Жаңа банкте кәсіпкерлер мен азаматтардың қаражаты "бұғатталды"

5890

Қазақстандықтар Батыстың "қабырға қақыратар" соққысына тап болған ресейлік банкке қатысты шағымдануда.  

Жаңа банкте кәсіпкерлер мен азаматтардың қаражаты "бұғатталды"

АҚШ пен Еуропалық одақ қатаң шектеу енгізіп, SWIFT-тен ажыратып тастаған соң ресейлік банктердің Қазақстандағы еншілес банктері бірінен соң бірі күйрей бастады. 

Қазақстан оларды банкрот қылу орнына шұғыл құтқаруға кірісті. Қаржылық реттеуші ресейлік Альфа-Банкты отандық Банк ЦентрКредиттің сатып алуына рұқсат берді. 

Сондай-ақ көршінің санкциядан қураған тағы бір қаржылық ұйымын – Сбербанк Қазақстанды мемлекеттің өзі сатып алуға ниеттеніп жатқаны байқалады. 

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны Еуропалық қайта құру және даму банкінен қарыз тартып, ұлттық "Байтерек" холдингі сатып алуы мүмкін. Кейбір сарапшы бұған тіпті Ұлттық қордың қаражаты да жұмсалуы ықтимал деп жорамалдайды. Өйткені билік бұрындары дәрменсіз жағдайдағы комбанктерді құтқаруға болашақ ұрпаққа арналған қордың қаражатын аяусыз шашқаны есте. 

Жалпы БЦК-ның Альфа-Банкті қаншаға сатып алғаны айтылмады. Бір белгілісі, отандық банк оның қарыз портфелін – заңды және жеке тұлғаларға таратқан кредиттерін 220 миллиард теңгеге сатып алған. KASE жариялаған құжатта осы ірі мәміленің нысаны – ссудалық портфель ресейлік банктің бүкіл активтерінің 50,02%-ын құрайтыны атап өтілген.  

Мәмілені Мәдинаның агенттігі мақұлдап, ол күшіне енген соң БЦК ресейлік банкке ренейминг жүргізді. Альфа-Банк енді Есо Center Bank деп аталады. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова төрт күн бұрын БАҚ-қа сұхбатында "депозиттерді шешіп алу, өз қаражаттары мен жинақтарын басқа қазақстандық банктерге аудару сияқты клиенттердің барлық талаптары толығымен орындалды жәнe қанағаттандырылды" деп шаттана мәлімдеді. Бірақ клиенттер мұның жалған екенін айтып, Мәдинаның өзіне шағымданып жатыр.

"Сізді негізсіз қуанышыңызды басқым келеді, өйткені, экс-Альфа-Банк, қазіргі Есо Center Bank сол бұрынғыдай, клиенттердің есепшоттарында жатқан ақшаны заңсыз ұстауын және оны пайдалану құқығын шектеуді жалғастыруда. Міне, 2 айдан астам уақыттан бері бұл банк ақшамды не шешіп алуға, не басқа банкке аударуға мүмкіндік бермей отыр. Ол транзакция сомасын 100 мың теңгемен ғана шектеп қойған. Қазақстанның заңнамасын, банк қызметінің талаптарын және менің тұтынушы ретіндегі құқықтарымды бұзғаны бетке ұрып тұр", – деп ашына жазады агенттік төрайымына Марат Бейсенбаев.

Ол жалғыз емес, құқай көрген, зәрезап болған клиенттер жетерлік. Асқар Кланов тіпті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арыз жазды. Оған 21 маусымда Әбілқасымова ханымнан жалтарма жауап келіпті. Ол жауапқа еш көңілі толмайтынын жеткізді.  

"Альфа банк, яғни қазіргі Эко Центр банк филиалының жасаған құйтұрқы әрекеттерінің кесірінен Халық банкіндегі шотым да заңсыз бұғатталып қалды", – деді ол. 

Кәсіпкер Николай Якубовский бұл банкте өз компаниясының мол қаражаты бұғатталып қалғанына шағымданады. 

"Бір айдан асты, қаражат түгіл, ол туралы ақпаратты да беретін емес. Біз оның басшылығының атына да хат жаздық. Банкке талай қоңырау шалдық. Бірақ тұйыққа тірелген жайымыз бар. "Ақпарат қолға түсісімен біз сізге хабарлаймыз" дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Біздің бюджетке төленетін алым-салықтар бойынша ешқандай қарыздарымыз жоқ, банктік несие бойынша берешектеріміз жоқ. Банк жай ғана тым-тырыс, үнсіз отыр", – деді Н.Якубовский.

Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары да Есо Center Bank ахуалын талдай келе, "әзірге бәрі нашар", "қаржылық институттың көрсеткіштері өте пессимистік жағдайда" деген тоқтамға келіпті. 

"Банктің төл капиталынан бастайық. Бұл бұрынғы деңгейге жақын шамада қала алған жалғыз көрсеткіш. Ол сәуір айында минус 0,1%-ға немесе 134 млрд теңгеге дейін азайды. Дегенмен 2021 жылдың сәуірімен салыстырғанда банк тіпті 23,3% өсім көрсете алған. Есо Center Bank-тің басқа көрсеткіштерінің бәрі өте нашар. Мәселен, банктің активтері бір ай ішінде ғана екі есе құлдырап, 439,6 млрд теңге болды. Қарыз портфелі сәуірде 35,6%-ға күрт кеміп, 1 мамырда небәрі 356,1 млрд теңгені құрады", – деп мәлім етті Ranking.  

Банктің міндеттемелері бірден 2,5 есе қысқарып, 305,7 млрд теңгеге дейін құлаған. Соның ішінде депозиттер бір айда 59,5%-ға азайып, 1 мамырға қарай 208,6 млрд теңгеге дейін төмендеді. Бұл ретте халықтың салымдары 59,1%-ға құлдыраған (мамырдың басында 85,1 млрд теңге қалыпты). Бизнес те мүмкіндігінше, жинақтарын алып кетуге тырысты (бір айда 59,7%-ға азайып, 123,6 млрд теңгені құрады).

Жаңа Eco Center Bank-тің алғашқы хабарландыруларының бірі биылғы 1 шілдеден бастап, жеке тұлғалар үшін депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің төмендетілетіні туралы болды. 

Сондай-ақ банк біржақты түрде, клиенттердің келісімінсіз, барлық ағымдағы есепшоттарды жауып, қызмет көрсетуді тоқтатқан. Әңгіме бір жылдан астам уақыттан бері ақша болмаған және салынбаған заңды және жеке тұлғалардың есепшоттары туралы болып отыр. 

Агенттіктің дерегінше, ағымдағы есепшот ашу, дебеттік немесе кредиттік карта ашу, несие алу, депозит ашу, Swift жүйесін пайдалану, картадан картаға аудару, картаны пайдалану сияқты көптеген операциялар әзірше Eco Center Bank-те қолжетімсіз көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу