Вакцинация – инфекциялық аурулардан қорғайтын мықты құрал

11628

Вакцинация жасаудың нәтижесінде адам өзін дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, полиомиелит және өзге де аурулардан қорғайды. Адам ағзасына инфекциялық қоздырғыштарды салуға жауап ретінде антиденелер қалыптасады, инфекцияның әрекет етуін азайтады немесе жояды. 

Вакцинация – инфекциялық аурулардан қорғайтын мықты құрал

Ал егер COVID-19-ға қарсы  вакцина туралы сөз қозғасақ, ол патогендік микроорганизмдерден немесе тек қана әлсіз және қауіпсіз микроорганизмнің ең ұсақ бөліктері - антигендерден тұрады. Екпе енгізгенде адам ағзасы антигендерді байланыстыратын және оның зиянды әрекеттеріне қарсы келетін ерекше антиденелерді қалыптастырады. Нәтижесінде жаппай вакцинациялау тек қана екпе салдырған тұлғаларды ғана емес, сонымен қатар бірқатар қарсы көрсеткіштерінің болуына байланысты вакцина салдырмағандарды да қорғайды.

Қолдануға рұқсат берілген COVID-19-ға қарсы жасалатын көптеген вакциналардың қатарына "Спутник V" деп аталатын вакцина бар. Препарат Ресей Федерациясында тіркелген. Сонымен қатар вакцинациялауға қолданылатын отандық препарат қолданылмақ. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген "Qaz Covid-in" екпесі.
Халықта індетке қарсы иммунитет қалыптастыру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинацияны салу бойынша арнайы алгоритм әзірледі. Соған сәйкес вакцинация кезең-кезеңмен жүргізіледі. Мұндағы басым топқа инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету, реанимация бөлімшелері, медициналық-санитариялық алғашқы көмек және өзге ұйымдардың медицина қызметкерлері кірді.

Бұл ретте екпе алатын тұлғаға алдын ала болуы мүмкін жағымсыз әсерлер туралы ақпарат берілуі тиіс. Осылайша препаратты салуға ерікті келісім немесе егуден бас тарту ресімделеді. Бұған дейінгі клиникалық тәжірибе қант диабеті, гипертония, семіздікке шалдыққан адамдарда COVID-19 ауыр түрінің даму қаупі бар екендігін көрсетті. Сондықтан осы топтағы науқастарға COVID-19 қарсы вакцинация жасаудың мүмкіндігі туралы мәселені шешу үшін дәрігердің кеңесіне жүгіну ұсынылады. 

Егер сырқаттанып, айыққан адамда антиденелер деңгейі жоғары болған жағдайында COVID-19 қарсы вакцинация жасауды кейінге қалдыру қажет. Себебі індеттен жазылған адамның ағзасында қорғаныш қабілеті қалыптасады. 

Сондай-ақ, COVID-19-бен ауырып жүрген жағдайда вакцина салдыруды кейінге қалдырған жөн. COVID-19 салдарынан вирусты қайталап жұқтыру мүмкіндігінің өте сирек кездесуіне байланысты жұқтырғаннан кейін 90 күн ішінде екпені салғызған абзал. 

Бұған қоса бұрын қандай да бір дәріге, басқа вакциналарға, азық-түлікке аллергиялық реакцияның болған жағдайында бұл мәселені дәрігермен талқылаған жөн. Вакцина салғаннан кейін кейде жалпы немесе жергілікті сипаттағы жанама әсерлер туындауы мүмкін. Жалпы жанама әсер дене қызуының 37-38 °С көтерілуі, қалтырау, шаршау, бастың ауыруы секілді белгілері болады. Жергілікті – вакцина жасалатын орында туындайды, ол аздап ісінеді және ауырады.

Осылайша, вакцина жасау инфекциялық аурулардан қорғайтын жалғыз ғана құрал болып табылмайды. Қолды сабынмен немесе құрамында спирті бар сұйықтықтармен жиі жуу, адамдар көп жиналған жерінде бетперде тағу, сөйлескен кезде кемінде 1-2 м арақашықтықты сақтау секілді коронавирус инфекциясын алдын алу бойынша талаптарды естен шығармау керек.

Ал вакцина салғызу мүмкіндігі туралы шешімді қабылдау үшін дәрігермен кеңескен дұрыс болады. 

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу