Соғыс жайлы сөз еткенде ұмыт қалдыруға болмайтын бір әңгіме бар

1056

Фашистердің талқандалғанына 79 жыл өтсе де, қан майданда ерлікпен қаза тауып, әлі күнге дейін қайда жерленгені белгісіз жауынгерлеріміз қаншама. 

Соғыс жайлы сөз еткенде ұмыт қалдыруға болмайтын бір әңгіме бар Фото: islam.ru

Елімізде майданда із-түзсіз кеткен боздақтарды іздеу жұмыстарымен айналысатын жалғыз ұйым - "Atamnyn Amanaty" Қоғамдық бірлестігі биыл бес жылдың белесіне шығып отыр.  

Ұлы Отан соғысы кезінде 271 мыңнан астам қазақстандық жауынгер хабар-ошарсыз кеткен екен. Сол зұлматты жылдардан бері қарай қанша көп уақыт өтсе де, олардың табылғанынан табылмағаны әлі көп.

Мәселен 2019 жылы құрылған "Atamnyn Amanaty" ҚБ-не осы кезеңде сайт арқылы 8 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Соның ішінде, 4000-нан астам қазақстандық сарбаздың жерленген орындары мен жеке тұлғалары анықталған болса, 19 сарбаздың тұрпаты туған жеріне жеткізіліп, әскери құрметпен жерленген.

"Atamnyn Amanaty"-ның миссиясы - жастарды рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық жолмен тәрбиелеу арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғап, тарихи жадыны сақтау, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді шоғырландыру. Ал қызметінің негізгі бағыттарының бірі - халықаралық ынтымақтастық. Бүгінде табысты іске асып жатқан бұл бағыт бойынша 50-ден астам келісімге қол қойылғанын ерекше атап өткен жөн.

Мәселен, солардың соңғыларының бірі - 2023 жылдың 11 қыркүйегінде Нидерланд Корольдігінің "Кеңестік Даңқ алаңы" қорымен бірлескен жұмыс туралы меморандумға қол қойылды. Қор директоры Ремко Рейдингтің айтуынша, Голландия аумағындағы "Амерсфорт" концлагерінің әскери тұтқындары арасында қазақтар да болған екен. Онысы нақтыланып та отыр. "Atamnyn Amanaty"-ның іздестіру жасағы голландиялықтардың көмегімен Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің бірін және оның ұрпақтарын таба алды. Олар – Алматы қаласында тұратын Баратовтар отбасы.

Одан бөлек Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, соның ішінде шетелдегі елшіліктер, әскери атташелердің күшімен, ТМД елдерінде ғана емес, Еуропа аумағында жерленген қазақстандық жауынгерлердің деректер базасы жинадық. Бұл тізімде шамамен 20 мың адам бар. Біз олардың жақындары мен туыстарын іздеу бойынша қарқынды жұмысты бастадық", - дейді "Atamnyn Amanaty" ҚБ Басқарма Төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Оның айтуынша, былтыр 10-24 тамыз аралығында қазақстандық іздестіру жасағы "Батыс майданы. Варшава тас жолы" атты әскери-тарихи экспедицияға қатысқан. Ол Ресей Федерациясы Калуга облысының Барятинск ауданының аумағында өтіпті. Оның барысында 1941 жылы тамыз айында Ақмолада жасақталған №387-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне арнап еске алу тақтасы орнатылды. Мұрағат құжаттарынан белгілі болғандай, өздерінің алғашқы шайқасына олар сол жылы 27 желтоқсанда Ульянов ауданы Троицкое ауылының түбінде түсіпті. 1942 жыл бойы әрі қорғана, әрі шабуылдай отырып, Калуга мен Тула бағыттарын бөгеп тұрған. Бірақ, өкінішке қарай, 1942 жылдың жазында қоршауға түсіп, талқандалған екен. Мәселен, 15 тамызда қоршаудан босатқанда 12 мың адамдық дивизиядан небары 800 адам ғана аман қалған. Калуга облысы губернаторының айтуынша, облыс аумағында бес қазақстандық дивизия шайқасқан. Далалық жұмыстар жалғасатын болады.

Одан бөлек, "Atamnyn Amanaty" ҚБ 2023 жылдың 22-23 қыркүйек күндері Алматы қаласында "Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас" атты халықаралық конференция өткізді. Мақсаты - Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттердің аумақтарында мұрағаттық және далалық іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру, жауынгерлердің сүйектерін туған жеріне жіберу кезіндегі өзара іс-қимылдарды пысықтау, оларды мәңгілік есте қалдыру жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізу, сондай-ақ жастарды әскери-патриоттық және рухани-адамгершілік рухта тәрбиелеу. Форум жұмысына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерінің мемлекеттік огандары мен іздестіру отрядтарының өкілдері, сондай-ақ ғалымдар, тарихшылар, мұрағатшылар, мұражай қызметкерлері, Қарулы Күштер ардагерлері және тағы басқалар қатысыпты. Осымен үшінші рет өткен бұл конференция ТМД елдерінің үкіметтік емес ұйымдары мен іздестіру қозғалыстарының диалог алаңына айналып отыр.

"Жастарды рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмыстарына келсек, Астана қаласындағы барлық 33 колледжбен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Біз ұйымдастырған "Аталар аманатына адалмыз" акциясы аясында әрбір колледж өз беттерінше Қазақстанда құрылған құрамалар мен дивизиялардың тарихын зерделеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жұмысымызға Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-техникалық мектептердің курсанттарын тартамыз. Бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес ӘТМ курсанттары мен оқытушылары жыл сайын майдан далаларындағы қазба жұмыстарына қатысып тұрады.

Тағы бір айта кеткім келетіні, былтыр 19 тамызда Астанадағы Триатлон саябағында Кеңес Одағының екі мәрте батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтың туғанына 101 жыл толуына орай жүгіруден жарыс өткіздік. Оған 1000-нан астам адам қатысты. Олардың ішінде ҚМ Ақмола гарнизонының, ҰҚК Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, қарулы күштер ардагерлері, кәсіби спортшылар мен спорт әуесқойлары болды. Міне осы жарыс жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Мәселен, оны АҚШ-тағы Google, Meta, NASA, Apple сияқты әлемге әйгілі компанияларда жұмыс істейтін қазақ жастары да қолдады. Бір сөзбен айтқанда ондағы ең жас қатысушы 16 жаста, ең үлкені 73 жаста болды", - дейді бірлестіктің Халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі Әлия Сатмурзина.

Одан да өзге атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екен. Мысалы, 2023 жылы 6-17 қараша күндері Астана колледждері арасында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С. Нұрмағамбетовтың құрметіне волейболдан турнир өткізілген. Ал биыл, Жеңіс күні қарсаңында Астана маңындағы Төңкеріс ауылында 69 адамның есімі жазылған стелла ашылыпты. "Atamnyn Amanaty" ҚБ-нің іздеушілері жыл басында ғана осы ауылдан майданға аттанған осыншама адамның 14-і қайда жерленгенін анықтаған. Олардың хабары Польша, Украина, Беларуссия және Ресей мемлекеттерінен шығып отыр. Қалғандарын іздеу ҚМ Орталық архивінің сайты жаңа құжаттармен жаңартылғанына қарай жалғасатын болады. Жалпы іздестіру жұмысында түрлі қызықты оқиғалар болып тұрады екен. Нақтырақ айтқанда, марқұмдардың өздері де қатысып жатады.

"Кейде біздің жұмысымызда мистикалық жағдайлар да болып тұрады. Мысалы, Қызылорда облысының тұрғыны Жантас Батырханұлы әкесінің туған інісіне ұзақ жылдардан бері іздеу салып жүрген екен. Әскери комиссариаттарға, мұрағаттарға, біздің қоғамдық бірлестікке жазған хаттарынан нәтиже болмаған. Содан бір күні қызық түс көріпті. Өзі оны былай деп айтып берді: "Түсімде орманда жүр екем. Қалың шөптің арасынан бір тасты көрдім. Ол қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш боп шықты. Онда 7-8 адамның аты-жөні жазылған, солардың ішінде әкемнің інісі Айтуған Меделхановтың да аты бар екен. Бір сәтте ағамның өзі пайда болып, маған: "Мені ізде. Таба аласың. Егер Зубов деген фамилиясы бар адамды тапсаң, мені тапқаның" деді. Содан сол түсімді ұмыта алмадым", - дейді. Осылайша, Жантас бізге тағы да хабарласады. Бар білетіні Айтуған Меделханов деген ағасы 1941 жылы қарашада Ленинград маңында қаза тапқан. Одан соң осы іспен айналысқан біздің волонтер Айгүл Айтоваға түсін айтып беріпті. Сол айтқандай, біздің қызметкер Ленинград түбінде қаза тапқандардың тізімін көтеріп, олардың арасынан Колпино қаласында қаза тапқандардың тізімін табады. Міне, қызық, сол жерден бірінші Зубовтың фамилиясы көзге түседі, соған ілесе қызылордалық Айтуған Меделхановтың да аты-жөні шығады. Көптен күткен жаңалық құлағынан тиген бойдан Жантас ағамыз бірден Ленинград облысына тартады. Ағасы жатқан бауырластар моласына туған жерден бір уыс топырақ ала барады. Міне, осындай да жағдай болған…", - деп күледі Басқарма Төрағасы Мұрат Жанатайұлы.

Бүгінгі таңда "Atamnyn Amanaty" Қоғамдық бірлестігі алдағы перспективаға бағытталған жоспарлар мен жобаларын әзірлеп жатыр. Биыл республика көлемінде Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаев сынды аңызға айналған тұлғалардың 100 жылдығы атап өтіледі. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы да жақындап келеді. Үкімет Қаулысымен "2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу Тұжырымдамасы" бекітілген. Қоғамдық ұйымның өкілдері осындағы қай іс-шараға да барынша үлес қосуға дайын.

Осы ретте, бірлестіктің жұмысы ерікті жандардың арқасында ғана қоғамдық негізде жүзеге асып жатқанын атай кету керек. Мұндағы іздеуші жасақтар мен волонтерлердің жанқиярлық еңбегі – тарих алдындағы парыз бен ұрпақ алдындағы аманаттың асыл үлгісі. Олар күш-қайраты мен уақытын сарп етіп, шайқас алаңдарында, мұрағаттар мен түрлі форумдарда азаматтық борыштарын атқарып жүр. Еңбегінің марапаты - 80 жылдан соң туған жеріне оралған жауынгерлердің туыстары мен тікелей ұрпақтарының ризашылығы, қуаныштан төгілген көз жасы ғана.

Ендеше, адамзат тарихындағы ең бір сұрапыл соғыстың естелігі мен аталар ерлігі ешқашан да ұмтылмауға тиіс. Осынау қасиетті күні қан майданда от кешіп опат болған,  тайсалмай жауға шауып, батырлық танытқан аталарымыздың мұқалмас жігерінің алдында бүгінгі ұрпақ бас иетіні ақиқат. Жеңіс күні – бейбітшілік пен жасампаздықтың мәңгі мәйегі болып қала бермек!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу