Мұрат Әуез: Қытайға жолдаған тұңғыш нота – есейген сыртқы саясаттың белгісі

10949

Sohu.com сайты Қазақстан туралы мақаласын алып тастауға мәжбүр болды.   

Мұрат Әуез: Қытайға жолдаған тұңғыш нота – есейген сыртқы саясаттың белгісі

Өткен апта Қазақстан мен Қытай арасындағы сан қатпарлы қарым-қатынастың бір қырын ашқандай болды. Коронавируспен күресіп жатқан отанымызға көрші тараптан гуманитарлық көмекпен қоса медицина мамандары келген болатын. Осы тұста сол елдің Sohu.com сайтына 2019 жылдың желтоқсанында жарияланған "Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін неге Қытайға оралмады" деген мақала қызу талқыға түсті. Бейнелеп айтсақ, оңтүстіктегі көршіміз бір қолымен бетімізге шапалақ ұрып тұрып,  екінші қолымен гуманитарлық көмек ұсынғандай еді бұл.

Көптен күткен қадам

Ол шапалақты қытай тіліне жүйрік, сондағы ақпараттық саясатты қалт жібермей қарап отыратын қырағы азаматтар бірінші болып қабылдады. Қоғам белсендісі Тұрсынхан Зәкенұлы, Смағұл Елубай, Серікжан Біләш, Қуандық Шамахайұлы, Құл-Керім Елемес бастаған зиялы қауым өкілдері өре түрегеліп, Сыртқы істер министрлігінен ұшқары мақалаға қатысты нота жолдауды талап етті. Абырой болғанда министрлік халық үніне құлақ асатын мемлекеттің органы ретінде ол талапты ескерусіз қалдырмады. Кеше біздің министрлікке Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі шақыртылып, Қытайдағы Қазақстан елшісі сол елдің Сыртқы істер министрлігіне қарсылық нота тапсырды. Көп өтпей әлгі сайттағы атышулы мақала өшірілді.

Аталмыш материалды терең талдап мақала жазған Тұрсынхан Зәкенұлы министрліктің қарсылық нота жіберуін ерекше ықыласпен қабылдап, тәуелсіз Қазақстан тарихында Қытай тарабына жолданған тұңғыш нота деп атады.  

1992-1995 жылдары Қазақстанның Қытайдағы тұңғыш елшісі болып қызмет атқарған қытайтанушы Мұрат Әуез расымен де Қазақстан билігі бұған дейін Қытайға ешқандай нота жолдамағанын айтады. Inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында экс-дипломат Қазақстан билігі тарапынан осындай шешімтал қадамды талай жыл күтіп келгенін жасырмады.

"Бұл енді баяғыдан айтылып келе жатқан мәселе еді. Тек қана мен емес, Қытай туралы аз да болса білері бар, елдің нағыз азаматтары шырылдап көтеріп жүрген мәселе ғой. Өкінішке қарай, біздің Сыртқы істер министрлігі оған көп мән бермей келген еді. Жалпы Қытайдың астарлы стратегиясын түсіну үшін ерекше бір көрегендіктің қажеті жоқ. Кімде-кім Қытайдың осы күнгі жағдайын, стратегиялық жоспарын зерттесе, әрине, ең жақын көршісіне осы саясатының салқыны тиетінін түсінеді. Әлемдегі ірі қалалардың бәрінде  China Town феноменінің болуы да Қытай саясатының бір қыры. Кезінде оны да деректерге сүйеніп айтқанбыз. Шетелде тұратын қытайлықтар, тіпті сол елдің азаматтығын алған этникалық қытайлар да өздерінің адами, азаматтық борышы ретінде "ұлы отандарына" жүйелі түрде қаржы жіберіп отырған. Жетпісінші жылдардан бастап Қытай экономикасының аяққа тұруына бұл үлкен септігін тигізді. Біздің олигархтардың, сыртта жүрген қазақтардың айырмашылығы  ондай көмек жібермейді. Осындай қолдауы тұрғанда Қытай өз бетінен таймайды. Біз оны жақсы білуіміз керек", – дейді шығыстанушы.

Оның ойынша, қытайлық сайттың Қазақстан туралы ғылыми негізі жоқ ұшқары мақала жариялауы – үлкен белгі.

"Мұндай тамыр басу тәсілдеріне тиісті деңгейде жауап қатпасақ, біткеніміз деуге болады. Оқулықтарына Балқашқа дейінгі аумақты Қытай жері ретінде енгізгені туралы айтылып жүр ғой. Сол ақпарат жалған емес. Шынымен солай енгізіп қойған. Оларда "батыс жер" деген ұғым бар. Еш уақытта сол "батыс жердің" қай тұстан аяқталатынын ашып айтпайды. Өйткені 1,5 миллиардтан астам халқын сыйғызу үлкен проблемаға айналып отыр. Ал өз жері картада үлкен болып көрінгенімен меңіреу таулар мен бедеу шөлдер көп. Адамның жайлы тұрмысына жарамды жері аз.  Өз басым Қазақстанның Қытайдағы елшісі болып тұрған кезде ресми түрде трансшекаралық өзендер проблемасын көтерген едік. Сонда Қазақстан Үкіметі ресми түрде жолдаған ең бірінші ұсыныс Іле мен Ертіс сияқты трансшекаралық өзендерді келісе отырып пайдалану мәселесі болды. 1992 жылы сол құжатты тапсырған едім. Содан бері ондаған жылдар өтті. Олар бізді мазақ қылғандай "Қытай бұл мәселені зерттеп жатыр" деген жауап беріп келеді", – деп қынжылады ғалым.

751 жылдың шындығы

 Мұрат Әуез Қазақстан билігінің бұл жолы жағдайға бірден назар аударып, тиісті шара қабылдауын есейген сыртқы саясаттың белгісі деп бағалап отыр.

"Бұл нота – бір-бірімізден сүйінші сұрауға болатын оқиға. Қаншама жыл үндемей келген қазақтың бірінші рет "Бұлай болмайды" деген ұстанымын танытқаны өте жақсы белгі. Әрине, бұл оңай болмайды. Бірақ тек осындай қадамдардан есейген сыртқы саясатымыз қалыптасады. Әйтпесе біздің сыртқы саясатымыз тәлтіректеген, бір көзі жұмулы сәби сияқты болатын. Осыдан бастап біз есейген ұлты, есейген сыртқы саясаты бар, өзінің болашағы туралы дұрыс ойлана білетін мемлекет екенімізді көрсете аламыз", – деген сарапшы "Бір белдеу – бір жол" сияқты стратегиялық жоба аясындағы әріптесі туралы осындай мақаланың жарық көруіне жол берген Қытай билігінің бұл әрекетін жай ғана жауапсыздық деп қарауға болмайтынын айтады.

"Қытай халықаралық сахнада өте тәжірибелі ойыншы. Керек болса, арамдығы да көп. Арамдық екен-ау деп өздері бас қатырмайды. Өйткені халқына кеңістік, жер керек. Арам саясатын іске қосқанда олардың өтірікке өтірік жамайтын әдеті бар. "Қытайға қосылуға талпынады" дегендері де сол. Қытайға нота жолдауға атсалысқан азаматтарға алғыс айтқым келеді. Бұл біз үшін жаңа дәстүр. Жалғасын тапсын. Сонда біз өзгелермен терезесі тең, есейген мемлекетке айналамыз", – дейді ол.

Сөзінің соңында Мұрат Әуез қазақ қоғамына сәлемін жолдады.

"Қазақ қоғамының есіне мына бір тарихи деректерді салғым келеді. 751 жыл біздің ресми тарихтың назарынан тыс қалып келеді. Қытайлардың  өздері де сегізінші ғасырдан бастап біздің аумақтан  кері ығысып, шегінгендерін айтып отыр. Ал енді біз Қытайдың өзі мойындаған 751 жылғы бабаларымыздың тарихи жеңісін болмағандай етіп, атаусыз қалдырып жүрміз. Біздің қазақтың шығыс саясатта ең биікке көтеріп, ерекше атап өтетін датасы осы 751 жыл болуы керек. Ол кезде біздің бабаларымыз арабтар және соғдиялықтармен бірігіп Талас өзенінің жағасында қытайларға ес жимайтындай етіп соққы берген. Ал таң дәуірінде түргеш бабаларымыз Қытайға ішкерілей кіріп, төрінен орын алған. Қытайлар оны жақсы біледі, ал біздікілер есіне алғысы келмейді", –  деді ғалым.

Есімжан Нақтыбайұлы

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу