Үкімет автокөліктерге қатысты ел наразылығын туғызуы мүмкін жағымсыз "сюрприз" әзірлеуде

17096

Көнерген, ауаны бүлдіретін автомобильдерін пайдаланатындарға 1,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салу ұсынылды. 

 Үкімет автокөліктерге қатысты ел наразылығын туғызуы мүмкін жағымсыз "сюрприз" әзірлеуде Фото: Anton Petrus

Ұлттық экономика министрлігі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңның жобасын әзірледі.

Заң жобасының басты 2 жаңалығы бар.

Біріншіден, қолданыстағы Әкімшілік кодекстің "Шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтерінен асыра отырып, автомотокөлiк құралдары мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану" аталатын 334-бабынан әкімшілік ықпал ету шарасы ретінде ескерту жасау алып тасталады.

Яғни, көлігінің ауаны шектен тыс бүлдіретінін полиция біліп қойса және өлшеу кезінде онысы расталса, онда бұрынғыдай бірінші жолы жәй ескертумен құтыла алмайды.

Екіншіден, субъектілердің әртүрлі санаттары үшін айыппұлдар мөлшерін де ажыратып, градациялау енгізіледі.  

"Бұл талап шығарынды газдарында ластаушы заттарының көлемі нормативтерден асып кететін автомотокөлiктер мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдаланғандарға қатысты. Бұл ретте меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан заңды тұлғаларға да, жеке адамдарға да талап қойылады. Қандай да бір субъектілерге қатысты жеңілдіктер болмайды", – деп түсіндірді экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ғалия Омарова.

Белгілі болғандай, белгілі эколог Мэлс Елеусізовтің ұлы, Алматы қаласы мәслихатының қазіргі депутаты Тимур Елеусізовтен тиісті ұсыныс түсіпті. Депутат тек қана жеке тұлғаларды, яғни ластаушы машинаны басқарған жүргізушілерді ғана емес, сонымен қатар бизнес нысандарын, компанияларды да жазаға тарту жөнінде бастама көтерген екен. Оның дәйектеуінше, қоршаған ортаны бүлдіретін көлік, әсіресе, жүк көліктері, автобустар және басқасы заңды тұлғаның меншігіне тіркелуі мүмкін.

Мұндай жағдайда олар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Себебі, қазіргі уақытта, депутаттың мәліметінше, "100% жағдайда, тіпті машина компанияға тиесілі болса да, тек қана жеке тұлғалар, яғни жүргізушілер ғана жазаланады".

Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі заң жобасына депутаттық жазалау тетігін де қосып отыр. Бұған бизнес қарсы. Олардың дәйектеуінше, бұл бизнестің онсыз да ауыр қаржылық жүктемесін арттыра түседі, әрі компанияға салынған айыппұлды рәсімдеу процедурасы күрделі. Одан гөрі жүргізушісінің атына енгізілген айыппұлды төлей салу жеңілірек көрінеді.

Бюджетті толтыра алмай жатқан билік бизнестен қосымша ақы жинағысы келіп отырғанға ұқсайды. Жалпы, Үкімет айыппұлдардың неше түрінен тұратын Әкімшілік кодексті "сауынды сиырға" айналдырып алды.  

Эколог Райдин Қасымов ескірген, нормативтерге сай келмейтін көліктерді пайдаланатын заңды тұлғаларға бұған дейін де жаза қарастырылып қойғанын еске салады. Депутат жіті оқымаса керек.

"Әкімшілік құқық бұзушылық кодексін тағы да шамадан тыс жүктегелі тұр. Қажеті не? Заңды тұлғаларды осы үшін жазалау Әкімшілік кодексінің қазіргі нұсқасында да көзделген. Мәселен, ӘҚБтК-ның 333-бабында ластаушы заттары, шығаратын шуының деңгейi белгiленген нормативтерден асып кететін автомобильдердi, ұшақтарды, кемелердi және басқа да жылжымалы құралдарды пайдаланса, шағын кәсіпкерге – 20, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 40, iрi кәсiпкерлiк нысандарына – 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салады. Мұндағы проблема сол, заңды тұлғаларға айыппұлды ресімдеу рәсімдері өте күрделі. Сондықтан уәкілетті органдар қолданыстағы осы жазаны қолданғысы келмейді", – деді Райдин Қасымов.

Автоәуесқой, белсенді Вадим Смирнов Үкімет осы арқылы болашақта халық пен бизнесті ескі көліктерін тездетіп, утилизацияға тапсыруға мәжбүрлеуі мүмкін деп жорамалдады. Ол Қазақстанда әрбір екінші автомобильдің "жасы" 20 жылдан асып кеткеніне назар аудартты.

"Мұны мен ойдан шығарып отырған жоқпын, Ұлттық статбюроның ресми статистикасы. Елімізде пайдаланылғанына 20 жылдан асып кеткен көліктердің үлесі 51%-ға жеткен. Яғни, көлік емес, қоқтық, қоқыр-соқыр. Қалғаны да оңып тұрған жоқ: тағы 21%-ының жасы 10-нан 20-жылға дейін барады. Яғни, жаңа көлік аз. Бұған кім кінәлі? Халық па? Биліктің өзі. Біріншіден, мемлекет ішкі автонарықты бірнеше олигархиялық топтың еншісіне тапсырып, өзге елдердің автоконцерндерінің келуіне тосқауыл қойды. Екіншіден, кедендік салықты, баж алымын, утилизациялық алымды тым жоғары белгілеп, қазақстандықтардың сырттан жаңа көлік әкелуін қатты шектеп тастады", – деді В.Смирнов.

Бұдан бөлек, енді елді қытайлық арзанқол көліктердің жаулауына жағдай жасап, жеңілдік, артықшылықтар беруде. Маманның пікірінше, қытайлық көліктердің басқасын айтпағанда, металының сапасы нашар, біздің климатқа ұзақ шыдамайтын көрінеді. Бірнеше жыл ішінде жылдам тозып, тот баса бастайды. Яғни, жұңғо елінен лек-лекпен ағылған машиналар бірнеше жылдан соң "автоқоқтықтың" (автохлам) үлесін күрт арттырмақ.

Сарапшы бүгінде қазақстандықтар ескі көлігін утилизацияға тапсырмайтынын жеткізді. Себебі, "Жасыл даму" АҚ көнерген көліктерді сатып алу бағдарламасын доғарған. Бұл да алда айыппұл нысанасына айналатын ауа ластаушы көліктердің санының артуына серпін берді. Демек, бұрынғыдай ескі көлік орнына жаңасын сатып алуға септесетін жеңілдікті сертификаттарды беруді қайта жандандырмай, бұқара мен бизнесті ескі көлігін пайдаланғаны үшін жазалауға болмайды.

Олар жайрап қалғалы тұрған "жәмән" машинасын еріккеннен, не соған бауыр басып қалғандықтан айдап жүрген жоқ. Елдің әл-ауқатының құлдырауы, табысы мен тұрмысының нашарлауы, көліктердің шамадан тыс қымбаттауы жұртты соған мәжбүр етті.

Заңды әзірлеушілер бұл талаптар тек "экологиялық мәселелерді шешу" үшін қабылданғалы отырғанын айтып, табандады.

"Талап тек қана халықтың денсаулығын және қоршаған ортаны қорғау мақсатында енгізіледі", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Өз кезегінде "Оператор РОП" ЖШС-ның орнын басқан "Жасыл даму" АҚ "скидкалы" сертификаттарды беруді доғарғанын растады. Тіпті мұрагері ретінде сол компанияның міндеттемелерін әзір орындамапты.

"ӨКМ Операторы кезінде қабылданған ескі көлік құралдары үшін төлемдер қылмыстық істерді тергеу шеңберінде рәсімдер аяқталғаннан кейін қарастырылады. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін жеңілдік сертификаттарының бағдарламасы жаңартылады. Қолданыстағы тәсіл 100% мемлекеттік акционерлік қоғам үшін жарамайды, себебі, ол ЖШС ұйымдық-құқықтық нысанындағы компанияға бағдарланған болатын. Қазіргі уақытта құқықтық нормативтік актілерге өзгерістер енгізу және ескі көліктер мен тозған агротехникаларды кәдеге жаратуды ұйымдастырудың жаңа тәсілін әзірлеу мәселесі пысықталуда", – делінген оның ресми сайтында.

Осы орайда компания "Оператор РОП" берген сертификаттардың мерзімі аяқталып қалғанын, оның иелеріне көлік сатып алу үшін санаулы күндер қалғанын ескертті.

""Жасыл даму" АҚ отандық ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік сатып алуға берілген бұрынғы жеңілдік сертификаттарын пайдалану мерзімі 2024 жылдың 18 қаңтарында аяқталатыны туралы хабарлайды. Осыған байланысты барлық сертификат иелерінен жеңілдік алу үшін аталған сертификаттарды пайдалануын сұраймыз. 2024 жылдың 18 қаңтарынан кейін сертификаттардың қолдану мерзімін ұзарту көзделмеген", – деп мәлім етті "Жасыл даму".

Бірақ азаматтар "Оператор РОП" берген сертификаттарды автосалондар қабылдамайтынына шағымданады.

Билік осылай алдап, сазға отырғыза берген соң, азаматтар да, компаниялар да ескі автомобилдерін, тракторын, комбайнын, бульдозерін және басқа да ауыл шаруашылығы техникасын утилизацияға тапсырғысы келмейді, бұрап, құрап-сұрап ары қарай пайдалануға тырысады.

Ал оған жаңа заң жобасы мүмкіндік бермейін деп тұр.

Жаңа жоба бойынша "шығарындыларындағы ластаушы заттардың құрамы, сондай-ақ жұмыс кезінде олар өндіретін шудың деңгейі белгіленген нормативтерден асатын автомотокөлік, басқа жылжымалы құралдар мен қондырғыларды пайдалану:

  • жеке тұлғаларға – 10 АЕК (2024 жылы – 36 920 теңге),
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК (184 600 теңге),
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (369 200 теңге),
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Осы олқылығын түземесе, яғни көнергенінен құтылып, оны жаңа көлікпен ауыстырмаса, сөйтіп, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта қолға түссе, онда:

  • жеке тұлғаларға – 20 АЕК,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш (1 476 800 теңге) айыппұл салынады.

Жалпы, бұл салада қазақстандықтарға "ескерту" деген тетік араша болушы еді.

Мысалы, 2020 жылы ластаушы заттары қалыптан асатын көлігі барлардың үстінен – жалпы саны 7 849 әкімшілік іс қозғалса, соның ішінде 6 570 жағдайында бұқара мен бизнес ескертумен құтылыпты.

Содан бері жазалаушылардың тәбеті ашылды: 2021 жылы – 26 600 іс қозғалды, 20 412 жағдайда айыпталушыларды "ескерту" тетігі құтқарып алды.

Былтырғы 2022 жылы қозғалған әкімшілік істер саны 26 643-ке жетіпті. Оның ішінде 21 751 жағдайда тағы да ескерту көмекке келді. Яғни, орта есеппен 80%-дан астам жағдайда дәл осы тетік араша түседі.

Биліктің оны "суқаны сүймейтіні" де содан: жаңа заң арқылы ескертуді алып тастап, бірден жазалауға көшпек.

Әрине, ескі-құсқы автокөліктердің ауаны ластайтынын жоққа шығаруға болмайды. Ірі қалаларда солардың кесірінен, атмосферада аэрозольдердің үлесі 10 есеге, газдардың құрамы 25 есеге дейін артады.

Алайда ірі зауыт-кәсіпорындардың, мұржасы будақтаған ЖЭО-лардың, алып кен орындарының, "Байқоңыр" ғарыш айлағының, Ресейдің еліміздегі әскери сынақ полигондарының және басқасының залалы одан да алапат: сарапшылардың айтуынша, өзге аурулар сыртында, онкологиялық дерттердің кең таралуына да солар ықпал етуде. Ендеше оларға талапты күшейтпей, тыймай, халық пен кәсіпкердің нәпақа қылып отырған күш-көлігімен жағаласу қаншалықты әділетті?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу