2019 жылғы ел бюджетіндегі 45 пайыздық қажеттілік қалай жабылады | Inbusiness
/img/tv.svg
RU KZ
RU KZ
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84 FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07 KASE 2 265,00 Бидай 465,40
$ 379.36 € 424.47 ₽ 5.88
Ауа райы:
+12Астана
+21Алматы
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84
FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07
KASE 2 265,00 Бидай 465,40

2019 жылғы ел бюджетіндегі 45 пайыздық қажеттілік қалай жабылады

Ел бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалатыны белгілі болды. «Ал өзге салалардың жағдайы не болмақ?» деген сұраққа Үкімет әлі жауап берген жоқ.

204 30 Наурыз 2019 14:05 Автор: Рауан Ілиясов

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үш жыл ішінде халықты әлеуметтік қолдау шараларына 3,3 трлн теңгеден астам қаражат бөлуді тапсырды, оның 1,3 трлн теңгесін Ұлттық қордан трансферт қамтамасыз етеді. Күні кеше ғана мемлекеттік бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетіні, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылар үшін жылдық өсімі 2 пайыз болатын жаңа ипотекалық бағдарламаны қаржыландыратыны да белгілі болды.

Сарапшылар соңғы 25 жылда ел экономикасы 22%-ға, халықтың дәулеті де соншаға өскенін айтады. Бұл үкімет үшін жағымды фактор. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 мың долларды құрады. Нәтижесінде еліміз орташа дамыған мемлекет мәртебесіне ие болды. Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан 53-орында тұр.

Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сенсек, 2018 жылдың соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы активі 57,7 миллиард АҚШ доллары. Еркін айырбас бағамы жүйесі өткен жылдың соңында 30,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын алтын-валюта резервін сақтап қалуға мүмкіндік берген.

Сонымен, Ұлттық қордан бөлінетін 1,3 трлн теңге қалай бөлінеді, оның механизмдері қандай деген сұрақ сарапшыларды жиі мазалауда.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Сәбит Суханов Ұлттық қордан бөлінетін қаржы 2019 жылы емес, үш жыл бойы – 2021 жылға дейін жүргізілетінін айтады. Оның пайымдауынша, Ұлттық банктің жүргізіп отырған қаржы саясаты ішкі валюта нарығының атмосферасына соншалықты әсер ете қоймайды. Қаржы бөлудің эмиссиялық маханизмінде айналымында қаржының қажеттілігі, сұраныс пен ұсыныстың арасалмағы ескерілмесе, мұндай сценарий теңге бағамы мен инфляцияға кері әсер етеді екен. Сондықтан, Ұлттық банк бірінші кезекте айналымда жүрген теңгенің мөлшерін, тауар айналымы мен экономикалық белсенділікті де басты назарға алу керек. Бұл үшін эконометрикалық есеп жүргізген дұрыс. Мұндай пікірді қаржыгер Мақсат Халық та қолдайды. Оның пайымдауынша, үкіметтің экономикалық блогы бұл қадамға аса сақтықпен келді. Қаржының кезең-кезеңімен бөлінуі оның инфляцияға әсер ету ықпалын барынша әлсіретеді екен.

Қаржыгер осы ретте 2018 жылы Ұлттық қордың трансферті 2,6 трлн теңге болғанын, ал 2019 жылы ол 2,45 трлн, 2020 жылы – 2,3 трлн, 2021 жылы 2 трлн теңге болатынын айтты.

«Демек Ұлттық қордың трансферті кезең-кезеңмен жүреді. Және бөлінген қаржы бір реттік болып бөлінбейді. Сондықтан оның инфляцияға ықпалы барынша төменгі шекті мөлшерде болады. Ұлттық банк бөлінген қаржы ішкі валюта нарығына әсерін тигізбейтіндей шараларды іске қосады», – дейді Мақсат Халық.

Қаржыгердің пайымдауынша, Ұлттық банкте, Данияр Ақышевтің төрағалығы тұсында қаржы реформасы жүзеге асты деуге болады, ел теңгенің еркін айналымының соншалықты үрейлі емес екенін тұңғыш рет сезінді. Инфляциялық таргеттеу саясатын сәтті жүргізді. Бұл саясат өз нәтижесін берді.

Қаржыгер Ілияс Исаев бюджеттік шығындар көлемінің артуы мемлекеттік ресурстарды үнемдеу қажеттігінен туындағанын айтады. Ал Ұлттық қор активтерін жұмсау немесе оның орнын толтыру теңге бағамына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асып келді. Бұл фактор теңге бағасының арзандауына әкеледі деген пікірдің салмағын арттырып тұр.

«Ұлттық қордан бөлінгелі тұрған трансферт аз қаржы емес. Бірақ 2021 жылға дейін инфляцияға әсерін қалыпты нормаға түсіруге мүмкіндік беретін қаржы», – дейді Ілияс Исаев.

Сарапшылар Ұлттық қор трансферті шетелдік валюта түрінде сақталып тұр. Сондықтан, Ұлттық банкте бұл соманы 2021 жылға дейін валюта нарығында шетелдік валютамен айырбастауға немесе алтын-валюталық резервке алмастыруға мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда Ұлттық банк интервенция жасауға шешім қабылдайды немесе бұрынғы қаржыны айналымнан кері қайтарып алады.

Ілияс Исаев осы ретте қазақ экономикасы тұтыну тауарларын шығаруға маманданбағанын еске салып өтті. Ұлттық қор трансферті шетелдік валютаға деген сұранысты арттырып, теңге бағамына қысым жасалуы да мүмкін. Бірақ оны реттеудің тетіктері Бас реттеуші банкте бар.

«Мұндай жағдайда Ұлттық қордан шетелдік валютаны айналымға шығару арқылы шығынның орнын толтыруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда шығын АҚШ доллары мен теңге бағамындағы сату және сатып алудан түскен қаржы есебімен толтырылады», – дейді Ілияс Исаев.

Қазақстандық БАҚ-та жыл басынан бері «2019 жылғы ел бюджеті 2018 жылмен салыстырғанда 6 пайызға қысқарды» деген тақырып трендке айналған болатын. Сарапшылар бұл фактор бізге қауіп төндірмейтінін айтады.

Экономист-сарапшы Олжас Төлеуов бюджеттің кіріс бөлігіндегі өзгерістер Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің 41 пайызға қысқарумен түсіндіреді. Бұл Ұлттық қордан мемлекет бюджетіне келетін қаржыны 38-ден 24 пайызға дейін қысқартыпты. Ұлттық қордағы қаржыны үнемдеуді 2019 емес, 2018 жылдан бастап кетіппіз.

«Мемлекеттік бюджетке түсетін табыс көзі 2018 жылмен салыстырғанда 16 пайызға өсті. Шығыс бөлігі 9 пайызға қысқарды. Бұған кейбір шығыстарды 90 пайызға қысқартудың нәтижесінде қол жеткіздік. Қорғаныс саласына, әлеуметтік қамсыздандыру мен білім және денсаулық саласына бөлінген қаржы 12 пайызға өсті», – дейді Олжас Төлеуов.

Сарапшылар 2000 жылдардың басында бюджетке қатысты ақпаратты сұраған кезде «мемлекеттік құпия» деген уәжбен оны беруден бас тартатынын қазір жиі еске түсіреді.

2019-2021 жылдар арасындағы ел бюджеті 6 пайызға қысқарғанмен, 6 пайыздық кемістік әлеуметтік сектордың шаршап қалуына жол бермейді. Үкімет елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «экономикалық дағдарыс әлеуметті шаршатып алмасын» деген тапсырмасын орындады. Басқаша айтқанда Үкімет уәдесінде тұрды. «Қалай, қайтіп» деген сұраққа сарапшылардың жауабы дайын.

Қазақстандық экономист Жангелді Шымшықовтың пайымдауынша, халықаралық қаржы заңдылығы бойынша, 6 пайыздық кемістік ел бюджетіне кері әсер етуге тиіс еді.

«Оның орны қалай толды?» деген сауалдың жауабын Ұлттық банк те, Үкімет те айтқан жоқ. Бірақ олар айтпаса да оның қайдан келгенін ел сезіп отыр. 2018 жылдың қыркүйек айында Үкімет отырысында игерілмей тұрған қаржының көлемі белгілі болды. Қаржы министрлігінің есебінше, қазынадан бөлініп, уақытында игерілмеген қаражат көлемі – 75 миллиард теңге.

«Үкімет ел бюжетіндегі 6 пайыздық кемістікті қайдан толтырғанын ашып айтқан жоқ. Бірақ игерілмеген қаржы есебінен толтырғанына сенімдімін. 2017-2018 жылдар арасында бірнеше компания жекешелендірілді. Бұл қаржы да Ұлттық қордағы қаржыны оңды-солды жұмсамауға септесті», – дейді Жангелді Шымшықов.

Жанкелді Шымшықов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «игерілмеген қаржы ел қазынасына қайтады» деген пәрмені үкіметтің экономикалық блогына ой салуға тиіс екенін айтты.

«Бұдан былай әкімдер республикалық бюджетке алақан жаймастан бұрын қаржының жұмсалар орнын сайлап алады деп үміттенемін», – дейді экономист.

Оның пайымдауынша игерілмеген және жекешелендіруден түскен қаржы үкіметтің абыройын сақтап қалды. Мұндай мүмкіндік жыл сайын бола бермейді.

«Енді үкімет нарық заңына бейімделуі керек. Ол шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығының әлеуеті. Үкімет осыларға көңіл бөлу керек. Дамыған елдерде мемлекет қоржынының кіріс бөлігі шағын және орта бизнестен жинақталады. Ал біздің елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі әлі аз. Үкімет биылғы мүмкіндік жыл сайын қайталана бермейтінін түсініп отыр. Сондықтан, ШОБ-тың әлеуетіне шындап көңіл бөлетін кез келді» – дейді Жангелді Шымшықов.

Тегтер:

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :