий Ли.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, шынында да Astana Hub-тың қолында қомақты қаржы бар. Бірақ ол бюджеттен ақша алуын жалғастырады.

"Шындығында, біз Astana Hub қатысушылары табысының өскенін байқап отырмыз. 2022 жылғы 9 айда олардың табысы шамамен 150  миллиард  теңгені құрады. Тиісінше, соған пропорционалды түрде Astana Hub табыстары да өсіп жатыр. Біздің мақсатымыз – осы табыстар мен ақша ағындарын тұрақтандырып, технопаркті өзін өзі ақтайтын деңгейге шығару. Біздің мақсатымыз – 2026 жылдан бастап, республикалық бюджеттен қаржыландырудан бас тарту және хабты толығымен өзін өзі қаржыландыруға шығару", – деді министр Бағдат Мусин.

Ол 2022 жылдың шілде-қыркүйек айларында хабта 117 млн  доллар табыс тіркелгенін растады. Бұған майнерлердің табысы кірмепті. Себебі таяудағы даудан кейін Astana Hub өз резиденттері тізімінен жылдар бойы майнерлерге есептеуіш ресурстарды арендаға ұсынумен ғана айналысып келген компанияларды шығарып тастаған екен.

Жалпы, 2026 жылға дейін кем дегенде 3 жылдан артық уақыт бар. Ол кезде Б.Мусин инистр болмауы мүмкін. Ал оның  Astana Hub-ты толығымен өзін-өзі қаржыландыруға шығарамын деген уәдесіне жаңа келетін министр жауап бермейді. Демек, жаңа Қазақстан ескі биліктің осы бір қайырсыз мега-жобасына тағы қанша шығындалатыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу