Шавкат Мирзиёев Қазақстанға келді
22 наурызда Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Астанаға екікүндік мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев келді.
Өзбек басшысын Астана халықаралық әуежайында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов және басқа да лауазымды тұлғалар қарсы алды.
Сапардың негізгі шаралары 23 наурызға жоспарланған. Жоғары деңгейдегі кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени- гуманитарлық ынтымақтастығы талқыланады.
Өзбек президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Астанада өзбек тауарөндірушілерініӊ Ұлттық көрмесі мен қазақ-өзбек бизнес форумы өтеді. Сапар қорытындысында мемлекетаралық, үкіметаралық, мекемеаралық құжаттарға қол қойылады.