Вице-премьер Ералы Тоғжанов бір ай бұрын, 6 сәуірде зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеу үшін бюджетте 111 миллиард теңге қарастырылып отырғанын мәлімдеген еді.
"Кеше Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында Үкімет өте маңызды шешімді мақұлдады. Қазақстанда бағалардың, инфляцияның 8–10 пайызға дейін шарықтауына байланысты зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшерін тағы 4 пайызға қосымша индекстеу көзделді. Нәтижесінде, биыл барлық әлеуметтік төлемдер 2021 жылмен салыстырғанда жалпы алғанда 9 пайызға, ал ынтымақты зейнетақы – 11 пайызға ұлғаяды", – деді Үкімет басшысының орынбасары Мәжілістің жалпы отырысында.
Е.Тоғжанов осының арқасында әлеуметтік төлем төленетін 4,2 миллион адамның алатын ақшасы артатынына сендірді.
Бұдан бұрын, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар көлемі 5 пайызға (еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шыққандарға 7 пайызға) көтерілген еді. Дегенмен, содан бері баға қымбатшылығы оның бәрін "жеп" қойды.
Бұған қоса, Үкімет 1 сәуірден бастап, АЕК көлемі қазіргі 3 063 теңгеден 3 180 тенгеге дейін көтерілетінін хабарлады. Бұл да бүкіл әлеуметтік төлемнің ұлғаюына ықпал етуге тиіс.
Енді зейнетақының уәде етілгендей өспегенін байқап, қариялардың көңілі қоңылтақсып, жасып қалғандай.
"Алдын ала жария етілген соң зейнетақы өседі деп сеніп едім. Алайда менің ынтымақты зейнетақым 1 сәуірден бастап, 4 пайызға индексацияланбапты. Неге екенін түсінбедім. Мысалы, 2021 жылы 29 845 теңге ынтымақты зейнетақы алдым. 2022 жылғы 1 қаңтарда ол 7 пайызға өсіп, 31 935 теңгені құрады. Сәуірдегі ынтымақты зейнетақым осы көлемде қалды. 4 пайыз қосылғанда, 33 212 теңге болуға тиіс еді", – дейді зейнеткер Ирина Вакулина.
Зейнеткер Құрмет Әубәкір де зейнетақысы 4%-ға өседі деп күткенін айтады.
"2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке тиісті өзгерістер енгізілді деп оқығанмын. Бір ай өтті, зейнетақыға ештеңе қосылмады. Ал зейнетақы көтеріледі деп күнібұрын жариялаған соң азық-түлік және халық көп тұтынатын тауарлар бағасы ары қарай шығандады, байқауымша, орта есеппен 25–30%-ға қымбаттады. Үкіметтің бұл тірлігін қалай түсінуге болады?", – дейді саналы зейнеткер.
Билік не дейді?
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің №1 Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Гауһар Телжанова журналистерге сұхбатында әлеуметтік төлемдер шынында 1 сәуірден бастап қайта есептелгенін, бірақ қосымша ақыны адамдар кейінірек алатынын мәлім етті.
"Ынтымақты зейнетақының, соның ішінде жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері жыл сайын 2%-ға индекстеледі. Биылғы жыл басында ынтымақты зейнетақы көлемі бірден 5%-ға артты. Оған сәуірдегі индекстеуді қосқанда, зейнетақылар мен жәрдемақылар жалпы алғанда 9%-ға өсті. Бұл ретте жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жыл басынан бері 11%-ға көтеріліп отыр. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды қайта есептеу 1 сәуірде жүргізілді. Бірақ қайта есептелген ақшаны адамдар 2022 жылғы маусымда қолдарына алады", – деді Гауһар Мейрамқызы.
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, бұл кешігу бюджеттік процеспен байланысты. Ел басшылығы халыққа қамқорлық танытып, зейнетақы мен жәрдемақыларды жыл ортасында емес, сәуірден бастап көтеруге тапсырма берген. Бірақ биылғы ең басты қаржылық құжатты нақтылайтын заң жобасын Үкімет Мәжіліске тек 7 сәуірде ғана енгізе алды. Құжатты Мәжіліс 20 сәуірде мақұлдап, 21 сәуірде ол сенаторлардың қолына тиді. Бюджет жобасын Сенат бүгінгі жалпы отырысында қарайды. Яғни, нақтыланған бюджет әлі күнге күшіне енген жоқ.
Министр Әлібек Қуантыровтың айтуынша, "2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасын Парламент қабылдаған соң оны Президент қарап, қол қоюы қажет. Ары қарай Премьер-Министр нақтыланған бюджетті жүзеге асыру туралы Үкімет қаулысын қабылдауы қажет. Сонда шамамен маусым-шілдеде қаражат түсе бастайды.
Негізі, жаңа индекстеуді қоспағанның өзінде, Қазақстан зейнетақының көлемі жөнінен ТМД елдерін артқа тастап, суырылып алға шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы наурызда елімізде орташа зейнетақы төлемі 105 538 теңгені құрады. Дегенмен, бұл небары 240 доллардай ғана.
Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде зейнетақы орта есеппен 18 984 рубль (кейбір өңірлерде одан да аз). Әрине, РФ Орталық банкі бекіткен жасанды доллар бағамына (1 доллар = 66 рубль) шаққанда, бұл 287 долларға бара-бар. Алайда шетелдік есеп-айырысуларда қазір 1 доллар – 180 рубль бағамы қолданылады (кейбірі 200-ге де жетті), онда бар-жоғы 105 доллар ғана шығады.
Беларусте орташа зейнетақы – 580 беларустік рубльді (183 долларды), Молдовада – 143 долларды, Украинада – 4 533 гривнаны (156 долларды) құрайды.
Бірақ қазақстандық 240 доллар зейнетақыны дамыған елдермен салыстырудың өзі ұят. Мысалы, Даниядағы зейнеткер мұндай зейнетақыны 2,5 күн үшін алады (орташа зейнетақы бір айда 2 907 доллар). Норвегияда – 2 512, Швейцарияда – 1 913, Финляндияда – 1 900, АҚШ-та – 1 663, Испанияда – 1 093 долларға тең.
Қарт адамның әр күні санаулы. Ендеше шенеуніктердің сәуірде уәде етілген зейнетақы көтеру ісін тым созбалаңға салып, жазға қарай ұзатып жіберуі жарамады. Кейбір зейнеткер ол күнге жете алмай қаламын ба деп алаңдайды.
Жанат Ардақ