Еліміздегі ақылды қалалардың қандай болатыны белгілі болды

662

Қазақстандағы урбанизация үлесі 62 пайыздан асады.  

Еліміздегі ақылды қалалардың қандай болатыны белгілі болды Фото: canva.com

Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ақылды" қалалар салу әдістемесін бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа сәйкес, "ақылды" қала деп азаматтарға тұруы үшін тұрақты жайлы жағдайлар жасау мақсатында ресурстарды тиімді басқаруға және қызмет көрсетуге бағытталған жоғары техникалық шешімдер мен ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін енгізетін қала аталады.

"Ақылды" қаланың басым салалары қатарында қауіпсіздік, әлеуметтік сала, көлік және логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инновациялық экожүйе, қаланы басқару тұр.

Мәселен, әлеуметтік саланы алатын болсақ, ақылды қалалардың тұрғындарында емханаға түрлі платформалар арқылы жазылу мүмкіндігі болады. Оның ішінде медициналық ақпараттық жүйе, электрондық үкімет порталы, емхананың интернет-ресурсы, 109 қызметі және т.б. тетіктер арқылы. Бұдан басқа ауру түрлерін ерте анықтауда жасанды интеллект қолданылады деп көрсетілген.

Көлік және логистика саласындағы тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің бірі – жол ақысын төлеу кезінде электрондық жүйенің қолданылуы. Бұл төлем әдістері ретінде көлік картасын, QR-кодты, NFS байланыссыз технологиясын, смс, екінші деңгейлі банктердің банктік карталарын, мобильді қосымшаны пайдалану деген сөз. Сондай-ақ қоғамдық көліктің аялдамаға келу уақыты туралы ақпараттың болуы, аялдамаларда бейнебақылау камераларының орнатылуы, Wi-Fi-ға қолжетімділік – "ақылды" аялдама қандай болуы керегін білдірсе керек. Бұйрықта осы сынды бірқатар салалар жіті қамтылған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйене отырып, Қазақстан халқының саны 20 095 963 адам десек,  соның 12,5 млн-ы қалада тұрады. Елдегі урбанизация үлесі – 62,2 пайыз. Қалада тұратындардың санының артуы жаңа міндеттердің пайда болуына әкеледі. Шаһарлар адамдардың өмір сүруіне қазіргіден де ыңғайлы, қауіпсіз болуы тиіс деген сөз. Цифрлық технологиялардың енгізілуі бұл процесті жеңілдететіні сөзсіз.

Осыдан бірнеше ай бұрын Мәжілістің бір топ депутаты – Екатерина Смышляева, Юлия Кучинская, Ерлан Әбдиев елдегі ақылды қалалар мәселесін көтерген болатын.

"Қазақстандағы Smart қалалар идеясына 10 жылдан асады. Осы уақыт аралығында стандарттар мен тәсілдер өзгерді. Алайда оларды құру қарқыны мен тәртібі көңіл көншітпейді. Біріншіден, қазір "ақылды" қала тұжырымдамасын іске асыру елдік эталондық стандартқа сәйкес жүзеге асырылады. Алайда қаланың стандартына өте баяу ілесіп келеді. Жекелеген қалаларда тек жеке шешімдер енгізіліп жатыр. "Жарықтандыруды басқару жүйесі" 7 қалада, "Бірыңғай есеп айырысу орталығы" 11 қалада, "Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесі" екі қалада ғана енгізілген. Жекелеген технологияларды енгізу арқылы ақылды қалаларды құру идеясы бастапқыда жақсы болды. Кейіннен жүйелік тәсіл пайда болуы керек еді", - делінген депутаттық сауалда.

Мәжілісмендер әр қаланың өз жолы мен дербес жоспары бар деген пікірде. Олардың жазуынша, ақылды қалалар шеңберіндегі барлық бастама жергілікті бюджет қаражаты және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар есебінен іске асырылады.

"Инвесторлар Smart Aqkol жобасына 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсады. Осы ретте жобаны қолдау көлемі облыстық бюджетке жыл сайын 140 млн теңгеге түседі", - деп атап өтті депутаттар.

Айта кететіні, Ақкөл – Ақмола облысына қарасты аудандық маңызы бар қала, Астанадан 100 шақырымдай жерде орналасқан. 2018 жылы "еліміздегі алғашқы ақылды қала" атанды. "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Ақылды қала" пилоттық жобасына таңдап алынды. Сол жылдары БАҚ-та кішкентай шаһардың цифрландыру көмегімен қалай "алға дамитыны" жөнінде жарыса жазылған болатын.

Мәжіліс депутаттары цифрлық жобаларды ішінара іске асыруға жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар смарт-технологияларды енгізудің тиімділігіне тұрақты негізде талдау жүргізу қажет екенін де айтты.

2019 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар "ақылды" қала жобаларын эталондық стандартқа сәйкес жүзеге асырады. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың халық қалаулыларының депутаттық сауалына берген жауабынан белгілі болды. Сөзінше, "ақылды" қалалардың нәтижелі бастамаларының біріне қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі жатады. Бүгінде тиісті механизм елордада, республикалық маңызы бар қалаларда және барлық облыс орталығында енгізілген. Роман Скляр ақылды қалаларды дамыту мәселелері атқарушы биліктің бақылауында екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу