Ұлттық банк инфляцияны тежеумен ғана айналыспауы керек | Inbusiness
/img/tv.svg
RU KZ
RU KZ
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84 FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07 KASE 2 265,00 Бидай 465,40
$ 379.36 € 424.47 ₽ 5.88
Ауа райы:
+23Астана
+23Алматы
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84
FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07
KASE 2 265,00 Бидай 465,40

Ұлттық банк инфляцияны тежеумен ғана айналыспауы керек

Қазақстандағы ақша несие саясатына түбегейлі өзгеріс қажет.

331 16 Наурыз 2019 12:02 Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев биылғы жылы елімізде бизнесті қаржыландыру мен несиелендіру оң бағытта жүзеге асатынын жиі қозғап жүр. Сондай-ақ Досаев мырза 2019-2020 жылдары елдегі инфляция көлемі 4-6 пайыздық деңгейде сақталатынын да баса баса айтып отыр. Банк төрағасының болжамынша, тіпті 2021 жылы инфляция көлемі 4 пайыздан да төмендеуі әбден мүмкін.

Біз сөзіміз дәлелді болуы үшін Ұлттық банктің инфляцияға қатысты 2019-2021 жылдарға арналған болжамын арнайы сызбамен көрсетуді жөн көрдік.

Сызбада көрсетілгендей, болжам бойынша алдағы үш жылда Қазақстандағы инфляция көлемі айтарлықтай төмендегелі отыр. Бірақ инфляция көлемі төмендесе де, Ұлттық банк биылғы жылы пайыздық мөлшерлемелердің симметриялық дәлізін +/-1% мөлшерінде сақтай отырып, базалық сыйақы мөлшерлемесін 9,25%-дың көлемінде қалдыруды жөн көрді.

Ал отандық экономист мамандардың пайымдауынша, егер 2019 жылы инфляция көлемі 4-6%-дық деңгейде сақталатын болса, онда базалық сыйақы мөлшерлемесін осы көктемнен бастап 9,25%-дан, 5-7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, ұлттық экономиканы қолдау үшін базалық сыйақы мөлшерін төмендеткен дұрыс.

«Ұлттық банк 2018 жылы базалық сыйақы мөлшерін 9,00%-ға дейін төмендетті. Бірақ көп ұзамай қайтадан 9,25%-ға көтерді. Негізінде, базалық сыйақы мөлшері елде инфляция көлемі тұрақты болғанда түсіріліп отыруға тиіс. Ұлттық банк осы арқылы ақша-несие саясатын реттеп отырады. Ақша-несие саясаты нақты экономикамен байланысты болуы керек. Егер біз отандық өндірісті, жаңа технологияны, ауыл шаруашылығын, өңдеу саласын дамытқымыз келсе, олардың қолына қаржы беруіміз керек. Ол үшін әрине кәсіпкерлерге арзан несие жүйесін ұсынуға тиіспіз. Сондықтан болашақта Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендетсе жоғарыда аталған салаларға пайызы арзан несие алуға үлкен мүмкіндік ашылады», – деді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Бейсенбек Зиябековтың пайымдауынша, қазір екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен несие алғанда оны 9,25 %-бен алып отыр. 

«2015-2016 жылдары Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін 16-17%-дың көлемінде тағайындаған кезеңдер де болды. Сол кезде екінші деңгейлі банктер арасында несиенің пайыздық үстемақысын 28-30%-ға дейін өсіріп жібергендер кездесті. Ал қазір 2018 жылдан бері мөлшерлеме 9,25% болып отыр. Бірақ екінші деңгейлі банктер пайыздық үстемақыны түсіру өздері үшін әлі де тиімсіз екенін айтып, кәсіпорындарға, қарапайым халыққа арзан несие бермеуде. Егер біз болашақта экономикамызды, халықтың тұрмысын дамытқымыз келсе, елде арзан несие беру жүйесін қалыптастырып алуымыз керек. Ұлттық банк тек инфляцияны тежеумен немесе оны болжаумен ғана айналыспауы керек. Бізге өндірісті, модернизацияны, ауыл шаруашылығын қолдайтын ақша-несие саясаты керек. Тек қана мұнай мен газға иек артқан экономика бізді дағдарыстан шығармайды. Сондықтан Ұлттық банк түбегейлі қазіргі ұстанып отырған бағытын өзгертіп, банк пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты жөндеу керек. Ақша-несие саясатына өзгеріс керек», – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Жалпы, деректерге жүгінсек, Ұлттық банк расымен де 2015-2016 жылдары базалық сыйақы мөлшерін 16-17%-дық деңгейде ұстағанын білеміз. Базалық сыйақы мөлшері 2017 жылдан бері қарай ақырындап төмендеп келеді. Мұны біз төменде арнайы сызбамен көрсеттік.

Деректерден байқанымыздай, елдегі бас банктің ықпалымен 2015-2018 жылдар аралығында базалық сыйақы мөлшері бірнеше мәрте өзгерген. Ал ендігі уақытта Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі тағы бір өзгертіп төмен түсіретініне экономист-сарапшы Ілияс Исаев күмәнмен қарайды. Себебі нақ қазіргі экономикалық жағдайда бізге базалық сыйақы мөлшерін төмендету аса көмекке келе қоймайды.

«Ұлттық банк инфляция көлемі 4-6%-дан аспайды дейді. Бірақ халықтың жағдайына қарасақ, елдегі инфляция көлемі 20%-ға жетіп жығылды. 2018 жылы нақты инфляция 8%-ды құрады. Ал 2019 жылы күтіліп отырған инфляция 4-6%. Әрине болжам жақсы. Бірақ қазіргі қалыптасып отырған жағдаймен салыстырсақ, бұлай болуы қиындау. Негізінде, алдымен бизнеске арзан несие беру қазір тиімді ме, осыны зерттеп алу керек. Рас, базалық сыйақы төмендейтін болса біз бизнеске немесе қарапайым тұтынушыға беретін несиені арзандата аламыз. Бірақ бұл жерде айналымдағы ақша массасы туралы ұмытпауымыз керек. Егер базалық сыйақыны төмендететін болсақ, өндіріске ұсынатын арзан несие көбейіп айналымдағы ақша массасы артады. Бірақ сол айналымдағы ақшаны біздің өндіріс игере ала ма? Қазір біз тұтынушыға қаншама ақшаны ұсынсақ та ол проблемалық несиеге айналып кетіп отыр. Себебі өндіріске беріліп отырған арзан несие жоғары деңгейде өнім шығаруға, өндірістің қабілетін арттыруға айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Өндірістің қуаты артудың орнына, керісінше кеміп, айналымда ақша көбейіп кетіп, құнсызданып жатыр. Сондықтан бұл арада алдымен инфляция көлемі нақты болжануы керек. Бізде нақтылық жоқ. Бейресми деректер «халықтың жайына қарап инфляция тіпті 20%-ды межеледі» десе, ресми деректер 4-6%-дан аспайды деп болжайды. Ал нарықтағы жағдайды бағдарласақ елде әр тоқсан сайын қымбатшылық орын алып жатыр. Отандық өнім өндірушілер өнім өндіруге салған ақшаларын инфляция жеп, құнсызданып кетіп жатқанын айтып шырылдайды», – деді экономист-сарапшы Ілияс Исаев.

Біз инфляцияға қатысты маманның айтып отырған деректерін де арнайы сызбамен көрсеттік.

Ілияс Исаевтың айтуынша, сызбада көрсетілгендей, егер инфляция көлемі 20%-ды межелеп қалған болса, бұл ашық айтылуы керек.

«Себебі нақ осындай жағдай орын алса, шынымен де онда базалық сыйақы мөлшерін төмендетпейміз, керісінше, көтеру керек болады. Онда айналымдағы ақшаны азайтып, базалық сыйақы мөлшерлемесін өсіріп, несие беру көлемін шектеп, нақты пайдасы бар салаларға ғана қаржы бөлінуі қажет», – дейді маман.

Маманның пайымдауынша, қазір біз үшін ақша-несие саясатына жаңаша серпін қажет. Ол үшін Ұлттық банк қазіргі ұстанып отырған бағытын өзгертуге тиіс.

«Қазақстандағы ақша-несие саясатына серпіліс керек. Ұлттық банк макроэкономикалық жағдайларға бағдар жасауды терең игеруге тиіс. Шағын және орта бизнес айналымдағы ақшаны бойына сіңіру үшін Ұлттық банкке тек инфляцияны болжап, инфляцияны тежеп, базалық сыйақы мөлшерін тағайындап қана отыру аздық етеді. Мысалы, бізде арзан несие бөлінеді, бірақ өндірістің өнім шығару қуаттылығы артпайды, керісінше, қайсыбір өндіріс орындары жабылып қалып жатады. Өндіріс орындары алған несиелерін қайтара алмай жағымсыз несие қоржыны өсе береді. Біздегі екінші деңгейлі банктердің дені саудаға, құрылысқа, өнеркәсіпке, көлік алуға несие береді. Арзан дегендерінің өзі 14%-дың аралығын құрайды. Аңғарсақ, өнеркәсіпке бөлінген арзан несие мардымсыз. Ауыл шаруашылығына бөлініп отырған арзан қаржы да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Болашақта Ұлттық банк макроэкономикалық тепе-теңдікті зерттей білу керек. «Қаржыны қай салаға бөлсек, қайтарымы болады. Өндірістің қуаттылығы қандай? Берген қаржыны ұқсата ала ма, түсімі қаншалықты сенімді» деген мәселеге Ұлттық банк те бас ауыртуға тиіс. Бұл арада Ұлттық банк пен үкімет бірлесіп жұмыс істегенде ғана мәселе шешімін табады. Сондықтан экономиканы дамытуға бөлінген қаржыны ұқсату үшін осы екі ведомоство алдағы үш жылда барынша тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет», – деді Ілияс Исаев.

Тегтер:

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :