Бүкіл әлем жаппай цифрланып жатқан тұста Қазақстан да көшке ілесіп, бірнеше бағдарламаны жүзеге асыруда. Олардың қатарында "Қазақстанның киберқалқаны", "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" сынды ұлттық жобалар бар. Қоғамның маңызды салалары цифрланып, киберқауіпсіздікке барынша көңіл бөлінуде. Бұлар Алматы облысында қалай жүзеге асуда? Inbusiness.kz тілшісі сараптап көрді.
Алматы облысы – еліміздегі үлкен, маңызды өңір ғана емес, түрлі салалар бойынша да көшбасшылардың бірі. Бұлардың қатарында цифрландыру да бар. Облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, өткен жылы аймақта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Президент тапсырмасына сәйкес "Е-өтініш" ақпараттық жүйесі іске қосылғаны белгілі. Жүйеге алдыңғы қатардағылардың бірі болып Алматы облысы да қосылған. Қазір басқармалар, аудандар, қалалар мен ауылдық округтердің әкімдіктері жүйені пайдаланып отыр. Жалпы облыстағы қолданушылар саны 7 мыңнан асады. Сонымен қатар "Protocol" тапсырмаларды бақылаудың ақпараттық жүйесі де жылдам іске қосылған. Оның басты мақсаты –мемлекеттік қызметкерлердің отырыстары мен дұмыстарын жоспарлау, ұйымдастыруды тиімді қылу. Бұл коронавирустық шектеулерден кейінгі кезеңде жұмысты тиімді түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы облыста құжаттардың қозғалысы мен өңделуі автоматтандырылған, бұған бұлтты құжат айналымы жүйесі де көмектеседі. Қазіргі кезде облыс орталығынан бастап ауылдарға дейін осы жүйеге қосылған. Қолданушылардың саны 4 мыңнан асады. Қағаз құжаттардың айналымын қысқарту үшін гибридті электрондық пошта қызметі іске қосылған. Бұл инновациялық қызметтің мақсаты – электрондық құжаттарды басып шығару және жеткізу. Мысалы, қажетті құжатты жүйеге электронды түрде енгізесіз. Әрі қарай ГЭП пунктеріне беріліп, басып шығарылады, тиісті мекен-жайға жеткізіледі.
Өткен жылы басталған іргелі істің бірі – Қонаев қаласының цифрлы көшірмесі. Цифрлы көшірме (Digital Twin, DT) дегеніміз – кез-келген нысанның виртуалды нұсқасы. Олар өзара нақты уақыт режимінде бір-бірімен ақпарат алмаса алады.
Әлемдік 4.0 индустриясында "Цифрлы көшірме" бәсекелестер алдында экономикалық басымдылық береді. Әлемде ең алғаш рет НАСА-ның жол картасында пайда болған ұғым бүгінде әлемнің жетекші елдерінің бәрінде жаппай қолданысқа ене бастады. Қалалар үшін оның басты пайдасы – құрылысты жобалау, ғимараттарды автоматтандыру, энергияны пайдалану, жобалардың қоршаған ортамен байланысы.
"Цифрлы көшірмелер" қазіргі жобаларды басқарып, болашақты болжауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жаңа қалыптасу үстіндегі қалалар үшін маңызды. Ал былтыр ғана облыс орталығы болған Қонаев қаласын трансформациялану күтіп тұр. Аталған жоба орталықпен шектелмейді, биыл оған облыстың 33 елдімекені енгізілмек.
Жер мәселесі соңғы жылдары өте өзекті бола бастады. Саладағы мәселелерді шешу үшін облыс бойынша "Жер учаскесін сату бойынша сауда-саттықты (аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу арқылы мемлекеттік меншіктен жер учаскесін беру" пилоттық қызметі іске қосылмақ.
Цифрландырудың басты құралы – интернетке қолжетімділік. Алматы облысында 380 ауылдың 370-і яғни 1,2 млн-нан астам адам немесе тұрғындардың 99,9%-ы интернетке қол жеткізген. 351 ауыл тұрғындары кең жолақты интернетті пайдаланып, игілігін көріп отыр.
Ғаламтор, тіпті, облыстың ең шалғай жеріндегі, Қырғызстанмен іргелес шекара шебіндегі Күрметі ауылында, әйгілі туристік нысандардың бірі – Көлсай көліне де тартылған.
Өткен жылы облысты цифрландырудағы ауыз толтырып айтуға болатын істің бірі – "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында АКТ саласында кәсіби мамандардың саны, Ehealth ядросымен ақпарат алмаса алатын медициналық ұйымдардың үлесі, интернетке қол жекізген мектептер үлесі, полицияның цифрлық құралдармен жабдықталуы, белсенді инновациялық кәсіпорындар үлесі, жерге қатысты мәліметтерді цифрландыру үлесі бойынша жылдық меже артығымен орындалған.
Бұған қоса 2023 жылы Алматы облысында 5G іске қосылмақ. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің елімізде бесінші буын ұялы байланысын іске қосу жөніндегі жол картасына сәйкес 2023 жылы облыс орталықтарын 5G байланысымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Алматы облысында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту әлеуеті зор. Біріншіден, бұл адам ресурстары, облыста 1,5 млн-ға жуық халық тұрады.
Екіншіден, бұл еліміздің ең ірі мегаполисіне жақын орналасу, Алматы агломерациясына облыстың 188 елдімекені кіреді.
Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта туризм саласында цифрлық шешімдерді енгізу, университеттермен және бизнеспен бірлесіп цифрлық жобалар мен стартаптарды қолдау, айланыс және интернет инфрақұрылымын дамыту, бизнес-процестерді автоматтандыруға баса назар аударылмақ.