Нетаньяху Иранмен соғыста жеңіске жетуге уәде берді

656

Қарулы жанжал бүкіл аймаққа тарайды деген қорқыныш күшейіп келеді.

Нетаньяху Иранмен соғыста жеңіске жетуге уәде берді Фото: REUTERS

Сенбінің кешінде Иран Израильге дрондармен, зымырандармен соққы берді. Ислам Республикасының қолбасшылығының ескертуінше, Израиль Ираннан кек аламын десе, одан да ауқымды шабуылға ұшырайды. Және де Тегеран Вашингтонды өзінің одақтасының әскери әрекеттерін қолдамауға шақырды.

"Біздің жауабымыз бүгінгі әскери акциядан әлдеқайда ауқымды болады. Ал Құрама Штаттар Израильдің жауап қайтару әрекеттерін қолдаса, мұндай әрекет америкалық базаларға шабуыл жасауға әкеп соғады", - дейді мемлекеттік телеарна арқылы жасаған мәлімдемесінде Иран қарулы күштері штабының қолбасшысы генерал-майор Мохаммад Багари.

Израиль хабарлағандай, оған болмашы ғана шығын келіп, елдің әуе кеңістігі қайта ашылған. АҚШ болса, Иранға дипломатиялық жауап қайтару мәселесін ірі державалармен бүгін талқылайтынын мәлімдеп отыр.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елінің бұл тайталаста жеңіске жететініне уәд беріп, әскерилердің Иран жіберген 300-ден астам дрон мен ракеталардың түгелге жуығын атып түсіргенін айтты.

Сәуірдің 1-де Иранның Дамасктегі елшілігіне шабуыл жасалып, одан элиталық Ислам революциясы сақшылар корпусының офицерлері қаза тапты. Бұл соққыны Израиль жасады деген болжам бар.

Израиль әскерилерінің сөзінше, Ираннан жеткен дрондар мен зымырандардың 99 пайызы құлатылған және қарулы күштер өздерінің әрі қарайғы әрекеттерін талқылап жатыр.

Channel 12 телеарнасы хабарлағандай, Иранның шабуылына "айтарлықтай жауап" қайтарылады.

Иранға арқа сүйеген "Хамас" қазанның 7-де Израильге басып кіргеннен кейін басталған Газадағы соғыс аймақтағы шиеленісті тіпті күшейтіп, Ливан мен Сирия шекарасына дейін жетті. Және де израильдік нысандарға кейінгі кездері Йемен мен Ирактан да соққы беріліп жүр.

 АЙМАҚҚА ТӨНГЕН СОҒЫС ҚАУПІ

Осы аймақтағы Иранның ең қуатты одақтасы – ливандық шииттік "Хезболла" тобы Газадағы соғыстың басынан бері Израильмен атысып келеді. Иранның шабуылынан кейін ол да Израильдің әскери базасына зымыран атқанын хабарлады. Өзге бір мәліметтерге қарағанда, Израильге йемендік хуситтер де дрон жіберген. 

Бұл қақтығыстар енді тікелей ашық әскери жанжалға ұласып кетеді деген қауіп бар. Мұндай соғыста Иран мен оның аймақтағы одақтастары Израильмен және оның негізгі одақтасы АҚШ-пен қақтығысуы ықтимал. Мысыр тараптарды "мейлінше ұстамды" болуға шақырды.

Израильдің негізгі әскери өкілі контр-адмирал Даниэль Хагари Иранның әрекетін "өте салмақты" деп атап, оның "аймақтық эскалацияға" әкелететінін ескертті. Хагаридің сөзінше, Иранның соққысы бір израильдік әскери нысанды аз ғана зақымдаған.

Сонымен қатар, ол тұрғындарға жасырынуға дайын болуға кеңес бермейтінін атап өтті. Себебі қауіп сейілген. 

БҰҰ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ ОТЫРЫС ӨТКІЗБЕК

Иран өзінің Дамасктегі елшілігіне шабуыл жасалып, жеті офицері өлгеннен кейін Израильден кек алуға уәде берді. Және де кешегі оқиғаны Тегеран "Израильдің қылмыстарына" жауап деп атады. Израиль болса, Сириядағы дипмиссияға соққы берді деген мәліметті не растаған жоқ, не жоққа шығармады.

"Егер израильдік режим тағы бір қателік жасайтын болса, Иранның реакциясы біршама қатал болады. Ал бұл іске АҚШ араласпауы керек", - дейді Иранның БҰҰ-дағы өкілдігі.

Израиль премьер-министрімен телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Джо Байден жексенбі күні "Үлкен жетілік" лидерлерімен кездесу өткізіп, Иранның шабуылына дипломатиялық жауапты үйлестіру мәселесін талқылайтынын атап өтті.

АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Американың Иранмен соғысуға ұмтылып отырмағанын, бірақ америкалық күштер мен Израильді қолдау үшін ойланбастан шара қолданатынын ескертті.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы Лондон уақытымен жексенбі күні 20:00-де өтуі керек. Израиль бұл отырыстан Иранның шабуылын айыптауды және Ислам революциясы сақшылар корпусын террористік ұйым деп атауды талап етіп отыр.

Иранның "Фарс" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Тегеран қазір Иорданияны жіті бақылап отыр. Егер Иордания Израильді қолдайтын болса, ол да шабуылға ұшырауы ықтимал.

Бұған дейін Иордания сенбінің кешінде өзінің әуе кеңістігіне енген ұшатын нысандарды аулағанын хабарлаған еді. Және де бұл елдің бірнеше қаласының тұрғындары әуедегі белсенділіктің күшейгенін байқағандарын айтады.

Иранның одақтасы Сирия өзінің әуе қорғанысы жүйесін ел астанасының айналасында және ірі базалар маңында жоғары дайындыққа көшіргенін мәлімдеп отыр. 

Айта кетсек, Иранның шабуылдарын Еуропа Одағы, Ұлыбритания, Жапония, Чехия, Дания, Франция, Мексика, Нидерланды және Норвегия айыптады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу