Ресейдің ең сенген қаруы – қанатты ракеталары таусыла бастады

2151

Жақын күндері Ресей мен Украина арасында шешуші шайқас болады деп күтілуде. 

Ресейдің ең сенген қаруы – қанатты ракеталары таусыла бастады

Ресей бар күшін Донбассқа шоғырландырып жатыр. Ресей өзінің әскері мен техникасын толықтырып, қуатын арттырып болған соң Украинаға жойқын соққы беруді көздеп отыр. Сөйтіп, 9-мамырға қарсы қалай да Киевті алудан дәмелі. Шешуші шайқасқа Украина әскері де дайын сияқты. Еуропа елдері қару-жарақтан көмегін тоқтатқан жоқ. Әрі Украина әскері ызаға булықты. Себебі Ресей әскерінің қоластында уақытша болған елдімекендер мен қалалардағы ауыр жағдай дүниежүзінің зығырданын қайнатты. Ресей әскерлері қаланы тастап шегінер алдында бейбіт тұрғындарды қатыгездікпен өлтірген. Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі әскерилердің мұндай қылмысын мойындап отырған жоқ.   

Соғыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Сарапшылар алдағы үлкен шайқастың Ұлы Отан соғысына ұқсаған қиян-кескі ұрыс болатынын болжайды. Екі жақтан мыңдаған танк пен артиллерия, ұшақтар, жаяу әскер бетпе-бет соғысуы мүмкін.

Украина қару-жарақтан кенде емес. Шет елдерден сапалы қару мен оқ-дәрілер барып жатыр. Ракеталарды әуеде жарып жіберетін қарсы қарулары да бар.

Ресейдің қаруы мен танкілерінің және ұшақтарының басым бөлігі ескі екені айтылуда. Олардың ондаған-жүздегені жарылды немесе істен шықты. Техника мен адамды Ресейдің аймақтарынан жеткізіп жатыр. Ресейдің ең сенген қаруы – қанатты ракеталар. Бірақ олар осы күні таусылуға айналған көрінеді. Ресейдің "Искандерлер" дивизионын Украина әскері Чернигов облысындағы шайқастарда жойып тауысты. Енді өздерінде өндіруге қосалқы бөлшектер жоқ, Қосалқы бөлшектер сырттан алынып келген болса, қазір оның жолы санкциялармен жабылған. Ресейдің атышулы "Искандер" зымыран кешендерінің қондырғысына сәйкес келетін ракета Қытай мен Солтүстік Кореяда бар деседі. Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу ракета сұрап Қытай мен Солтүстік Кореяны жағалап жүр деген ақпарат тарады. Қытай ракета беруден бірден бас тартыпты. Ал Солтүстік Корея ракетаның бірнеше жүз данасын беретін болыпты. Сөйтіп Ресей өзінің шабуылына дайындықты күшейтіп жатыр.

Өзі санкциядан-санкцияға ілігіп отырған Ресейде қайта шабуылға дайындалатын қаржы қайдан келіп жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Ресейге мұнайдан түсетін қаржы әлі тоқтаған жоқ. Еуропа елдерінің кейбірі әлі күнге дейін Ресейдің мұнайы мен газынан бас тарта алмай отыр. Ресей мұнайы мен газына толық эмбарго жасаймыз дегендерімен ондай межеге әзірге жете алар емес. Себебі Еропада өнеркәсібі Ресейдің мұнайы мен газына байланып қалған елдер бар. Ең көп тұтынатын ел Германия. Украина президенті Владимир Зеленский "Бучада, Гостомельде, Мариупольде бейбіт тұрғындардың қатыгездікпен өлтіріліп жатқанын Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель келіп өз көзімен көрсін" деп бекерге айтқан жоқ. Себебі Германия Ресеймен әріптес болып, он бес жылдай уақыттан бері газы мен мұнайын тұтынып келеді. Ал Германияның төлеген қыруар қаржысы қымбат қанатты ракетаға айналып, Украинаның қалаларын бомбалауда. Мұнайы үшін осы күнге дейін жылдар бойы Ресейге шет елдерден күн сайын бір миллиард доллардай қаржы құйылып келіпті. Ал қазір ол азайғанының өзінде күн сайын үздіксіз 650 миллион евро әкеліп отыр. Әлем қауымдастығының Ресейдің мұнайына эмбарго жасайық деп шулап жатқаны да осыдан. Қасақана Каспий мұнай жөнелту консорциумы істен шығып, Қазақстан мұнайының 80 пайызының Еуропаға Ресей арқылы құбырмен жетуі тоқтады. Жақында ғана миллиондаған долларға күрделі жөндеуден өткен үлкен мұнай сақтау орындарын қайта қалпына келтіру үшін бірнеше ай уақыт керек. Миллиардтаған қаржыдан қағылып отырмыз. Осы істің Ресей мұнайына қарсылық әрекетімен тұстас келуі тегін болмауы да мүмкін. Ресей жағы теңіздегі толқынның күшейуінің салдарынан бұзылған деп қойды. Қазақстанның мұнайы бармасын, Еуропа әлі де бізден алуын тоқтатпасын деген пиғылдың әсерінен болған апат па екен деген күдікпен қараушылық та бар.

Қазақстан Украинаның тұтастығын құрметтейтінін және Қырым мен Донбасс аумақтарының мәселесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімдеріне тоқтайтынын білдіріп келеді. Бізде әскердің әлеуетін арттыру жұмысы да қолға алынды. Жақында Қарулы Күштердің басшылығымен әскерді ары қарай дамыту жайлы өткізілген мәжілісте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери дайындық бағдарламасын қайта қарауды тапсырды. Әскери басшылықты толығымен цифрландыру, әскерді қару мен техниканың жоғары технологиялық үлгілерімен жабдықтау керектігі айтылды. Қорғаныс саласында кадрлық өзгерістер де жасалды. "Шығыс" аймақтық командованиесі әскерінің қолбасшысы, Десанттық-шабуылдау әскерінің қолбасшысы, Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы ауыстырылды. Мұндай шұғыл әрекеттер айналамыздағы геосаяси ахуалдың қауіптілігінен туындап отырған болса керек.

Украинада әрбір әскери қылмыс сотта қаралуы үшін құжатталып жатыр. Кінәсі жоқ 1,5 мыңдай бейбіт тұрғын аяусыздықпен өлтірілген, 170-ке тарта сәби қаза болған. Украина басшылығы Ресей президенті Владимир Путинді және оның айналасындағыларды әскери қылмыскер деп тауып, халықаралық сотқа берді. Буча қаласындағы бейбіт тұрғындарды азаптап өлтірген оқиғалардан кейін әлем дүрлігіп кетті. Владимир Зеленский бүкіл Ресей тұрғындарына арнап үндеу жариялады. Шет елдер мен халықаралық ұйымдар Ресей әскерін ашық түрде айыптап жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Украинадағы соғысы үшін Ресейді Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқығы кеңесінен шығарып тастады. Оның қарарында Ресей әскерінің Украина аумағында адам құқығын өрескел бұзғаны жазылды.

Ресей Бучадағы бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты жоққа шығарып, мұны "Украинаның арандатуы" деп атады. Ресей жағының ойынша, украиндар адамдарды өлген сияқты етіп әр жерге жатқызып қойып, бейнежазбаға түсірген.  Әрине, мұның қисыны келмейді. Себебі аумақты ғарыштан спутниктік түсірілім кезінде көше бойларында өліп жатқан адамдар айқындалған. Түсірілім Бучаға Украин әскерінің кіруінен 3-4 күн бұрын түсірілген. Ол кезде қала Ресей әскерінің қолында еді. Бучадағыдай қайғылы көріністер тағы біраз қалаларда украиндықтардың алдынан шығуы мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу