Үкімет неге әйелдердің зейнет жасын төмендетуге мүдделі емес?

Халықаралық сарапшы қарттар зейнетке шыққан соң кемінде 15 жыл қамсыз өмір сүруі керек деп есептейді.

Үкімет неге әйелдердің зейнет жасын төмендетуге мүдделі емес?

Қоғамда жиі талқыланып, депуттардың баяндамаларына "тұздық" болып жүрген мә­селе – зейнет жасын азайту. 2018 жылдан бері сан рет көтерілген сауалдың жауабы әлі нақтыланбай келеді. Одан бері Еңбек министрі бірнеше рет ауысты. Бірақ "талқыланып жатыр" дегеннен артық жауап жоқ. Елімізде зейнет жасы төмендеуі мүмкін бе? Inbusiness.kz тілшісі осы сұрақты сарапшыларға қойып көрді.  

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елімізде 2 млн 246 мың қарт бар. Ал оларға төленетін зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 105 189 теңгені құрайды. Осылайша, былтыр қазақстандықтарға 2,6 трлн теңге зейнетақы төленді. Жалпы алғанда ел бюджетінің жартысы әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалады. Мәселен, 2021 жылы бұл салаға 7,1 трлн теңгені, яғни шығыстардың жалпы көлемінің 50,5%-ын құрады.

Зейнет жасын төмендету – әлемдік үрдіске қайшы

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, зейнет жасын төмендету ел қазынасына ауыр салмақ салады.

"Халықтың өмір сүру ұзақтығы артты. Бұл тек Қазақстандағы жағдай емес, барлық әлем елдерінде қарттар саны өсіп келеді. Бұрын елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 65 жас шамасында болды. Қазір ол 70-73 жас. Ал қарттарға төлемдер мемлекет, зейнетақы қоры есебінен төленеді. Бұл салық төлеушілердің есебінен, сіз бен біздің "қалтамыздан" беріліп отырған ақша", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазір зейнетке "бейби-бумерлер ұрпақтары" – 1950-1960 жылдары дүниеге келгендер шығуда.

"Ол кезде бала туу көрсеткіші жоғары болды. Қазір "бейби-бумерлер" саны аз емес. Оларға әлеуметтік төлем тағайындау зейнетақы қорына, бюджетке, әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ салады. Бұл төлемдер, былайша айтқанда 1990 жылдары туған, саны жағынан аз жастардың есебінен тағайындалады. Өйткені 90-шы жылдар дағдарыстық кезең, бала туу көрсеткіші төмен болған", – дейді Арман Бейсембаев.

"Бұл тікелей төлемдерден бөлек әлеуметтік инфрақұрылымға ықпал етеді. Себебі зейнетке шыққан адам мемлекет тарапынан әлеуметтік қамсыздандырылуы керек. Оларға медициналық көмек тегін көрсетіледі, олар жиі ауырады, демек денсаулық сақтау саласына көбірек қаржы бөлінеді. Мұның барлығы бір-бірімен байланысты. Сондықтан "зейнет жасын төмендете салайық" деп айтқан кезде, "бұған ақшаны қайдан аламыз" деп ойлану керек. Мемлекеттің сиқырлы қалтасы жоқ. Барлығы өзіміздің қалтамыздан төленетінін ескеру керек. Зейнет жасын төмендету әрбір еңбекке жарамды адамға әлеуметтік жүктемені арттырады. Яғни әр маманның жалақыдан ұсталынатын төлемі артады, осылайша айлығы азаяды", – деп түсіндірді сарапшы.

11 шілдеде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов азаматтар ертерек құрмет демалысына шықса, бірыңғай жинақтаушы қорға түсетін салымдар азаятынын айтты. Ал ол жүйеден берілетін төлемдерге кері әсер етеді.

"Сонымен қатар өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты, зейнеткерлік жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттерде де, көрші елдерде де қолға алынған шара", – дейді Премьер-министр.

Зейнет жасы төмендемесе де, зейнетақыны арттыруға бағытталған жүйеге параметрлік өзгерістер енгізіледі деп сендірді.

"Әйелдердің зейнет жасын 55-60-қа дейін қысқартуға болады"

Франция медицина ғылымдарының докторы, Жоғары дәрігерлер ордасының кеңесшісі, гериатр дәрігер Жанар Төребаева әйелдердің зейнет жасын 55, кемінде 60-қа дейін қысқартуға болады деп санайды.

"Француз азаматтары зейнетке орташа есеппен 62 жаста шығады. Ал орташа өмір сүру ұзақтығы – 82,7 жыл. Яғни зейнетке шыққан адам шамамен әлі жиырма жылдай өмір сүре алады деген сөз. Мысалы, Ренн гериатрия орталығындағы пациенттерімнің орташа жасы – 93-94 жас. Арасында 100 жастан асқаны да бар. Яғни Францияда зейнетке шығу жасы нормативке сай. Ал Қазақстанда өмір сүру жасының орташа ұзақтығы – 73,6 жыл. Енді өзіңіз есептеп көріңіз, қарттар зейнетке шыққан соң, жиырма жыл өмір сүре ала ма, жоқ па? Зейнетке шығу жасы осыған байланысты анықталуы керек. Сол себепті халықтың әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етуі орынды", – дейді дәрігер.

Елімізде әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жасты, ал ер адамдар үшін 66,33 жасты құрайды. Осылайша, әйелдер ерлерге қарағанда 7,7 жылға ұзағырақ өмір сүреді.

"Көпшілік әйелдер ерлерден көп өмір сүрсе, неге ертерек құрметті еңбек демалысына шығуы керек, деп түсінбей жатады. Ер адамдар өмір бойы кәсіби армандарын орындайды. Ал әйел адамдар, әсіресе, қазақтың қыз-келіншектері бала туады, кейін оны тәрбиелейді, үй шаруасы мен жұмысты қатар алып жүреді. Оның отбасы, қоғам алдында, қызметте де жауапкершілігі жоғары. Сол себепті әйел адам ертерек зейнетке шығуы керек. Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 73-74 жас болса, ерлер кемінде 60 жаста, нәзік жандылары 55-60 жас аралығында зейнетке шығуы керек. Ең болмаса құрметті еңбек демалысына шыққан соң 20 жыл болмаса да, 15 жыл өмір сүруі маңызды", – дейді медицина ғылымдарының докторы.

Әлемде қарттар саны артып келеді

БҰҰ-ның дерегінше, биылғы жылдың күзінде әлем халқының саны 8 млрд адамға жетеді. Бүгінде оның 26%-ы 15 жастан төмен балалар, ал 10%-ы 65 жастан жоғарғылар. Халықаралық ұйым әлемде қарттардың саны артып отырғанын хабарлаған. Болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай егде жастағы адамдар әлем халқының 16-20%-ын құрайды.

Осыған орай, дамыған елдер мемлекеттік бағдарламаларды қарт адамдар санының өсуіне бейімдеуде, оның ішінде әмбебап денсаулық сақтау жүйесін құру, әлеуметтік қамсыздандыру және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын нығайту сынды шаралар қабылдауда. Қазақстандықтардың зейнет жасы сол дамыған елдердің көрсеткішіне теңестіріле бастағанымен басқа жағы "ақсап келеді". Мәселен, жоғарыдағы Францияда гериатрия немесе гериатриялық медицина саласы жақсы дамыған. Бұл қариялардың денсаулығын күтуге бағытталған мамандық. Ол егде жастағы адамдардағы аурулар мен мүгедектіктің алдын алу және емдеу арқылы денсаулықты нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде, аталған ел қарттары мемлекетке салмақ салмайды, 80 мен 90-ды алқымдағанша еліне қызмет етеді, қоғамдық істермен айналысып, тәжірибелерімен бөліседі.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу