Сыйақылар ешкімді ғылыми ортаға тарта алмайды – Сергей Пен

5913

Ғалымдардың еңбекақысын тікелей қаржыландыру ұсынылды.  

Сыйақылар ешкімді ғылыми ортаға тарта алмайды – Сергей Пен

Бұл "ADAL BILIM" жобалық кеңсесі әкімшісінің пікірі. Ол  жобаларға бөлінетін гранттар, стипендиялар мен медальдар және сыйақылар ешкімнің академиялық ортаға келуіне ықпал ете алмайтынын айтты. 

Сергей Пеннің сөзінше, мәселе елімізде ғалымдардың еңбекақысын жеке қаржыландырған кезде ғана оң шешіледі. 

Мәжілістің жұмыс тобында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланғанда "ADAL BILIM" жобалық кеңсесінің әкімшісі ғалымдардың еңбегін тікелей қаржыландыру бастамасын көтерді. 

"Біз қазіргі кезде қолданылып жүрген 3 нысанға (базалық, гранттық және НҚБ) қоса ғылымды қаржыландырудың төртінші нысанын – ғалымдардың еңбекақысын тікелей қаржыландыруды енгізуді ұсынамыз. Негізгі мақсат – ғылым мен білімнің сабақтастығын құру және ғылыми қызметтің нәтижесін  жүйелеу. Біздің түсінігіміз бойынша, еңбекақыны тікелей қаржыландыру жоғары және  жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе ғылыми ұйымда қызмет ететін ғалымдарға қатысты ғана жүргізілуге тиіс", –  деді Сергей Пен. 

Қаржы министрлігі бұл ұсынысқа қарсы болды. Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда елімізде бюджеттік қаржыландырудың 2 нысаны ғана орындалуы мүмкін. Біріншісі – сметалық, екіншісі – мемлекеттік тапсырыс. Жаңа ұсыныс қаржыландыру схемасына сай келмейді. 

Қанат Махамбет

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу