Грузия парламенті сыншылар БАҚ пен елдің Еуропалық одаққа ұмтылысына қауіпті деп қарастырған заңды ақыры қабылдап жіберді. Осылайша, депутаттар апталар бойы мемлекет астанасында ауқымды демонстрациялар өткізіп, көршілес Ресейге де қарсы ұрандар көтерген шерушілердің пікірін ескермеді.
Даулы заң мен оған наразылыққа қатысты көзқарастың қысқаша сипаттары төмендегідей:
БҰЛ НЕТКЕН ЗАҢ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ІСТЕЙДІ?
Заң бұқаралық ақпарат құралдарынан, үкіметтік емес ұйымдардан және басқа да коммерциялық емес ұйымдардан қаржысының 20%-дан астамын өзге мемлекеттерден алатын болса, "шетелдік державаның мүдделерін көздейтін" мекеме ретінде тіркелуді талап етеді.
Бұл заңның биліктегі "Грузин арманы" партиясы өткен жылы наразылықтардан кейін бас тартуға мәжбүр болған заңнан айырмашылығы шамалы. Тіпті екеуі бірдей десе болады. Сонымен қатар ол сейсенбі күні парламентте үшінші және соңғы қылымнан сүрінбей өтті.
Биліктегі партия бұл заң Грузияның саяси сахнасына зиянды шетелдік ықпалды тоқтату және белгісіз шетелдік субъектілердің елді тұрақсыздандыру әрекетіне жол бермеу үшін қажет дейді.
Жаңа заң күшіне енгенге дейін президентке қол қоюға жіберіледі. Басқарушы партиямен келіспеушілігі артып келе жатқан президент Саломе Зурабишвили оған вето қоюға уәде берді, бірақ "Грузин арманы" сол ветодан бас тарту үшін жеткілікті дауысқа ие екен.
Фото: Reuters
РЕСЕЙ-ГРУЗИЯ ҚАТЫНАСТАРЫ ҚАНДАЙ?
Ресей-Грузия қатынастары 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін және Грузия Кеңестік республика ретіндегі рөлінен кеткеннен бері тұрақсыз күйде қалып отыр.
Соңғы жылдары Ресей-Грузия қатынастары жақсарғанымен, аталған сепаратистік аймақтардың мәртебесі екі жақ арасындағы негізгі жағымсыз фактор болып қалып отыр.
Фото: Reuters
Оппозициялық "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" бұрынғы премьер-министр және Ресейде байыған миллиардер Бидзина Иванишвили негізін қалаған "Грузин арманын" Мәскеудің мүддесіне қызмет етеді деп айыптап отыр. Алайда, биліктегі партия бұны үнемі жоққа шығарып келеді.
ЕО-НЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі комиссары Жозеп Боррель грузин парламентінің шешімін "өте алаңдатарлық жағдай" деп сипаттап, "бұл заңның біржолата қабылдануы Грузияның ЕО-ға өту жолындағы ілгерілеуіне кері әсер ететінін" ескертті. Осыған дейін Боррель грузин қоғамын екіге жарған заңның "ЕО негізгі нормалары мен құндылықтарына сәйкес келмейтінін" және БАҚ пен азаматтық қоғамның еркін жұмыс істеу мүмкіндігін шектейтінін айтқан еді.
Фото: Reuters
Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель болса, Грузияда даулы заң қабылданғаннан кейін мәлімдеме жасап, "Егер олар ЕО-ға кіргісі келсе, заң үстемдігі мен демократияның негізгі принциптерін құрметтеуге тиіс" деп мәдімдеді.