Ресейлік компаниялардың Қытайда тауар үшін төлем жасау әрекеттері делдалдар нарығын гүлдендіріп жатыр. Себебі жергілікті банктер Батыстың санкцияларына байланысты олармен жұмыс істеуге қорқады. Мұны Reuters агенттігі хабарлады.
Оның дерегінше, осы қауіпке байланысты екі жақты транзакциялардың жартысы делдалдардың көмегімен жүзеге асатын болған.
АҚШ Қаржы министрлігі болса, Ресеймен арада мұндай төлем жасағандарға санкция қолданатынын ескертті. Осыны ескерген қытайлық банктер ресейлік компаниялармен байланысын шектеп жатыр.
Сауда кеңесшілері, банкирлер, импортшылар, экспортшылар аталған агенттікке берген анонимдік сұқбатында айтқандай, транзакциялардың кешеуілдеуі кәсіпорындарды делдалдардан көмек сұрауға мәжбүрлеп отыр.
Делдалдар болса, екі жақ арасында ақша аударуға көмектескені үшін үлкен комиссия алады және де олардың мұндай жәрдемінен кейін тиелген тауардың үшінші бір елде тәркіленбейтініне кепілдік жоқ.
"Төлемдері өтпегендіктен, бір банктен екіншісіне жүгіріп жүрген ресейлік кәсіпкерлер көп", – дейді дереккөздердің бірі.
Өзге бір дереккөздің мәліметінше, көптеген фирмалар төлемдерді әлдеқайда тезірек өңдеу үшін төлем агенттері мен уақытша компаниялар құруға кірісіп жатыр.
Солардың қатарында Гонконгта, Қырғызстанда, Қазақстанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және өзге жерлерде орналасқан заңдық тұлғалар бар, деп хабарлайды Reuters.
Делдалдармен жұмыс істейтін ресейлік екі консультант айтқандай, аталған ресейлік компаниялардың жартысына жуығы делдалдардың көмегіне жүгінеді. Ал батыстық санкцияларға іліккен ірі кәсіпорындар делдалдармен мұндай схеманы бір жыл бұрын жасап қойған.
Reuters агенттігінің өзге бір дерегінше, ресейлік компаниялардың бестен бір бөлігі ғана Қытай банктеріндегі есепшоттарына жүгіне алса, 30 пайызының мұндай аккаунттарға кіруге мүмкіндігі шектеулі екен.
ҚАУІПТІ СТРАТЕГИЯ
Дегенмен, делдалдар желісінің өз қаупі бар. Олар әрбір транзакция үшін мыңдаған доллар алуы мүмкін. Бұл іске үшінші елдер киліксе, олардың жерінде Ресейге баратын тауарлар тәркіленуі ғажап емес.
Reuters мәліметінше, Қытайдан Ресейге бара жатқан серверлердің ірі партиясы Қазақстан жерінде тәркіленген. Себебі бұл тауар АҚШ-тың санкциялар тізіміне еніпті.
Қытайлық банктер делдалдар арқылы жасалған төлемдерді қабылдамауы мүмкін. Транзакциялардың аса ресми емес тәсілдері нәтижесінде тауар үшін жіберілген ақша жоғалып кетуі де ықтимал. Мұны ресейлік импортшылардың бірі Reuters тілшісімен болған әңгімеде растады.
Алайда, ресейлік текстильдік компаниялардың бірі делдалдардың көмегімен Қытайда есепшот ашып, оған Қырғызстан арқылы ақшаны сәтті аударып жатқанын айтады.
ПУТИН ҚЫТАЙҒА БАРМАҚ
Кеден деректері бойынша өткен жылы Қытайдың Ресейге жөнелтілімдері 2021 жылмен салыстырғанда 64,2%-ға жоғары болды, ал екі ел арасындағы жалпы сауда рекордтық 240 миллиард долларға жеткен.
Қытай Мәскеуге, әсіресе, көлік пен техника жөнелтіп, ресейлік мұнайды көбірек сатып алып жатыр. Бірақ осының бәрі үшін төлемдер кешіктіріліп жатыр.
"Халықаралық төлемдерге келетін болсақ... біз қайталама санкциялардың күшеюі мен төлемдердің күрделену қаупін көріп отырмыз. Біз төлемдерді жеңілдету жолдарын қарастыру үшін серіктестерімізбен байланыстамыз", – деді жұма күні Ресей банкінің төрайымы Эльвира Набиуллина.
Кейбір бизнес өкілдері Президент Владимир Путиннің келесі айда Қытайға сапары бұл мәселені шешуге көмектеседі деп үміттеніп отыр.
"Ресейдің ресми делегациясының Қытайға сапарынан кейін бірдеңе өзгеруі мүмкін", – деді дереккөз.
Өзге біреулер пессимистік көзқараста, олар Ресей Қытай банктері үшін басымдыққа ие емес деп санайды.
Өйткені екі ел арасындағы сауданың қарқынды дамуына қарамастан, Қытайдың АҚШ-пен және Еуропалық Одақпен сауда айналымы әлдеқайда үлкенірек екен.
"Олар ресейлік компанияларға төлем жасау үшін өз нарығын құрбандыққа шалмайды", – дейді атын атамаған дереккөздердің бірі.