Бүгін елдегі банктер жеңілдетілген автонесие беруді бастады.
Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы 30 жылға жоспарланған. Оған қатысу үшін төмендегі талаптарды орындау керек:
Тұтынушы автосалонға барып, Қазақстанда жасалған көліктің бірін таңдауы керек.
Автосалон қызметкері автокредит алушыға қолдану мерзімі 5 күннен аспайтын, әрі алатын көліктің VIN-коды жазылған есепшотты береді;
Тұтынушы банкке барып, көліктің VIN-кодын көрсетіп, есепшотты ұсынуы шарт.
Банк өтінімді қабылдаған сәттен бастап, тұтынушы электронды кезекке тұрады.
Банк тұтынушының төлем қабілетін және кредит тарихын тексереді. Ол жеңілдетілген автокредит беру туралы шешім қабылдаған жағдайда тұтынушыға қолдану мерзімі 5 күннен аспайтын кепілхат береді;
Тұтынушы кепілхатты алған соң автокөлікті рәсімдеу үшін автосалонға баруы тиіс;
Егер тұтынушы кепілхатты алған күннен бастап, 10 күннен кешіктірмей, автокредитті алу шартын рәсімдесе, ол кезектен шығарылады;
Тұтынушы автокредитке өтінім бергеннен кейін көлігінің маркасы мен моделін өзгерте алмайды және кезекті басқа адамға бере алмайды.
Егер тұтынушы жеңілдетілген автокредитті алудан бас тартса, ол электронды кезектен шығарылады, оның орнына жаңа қатысушы қойылады. Бағдарламаға бір тұтынушы 2 жылда бір-ақ рет қатыса алады.
"Екінші деңгейлі банктер тұтынушының төлем қабілетін тексереді, әрі автоқарыздарды мақұлдауға жауап береді. Банк автокредит алуға өтінімді мақұлдағаннан кейін өтінімнің мәртебесін тұтынушының өзі "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ның қатысуынсыз тиісті банктің платформасында (онлайн-кезек) бақылай алады", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанда жеңілдетілген автокредитті 4 банк береді: "Halyk Bank", "Банк ЦентрКредит", "Forte Bank".
Бүгінде жеңілдетілген автокредит бойынша қазақстандықтар KIA, Hyundai, Chevrolet, JАС, LADA көліктерін ала алады.
Дәурен Ерболат