Соғыстың тоқтатылуына ең көп жұмыс істеп жатқан ел – Түркия

2479

Ресей мен Украина өкілдерінің келіссөздері үш рет Беларусь жерінде өткенімен қандай да үмітке жетелейтін ешбір қадамның нышаны білінген жоқ. Келіссөздердің төртінші кездесуі Түркияда өтіп, сең қозғалды. Кездесудің алдында Түркия президенті Тайып Ердоған екі жақтың делегацияларымен кездесіп, сәттілік тіледі. 

Соғыстың тоқтатылуына ең көп жұмыс істеп жатқан ел – Түркия

Түпкілікті келісімге қол жеткізуге әлі ертерек, бірақ сөзге тоқтаудың алғашқы қадамы жасалды деуге де болады. Түркия соғыс басталысымен-ақ Украинаға көмек бере бастаған. Қару-жарағы мен Байрактарын және гуманитарлық көмегін айтпағанда Түркия Ресейдің әскери кемелерін Украинаға Қара теңіз арқылы өткізбей қойды. Ал келіссөздерді Түркияда өткізу ұсынысының нәтижесі жаман емес.

Келіссөздердің кезекті раунды Стамбулда өтуін Түркия басшылығы ұйымдастырды. Келіссөздерді президент Тайып Ердоған сөз сөйлеп ашты.

"Атыстың тезірек доғарылуы және бейбітшіліктің орнауы барша тарап үшін пайдалы. Енді кездесулерден нақтылы бір нәтиже шығару керек. Қазіргі түйін жөнінен алғанда делегация мүшелері ретінде сіздер тарихи бір жауапкершілікті алып отырсыздар. Барша әлем сіздерден қайырлы және сүйінші хабар күтуде", – деді Түркия президенті.

Келіссөздер жиынында Ресей делегациясы Украинаның алып барған құжаттарын қабылдады. Ондағы Украинаның  ядролық қарусыз ел, бейтарап мемлекет мәртебесін ұстанатыны жайлы ұсынысы зерттелетін және Ресей президенті Владимир Путинге жеткізілетін болды. Ресей жағының мәлімдеуінше, соғысып жатқан екі елдің президенттерінің кездесуіне жол ашылуы мүмкін. Ең бастысы, Стамбулдағы төртінші кездесу аяқталысымен Ресей Украинадағы әскери белсенділігін бірден төмендетті. Киев пен Чернигов бағытындағы әскери құрылымдарын кері қайтара бастады. Дегенмен мұның соңы Ресей жағынан тағы қандай әрекетке ұласатыны жұмбақ күйінде қалып тұр. Алда шабуылдың екінші кезеңі басталуы мүмкін деген болжам жасалуда.

Украинаның делегациясының мәлімдемесінде қауіпсіздік кепілі сұралған. Украинаның қауіпсіздігіне Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдер мен Түркия, Канада, Италия, Польша, Израиль кепіл болуы тиіс. Қауіпсіздік кеңесінің құрамында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франциямен бірге Ресей де бар. Ал Ресейдің қалайша кепіл болатыны жайлы таратылып айтылмады. Ол кепіл болмауы үшін Қауіпсіздің кеңесінің құрамынан шығарылуы тиіс болса керек.

Мәлімдеменің талабы бойынша Украинаға сырттан әскери қауіп төнген жағдайда кепіл мемлекеттер өздерінің әскери көмегін жұмылдыруы керек. Егер кепілдік алынса, Украина ешқандай өзге әскери блогқа кірмейтін, ядролық қарусыз мемлекет мәртебесін сақтайды және өзінің аумағында өзге әскери базаларды ұстаудан, қандай да бір әскери одақтарға енуден бас тартатын елге айналады. Украина НАТО құрамына кіруге ұмтылыс жасамайтын болды. Бірақ Еуроодаққа кіре алады.

Алда күтілетін түпкілікті келісім бүкілукраиналық референдумға салынады және кепіл елдердің парламенті мен Украина парламентінде ратификацияланады. Қырым мен Севастополь мәселесі әзірге 15 жылға тоқтатылады, бұл уақыт аралығында аймақта екі тараптан да әскери іс-қимыл жасалмайды. Ал Донбасс мәселесі бұл келіссөзден бөлек, өз алдына екі ел президенттерінің жеке қатысуларымен қарастыралады. Мұндай мәлімдемелерді келіссөздер кезінде Украина делегациясы жасады. Тағы бір талап – Ресей өзінің әскерін шығарып, орналасу шегін 2022 жылдың 24-ақпаны күнгі межеге қайтаруы тиіс. Ресейдің о бастағы қойған денацификация және демилитаризация деген түсініктеріне келіссөздерде орын жоқ.

Келіссөздер бірден үлкен бір нәтижеге жетпегенімен, бір баспалдаққа болса да алға шықты. Енді ары қарай іс жеделтетілуі мүмкін. Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу:"Тараптар арасындағы жақындасудың артқанын көріп қатты қуандық", – деді.

Сондай-ақ: "Кейбір мәселелерде екі тарап келісімге барды. Келіссөздер басталғаннан бері ең маңызды ілгерілеушілік бүгін болды. Тіпті қиын сұрақтардың жоғары деңгейде қаралуын көріп отырмыз. Бұдан кейінгі процесте екі елдің сыртқы істер министрлері бас қосып, бір ымыраға барады. Одан кейін екі елдің президенттерінің кездесуі күн тәртіпте болады", – деп қосты.

Енді екі елдің Сыртқы істер министрлері Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуін ұйымдастыруға келісулері керек. Түркия президенті екі ел басшыларының кездесуін Стамбулда өткізуге дайын екенін білдірді.

Дегенмен, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың нақты қашан толығымен тоқтатылатынын әзірге ешкім білмейді. Ресейдің жоспары қандай екенін болжау қиын. Еуропадағы саясаткерлердің ішінде Ресейге сенуге болмайтынын айтушылар бар.

Қалай дегенде де Ресей мен Украина арасындағы соғыстың тоқтатылуына ең көп жұмыс істеп жатқан ел – Түркия. Оның Ресей әскери теңіз флоты үшін Қара теңіздің бетін жапқанының өзі Украинаға орасан үлкен көмек болды. Мұны Түркия НАТО-мен келіспей, ешбір мәлімдемесіз-ақ жалғыз жортып жасады. Түркияның осы әрекетін және соғысып жатқан екі арасын жақындастыруға күш салғанын жоғары бағалаған саясаткерлер көп.  Мысалы, кезінде Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі және Үлкен сегіздіктегі сенімді өкілі болған экономист, бүгінде Америкада қауіпсіздік саясаты ғылымымен айналысатын өте танымал саясаткер Андрей Илларионов Түркияның үлесін өте жоғары бағалады. Ол өзінің берген сұхбаттарында Түркияның Украинаға жасап жатқан жақсылығы мен нақты көмегі бүкіл АҚШ пен Еуропа елдерін қоса алғанда да олардың бәрінен асып түскенін мақтанышпен айтып жүр. Андрей Илларионов 2004 жылы Ресей президенті әкімшілігінің басшысы Дмитрий Медведевпен жанжалдасқан, ал Владимир Путиннің саясатымен мүлде келіспей, 2005 жылы онымен ат құйрығын кесіскен. Сол жылы Америкаға кетіп тынған. Қазіргі күнде Украинаның үлкен жанашыры. АҚШ-тағы Қауіпсіздік саясаты орталығы деген мекеменің ғылыми қызметкері және "Украинаның болашақ институты" талдау орталығының сарапшысы.

Ал Түркия мен Қазақстан арасында әскери ынтымақтастық бұрыннан бар. Ал Ресей Украинаға әскери операция бастай салысымен, 28-ақпанда Түркия мен Қазақстан арасында әскери келісімге қол қойылды. Наурыз ортасында  Түркия президенті тарапынан Қазақстанды қиын жағдайда қалдырмаймыз деген сыңайдағы сөз айтылды деген ақпарат тарап жатты. Жақында Өзбекстан Луганск пен Донецк республикаларын мойындамайтынын мәлімдеген еді. Содан көп күн өтпей, 30-наурызда Түркия мен Өзбекстан арасында да әскери ынтымақтастықтың кеңейтілген келісіміне қол қойылды. Бұл жағдайлар да Түркияның түркі тілдес елдер үшін айбат екенінің көрінісі болса керек.

Тұтастай алғанда, Украинадағы қантөгісті тоқтату ісінде әлемнің орны бір төбе де, Түркияның орны бір төбе. Түркияның мысы басып тұрған жайы да бар.  

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу