Бокстан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Қамшыбек Қоңқабаев Астанада өтіп жатқан "Elord Cup" халықаралық турнирінде екінші жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
92 келіден жоғары салмақта оған ирандық Сафари Роузбех қарсылас атанды. Қоңқабаев бірінші раундты сенімді түрде өткізді. Бірақ одан кейін қарсыласы қарымта шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Алайда, Роузбех бұл үкіммен келіспей, бас бармағын төмен қарату арқылы төрешілерді сынап кетті.
Бокстан Қазақстан құрамасының тағы бір көшбасшысы Айбек Оралбай "Elord Cup" халықаралық турниріндегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. 92 келіден жоғары салмақта 1/4 финалда Оралбай Нұрлан Сапарбаймен кездесті. Бірінші раундта-ақ Оралбайдың қарсыласы нокдаунға түсті. Айбек үш раундты да еш қиындықсыз өткізіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы әлем чемпионы атанған Оралбай наурыз айында Бусто Арцизио қаласында (Италия) өткен лицензиялық турнирде Париждегі ойындарға жолдама жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ Данияр Рахымбердиев "Elord Cup" халықаралық турнирін сәтті бастады. Алғашқы жекпе-жекте 92 келіге дейінгі салмақта ол өзбекстандық Нусратбек Тохировпен кездесуі тиіс еді. Алайда оның қарсыласы жекпе-жекке келмеді. Осылайша, Рахымбердиев келесі кезеңге жекпе-жексіз өтті.
Дәулет Төлемісов 80 келіге дейінгі салмақта ширек финалда өзбекстандық Рахматулло Бойматовпен кездесіп, ұтылып қалды. Осылайша, Бойматов жартылай финалға шығып, онда тағы бір қазақстандық Аятулла Тәкежановпен кездесетін болды.
Ал қыздар арасында Гауһар Шайбекова Астанада өтіп жатқан турнирдегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Оның 70 келіге дейінгі салмақта ширек финалдағы қарсыласы өзбекстандық Мавлюда Мавлонова болды. Бірінші раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің жазбалары Мавлонованың басымдылығын көрсетті – 4:1. Өзбекстандық боксшы қалған үш минутта еш қиындық көрмей, жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дина Жоламан (54 келіге дейін) өзбекстандық Мухлиса Хушвактованы жеңсе, тағы бір қазақстандық Сәния Сұлтанқызы (54 келіге дейін) Шахина Нематовадан мықты болып шықты. Ал Зере Мархабай Өзбекстанның тағы бір өкілі Хуморбан Мамажоновадан жеңіліп қалды.