Каспий түбінде төселетін алып интернет кабелге қандай қауіп төнді?

3098

АҚШ-Қытай қақтығысы аясында шың елімен бірлесіп, Каспий арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып жатқан Қазақстан абай болғаны жөн. 

Каспий түбінде төселетін алып интернет кабелге қандай қауіп төнді? Фото: dknews.kz

Мамандардың айтуынша, республикамыз интернет тұрғысынан бүгінде Ресейге тәуелді: бүкіл дерлік интернет-трафик бізге солтүстік көрші арқылы келеді. Бұл тәуелділіктен құтылу үшін Қазақстан Үкіметі 2020 жылы "TransCaspian Fiber Optic" кең ауқымды жобасын қолға алды. Ол Қытайдан бастап, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Германия арқылы өтпек. Бұл талшықты-оптикалық байланыс желісі Каспий теңізінің түбі арқылы тартылады. Дегенмен, артынша жоба дағдарды.

Биылғы 2023 жылғы 26 қаңтарда Премьер-министр Әлихан Смайылов Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннен Каспий арқылы интернет өткізуді тездетуді талап етті. Бірақ бұл бағытта жұмыс шабан жүруде.

Іске таяуда, 18 мамырда Президент Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға сапары қорытындысында тың серпін беріліпті. Мемлекет басшысы жұңғо елінің Сиань қаласында Huawei Technologies компаниясының басқарма төрағасы Лян Хуамен кездескені мәлім. Лян Хуа "Huawei" компаниясы елімізде кең жолақты қолжетімді интернетті дамытатынын, сонымен қатар Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптасуына қатысты зерттеулерді қаржыландырғанын айтты. Соған қарағанда, қазақстандық интернет болашақта Қытайға тәуелді болып қалуы да ғажап емес. Мысалы, шетелдік ақпарат құралдары "Қытай Еуропаға интернетті Қазақстан арқылы өткізеді" деп жазды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл жоба елді өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптастыру аясында тіпті Қ.Тоқаевтың былтырғы қарашадағы сайлауалды тұғырнамасына кіргенін жеткізді.

"Оны орындау үшін Каспий теңізінің қайраңымен ұзындығы 380–400 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу қажет. Аталған Батыс–Шығыс ұлттық гипермагистралінің құрылысы Қытай трафигінің Қазақстан аумағы және суасты кабелі арқылы Әзербайжанға, одан әрі Еуропаға шығуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректер өңдеу орталығын құруды көздейді. Осылайша, деректердің халықаралық транзитінің Ресейден тыс баламалы бағытын және ел нарығына Google, Amazon, Microsoft сияқты кемінде 3 BigTech компаниясын тартуды қамтамасыз етеді", – деді министр Бағдат Мусин.

Бірақ Foreign Policy сарапшылармен ақылдаса келе, Батыс әлемі мен Қытай арасындағы шиеленістен суасты кабелдеріне үлкен қауіп төнгенін жариялады. 

"Әлемді біріктіріп, интернет-трафик жеткізетін суасты кабелдері қауіпті айдындардан өтеді. Мысалы, олардың геосаяси қақтығыстардан зардап шегу қаупі төнді. Себебі, теңіздер түбіндегі талшықты-оптикалық желілер – геосаясатқа бас қатырмауға болатын бұрынғы бейбіт замандардың қалдығы, салдарынан олар қорғалмаған. Ұлттық қауіпсіздікті ойлаған АҚШ ҚХР-мен арасын тікелей жалғайтын осындай желі салуға тыйым салды. Біз су астындағы темір шымылдырық дәуіріне аяқ бастық", – деп жазды Foreign Policy.

Бүгінде Балтық теңізі, Жерорта теңізі, Солтүстік теңіз, Ормуз бұғазы, Оман шығанағы, Оңтүстік Қытай теңізі және басқасының астымен алып кабелдер төселген. Болашақта олардың қатарына Каспий қосылады деп күтілуде. Солардың арқасында жаһан жұртшылығы бір-бірімен интернет арқылы байланыса алады. Енді олардың бәрі қастандық пен лаңкестіктің "құрбанына" айналуы ықтимал.

Биылғы ақпанда бірқатар Тайвань аралдары, мәселен, туристер арасында танымал Мацу аралдары тосыннан әлем мен өркениеттен қол үзді. Соның қарсаңында жақын маңнан қытай кемелері жүзіп өтті. Ізінше интернет жоғалған. Кейін сүңгуірлер екі кабелдің кесіп тасталғанын анықтады.

"Бұдан көптеген жергілікті компаниялар қатты зардап шекті. Заманауи экономика, базалық логистика интернетке қосылыстың бар-жоқтығына шектен тыс тәуелді екенін сезінді. Бүгінде барлығы интернетке байланған. Әрине, деректер берудің резервтік жүйелері іске қосылды, бірақ байланыс төтенше нашар болып шықты. Мысалы, бір sms-хабарламаны жіберу үшін шамамен 20 минут кетті. Веб-сайттардың басым көпшілігі ашылмады. Қонақүйлер онлайн-броньдау жазбаларына қол жеткізе алмағандықтан, қонақтарын қабылдай алмады. Бұл туризм индустриясының тоқырауына соқтырды. Шағын және орта бизнес, ритэйл, мейрамханалар және басқалары электронды коммерция платформаларына шыға алмай, дағдарды. Әуежайларда рейстер, порттарда кемелер тоқтады", – дейді Тайванның билеуші Демократиялық прогрессивті партиясының өкілі, жергілікті саясаткер Вэнь Ли.

Ақыры, 31 наурызда Тайвань билігі суасты кабелдерін жөндеуге арналған кемені таба алды. Сарапшылардың пікірінше, бұл елдің қайта жолы болды: әдетте кабель жөндеуші кемелерді күту әлдеқайда ұзаққа созылады. Өйткені олар теңіздерде өзге талшықты-оптикалық желілерді тартуға жұмылдырылған.

Осы оқиғадан кейін "Үлкен жетілік" елдері, саясаткерлер, бизнес пен әлем қоғамдастығы суасты кабелдерінің жау шабуылынан, диверсиялардан еш қорғалмағанын мойындады. Кейбір халықаралық Fiber Optic желілерінің иелері жеке жөндеу кемелерін бөліп, оларды тұрақты патрульдеуге шығарды. Бұл аса қымбатқа түсетіндіктен, дамыған елдердегі ондаған қожайын компания коалицияға біріккен. Бірақ осылай жасауға Қазақстанның ресурсы жетпеуі мүмкін. Оның үстіне бірқатар сарапшылар Каспий түбі арқылы өтетін Батыс–Шығыс ұлттық гипермагистраліне қытайлық компаниялар қызмет етуі ықтимал деп болжап отыр.

Америкалық кәсіпкерлік институтының аға ғылыми қызметкері, колумнист Элизабет Брау (Elisabeth Braw) осындай суасты желілерін басқаратын трансұлттық корпорациялардың құрамына Қытайдың еніп алғанына назар аудартады. Атап айтқанда, сала алыбы FLAG North Asia Loop құрамына Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мен Тайвань кіреді.  

Сондай-ақ Франция, Индонезия, Италия, Сауд Арабиясы мен Түркия құрған тағы бір алпауыт – Seaway-5 иелері қатарына China Mobile қосылды. Тайвань және ҚХР арасын қосатын Express-1 желісі бүгінде тайвандық компаниялар сыртында, China Mobile, China Unicom компанияларына да тиесілі.

Әлем болса, ары қарай белсенді цифрлануда. Ендеше суасты тораптарының тізгіні кімнің қолында болса, тұтас елдер де соған тәуелді. Бұл тәуелділіктен құтылу үшін Илон Масктың SpaceX компаниясы кабелге байланбаған, ғарыштағы жерсеріктер арқылы кең жолақты, жоғары жылдамдықты интернетті тарататын Starlink жаһандық спутниктік жүйесін құрды. Бір жағынан, соған дер кезінде қосылу арқасында Украина соғыста ойсырай жеңілуден аман қалды.

Сонымен бірге, жаһан жұртшылығы талшықты-оптикалық байланыс желісінен де бас тартпайды. Сарапшылар олардың ұзындығы жыл сайын 30% өсіп отырады деп тұспалдайды.

Telegeography зерттеу және консалтинг фирмасының зерттеулер жөніндегі директоры Алан Молдин бұл үдеріске шың елі кедергі келтіруге тырысып жатқанын мәлім етті: соңғы жылдары Бейжің Оңтүстік Қытай теңізі арқылы жаңа суасты кабелдерін төсеуге рұқсат бермей келеді.

"Өз кезегінде АҚШ Қытайдың суасты байланыс желілеріне заңсыз қосылып, сол арқылы тыңшылық жасау қабілетінің артқанына қатты алаңдап отыр. Салдарынан америкалық құзырлы органдар Google, Meta және Amazon корпорацияларына бүкіл АҚШ аумағын торлайтын және оның штаттарын қытайлық Гонконгпен тікелей қосатын, бұрыннан жоспарланған 4 желіні салуға тыйым салып тастады. Нәтижесінде, олардың екеуі жоспарларына өзгеріс енігізіп, желі бағытын Тайвань мен Филиппинге ауыстырды. Бұл компанияларды біраз шығынға отырғызды, себебі барлық жобалар әзірленді. Ал құрылыстың бастапқы кезеңі аяқталып қалғанда, ол жобаға тосқауыл қойылды. Бұл жобаға тартылған компаниялар үшін апатпен тең болды", – деді сарапшы.

Әдетте бизнес ісіне араласпауды жөн көретін Ақ үйдің қауіпсіздік үшін алаңдаушылығының зор екенін осыдан аңғаруға болады.

Элизабет Брау тағы бір ірі халықаралық желіге геосаяси қақтығыстар зиянын тигізуі мүмкін деп санайды. Әңгіме соңғы кезде ушыға бастаған Қытай және Үндістанның арасындағы жер мен су айдынына қатысты жанжал туралы болып отыр.

Мысалы, үндістандық Global Cloud Exchange халықаралық Falcon Cable мега-жобасын жүзеге асыруда. Ол Үндістаннан бастау алып, Иран, Ирак, Кувейт, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Оман, Сауд Арабиясы, Біріккен араб әмірліктері, Катар және Йеменге жетеді. Алайда бұл өңірге Қытай араласып, өз ойынын жүргізе бастады. Бірін бірі атажау санайтын Иран мен Сауд Арабиясы ҚХР араағайындығымен 2023 жылғы сәуірде жеті жылға үзілген дипломатиялық қатынастарын қалпына келтірді. Тиісті келісімшартқа екі елдің сыртқы істер министрлері қол қойды.

Инвестиция құю арқылы Иранның басты серіктесіне айнала бастаған Қытай Үндістанды жазалағысы келіп, өтініш жасаса, онда Тегеран өзі арқылы өтетін жаңа кабелді мақұлдаудан бас тартуы ғажап емес.

Батыс сарапшыларының байламынша, экономикамен шектелмей, енді жаһандық геосаясатқа да білек сыбана кіріскен Бейжің дүниежүзінің көптеген аймағын "кабелдер үшін геосаяси қауіпті айдындарға" айналдырып жіберді.

Nikkei Asia мәліметінше, құрылысы жоспарланған халықаралық кабелдер жобаларының көпшілігі Оңтүстік Қытай теңізінен аулақтап, енді Филиппин, Индонезия сияқты елдерге қайта бағдарланып жатыр. Мысалы, Meta да, Google да Калифорния мен Сингапур арасын жалғайтын желісін Гуам мен Индонезия арқылы тартуға кірісті.

Дамыған елдердің инвесторлары Қытайдың ықпал аймағына кіретін мемлекеттердің аумағы арқылы интернет пен байланыс желісін тарту жобаларына қаржы салудан қорқатын болады. Ал Қазақстан және Каспий теңізі шың елінің ықпал аймағына белсенді кіріп бара жатқанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу