Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі туралы сөз қозғаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұл салада азаматтар 3 санатқа бөлінетінін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Тамара Дүйсенова айтқан бірінші санат - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар.
"Олардың саны 300 мыңнан аса адам, базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақы мөлшері 120 мыңнан 160 мың теңге", – деп түсіндірді министр.
Екінші санат - зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен зейнеткерлер, олар еңбек өтілі болғандықтан, еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Олардың саны 1,9 млн адамды құрайды, 2030 жылға қарай 2,6 млн жетуі мүмкін. Бұл топтың жиынтық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңмен төмендетіледі, өйткені ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына және жинақтау жүйесіндегі қысқа мерзімді кезеңдегі жеткіліксіз зейнетақы жинақтарына байланысты.
Үшінші санат – бұл болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, БЖЗҚ-дан базалық және жинақтаушы зейнетақысын алады.
"Қазіргі және болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау. Бүгінгі зейнеткерлер толқыны үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 АЕК-ке дейін немесе орта айлық жалақының 70 %-на дейін жеткізу арқылы өседі.
Ал зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі. Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер секілді зейнетақының 3 түрін алады: мемлекет есебінен – базалық зейнетақы; жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы; өз жинақтары есебінен - жинақтаушы зейнетақы.
Бұл шаралар азаматтарды бұрынғы табысына сәйкес лайықты зейнетақымен қамтамасыз етеді деп пайымдаймыз", - деп атап өтті министр.
Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасына салымшылардың өз активтерін басқару бойынша құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізілетінін айтты.
Ал белгіленген жеткіліктілік шектен зейнетақы жинақтарын азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайтын болады.
Салымшылар қалған немесе барлық жинақталған соманың 50%-дан аспайтын зейнетақы жинақтарының бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және ол компанияны өздері таңдауға құқылы болады.
Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тек Ұлттық банк басқаратын жинақ бөлігіне ғана берілетінін атап өту қажет.
Ал жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдаған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді ескеруі қажет.