Украина дрондары Ресейді көршілерінен бензин сұрауға мәжбүрлей бастады

1549

Ұшқышсыз ұшақтар РФ-ның мұнай өңдеу зауыттарының қуатын 14 пайызға кеміткен.

Украина дрондары Ресейді көршілерінен бензин сұрауға мәжбүрлей бастады Фото: canva.com

Ресей Қазақстаннан 100 мың тонна бензин беруге дайын тұруды сұрады. Себебі солтүстіктегі көршіде Украинаның ұшқышсыз ұшақтарының шабуылдарынан және мұнай өңдеу зауыттарының тоқтап қалу қаупінен жанармай тапшылығы туындауы ғажап емес. Бұны "Рейтер" агенттігі осы саламен етене таныс үш дереккөзге сүйеніп хабарлады.

Дереккөздердің бірі Ресей үшін резервтерді пайдалану туралы келісім жасалып қойғанын айтқан. Алайда, ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов Ресей тарапынан мұндай сұраныс түспегенін мәлімдеген.

Ресей энергетика министрлігі болса, бұл жағдайға байланысты әзірге түсініктеме бермей отыр.

Ал Беларусь қазірдің өзінде Ресейге бензин жеткізуге көмектесуге келісті.

Ұшқышсыз ұшақтардың шабуылдары наурыз айының аяғындағы жағдай бойынша Ресейдің мұнай өңдеу қуаттылығының шамамен 14 пайызын істен шығарыпты. Дегенмен, РФ билігі ішкі жанармай нарығындағы жағдайдың тұрақты және қорлардың жеткілікті екенін хабарлады.

Ресей әдетте жанармайдың таза экспорттаушысы және халықаралық нарықтарға ірі жеткізуші саналады. Бірақ оның мұнай өңдеу зауыттарының істен шығуы Ресей мұнай компанияларын отынды импорттауға мәжбүр етіп отыр.

Мәскеу 1 наурыздан бастап жанармай тапшылығының алдын алу үшін алты айға бензин экспортына тыйым салды. Дегенмен бұл тыйым Мәскеу жетекшілік ететін Еуразиялық экономикалық одаққа, соның ішінде Қазақстанға, және де осы интеграциялық блоктан тыс Моңғолия сияқты елдерге қатысты емес.

Дегенмен, трейдерлер Ресейдегі жағдай ушығып кетсе, осынау тыйымның ауқымы кеңеюі мүмкін екенін айтады.

Өткен аптада Оралдағы Орск мұнай өңдеу зауыты жаппай су тасқыны салдарынан өндірісті тоқтатты.

Әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет - Қазақстан да гуманитарлық мақсаттарды айтпағанда, жыл соңына дейін жанармай экспортына шектеу қойып отыр.

Ақпарат көздерінің мәліметінше, 5 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстандағы Аи-92 бензинінің қоры 307,7 мың тоннаны, Аи-95 маркасының қоры 58 мың тоннаны, ал дизельдік отын қоры 435 300 тоннаны, авиакеросин қоры 101 000 тоннаны құраған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу