Зейнетақы экспорты ЕАЭО-ның мигрант-зейнеткерлерінің құқын теңестіре ме? | Inbusiness
/img/tv.svg
RU KZ
RU KZ
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84 FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07 KASE 2 265,00 Бидай 465,40
$ 379.36 € 424.47 ₽ 5.88
Ауа райы:
+23Астана
+23Алматы
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84
FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07
KASE 2 265,00 Бидай 465,40

Зейнетақы экспорты ЕАЭО-ның мигрант-зейнеткерлерінің құқын теңестіре ме?

«Қартайған шағында басқа елге көшіп кетуге шешім қабылдаған азаматы үшін артында қалған елі ішінара жауапты болуға тиіс» дейді мамандар.

44 13 Мамыр 2019 13:19 Автор: Рауан Ілиясов

Зейнетақы қоры жақында Қазақстаннан көшіп, салымдарын алып кеткен салымшылар туралы мәліметтерді жаңартты:

2015-2018 жылдары шетелге көшкен 81 мың салымшы 100 миллиард теңгені шешіп алған.

2012-2015 жылдары көшіп кеткендердің саны 76 мың, олармен бірге кеткен қаржы 89 млрд теңге болатын эмигранттардың саны жыл сайын өсіп, иммигранттар санының қысқарғанын байқаймыз.

Көші-қон процестері саласының сарапшысы Елена Садовскаяның пайымдауынша, елден кетуге бірнеше себеп, солардың арасында ең әуелі экономикалық, әлеуметтік және саяси фактор бар.

Қазақстанда зейнетке шығу жасы тіпті Ресейдің өзімен салыстырғанда жоғары екенін білеміз. Бұған қоса Ресейде немесе Қытайда ауыр жұмыстағы немесе денсаулыққа зиянды мамандық иелері үшін арнайы әлеуметтік жеңілдік қарастырылады. Бұл фактор олардың зейнет демалысына ертерек шығуына мүмкіндік береді. Мұндай жеңілдіктер Қазақстанда жоқ.

Сарапшылар ЕАЭО ғана емес, бұл жағдай алдағы уақытта өзгеруі мүмкін екенін айтады. Себебі елден кетер алдында барлық салымдарын алып кеткендердің кейінгі тағдыры барған елдерінің заңдарымен реттеліп отыратын.

Енді ЕАЭО шеңберінде бұл мәселе заңмен реттелмек
30-40 жыл жұмыс істеп, басқа елге көшіп кеткен азамат еңбек өтілі үшін қосымша жәрдемақы талап етуге құқы бар. Бұл мәселе жақында Арменияда өткен ЕАЭО жиынында талқыланды.

«Азамат экономикалық жағынан белсенді болып тұрған кезде мемлекеттің қалыптасуы үшін еңбек етті. Енді оның зейнет жасындағы алаңсыз өміріне сол мемлекет септігін тигізуге тиіс» делінген құжатта. Басқаша айтқанда қартайған шағында басқа елге көшіп кетуге шешім қабылдаған азаматы үшін артында қалған елі ішінара жауапты болуға тиіс екен.

Сарапшылар мұндай ұсыныстың ЕАЭО мінберінде айтылуына Ресей жағы мұрындық болуы мүмкін екенін айтып жатыр.

Қазақстан Ресейге кеткен мигранттар саны жөнінде тек Тәжікстаннан қалып тұр. Ресми көрсеткіштерге қарағанда Ресейдің өмір сүруге қолайлы мемлекет емес екенін аңғаруға болады.

Былтыр елдің жарты миллионға жуық азаматы мемлекеттен көшкен. Бұған қарап Ресейдегі әлеуметттік жағдайдың өзге елдермен салыстырғанда озық деп ойлап қалуға болмайды. Тек бұрынғы КСРО елдерін мекендеген орыс ұлты өкілдері тарихи отанына көшуге шешім қабылдады. Бұл процес КСРО тарағаннан бері 30 жылдан бері жалғасып келеді. Сарапшылар бұл ұсыныстың әзірге жоба күйінде екенін айтып отыр. Оның өзге мүше-мемлекеттерден қолдау табады деген мәселе әлі уақыттың еншісінде.

«Қазір Ресейдің миграция саясаты тұйыққа тірелді»,- дейді сарапшылар. Кремль бір жағынан шетелдік жұмысшыларды заңды жолмен тіркеуден түсетін пайда арқылы бюджетті өсіргісі келеді. Билік өкілдері халықтың қартаюына байланысты босап қалған жұмыс орындарын толтыру үшін мигранттарға мұқтаж екендерін түсініп отыр. Бірақ елдегі анти-иммигранттық көңіл-күй, реттеу тетіктерінің әлсіздігі, заңсыз мигранттардың есебінен гүлденіп жатқан көлеңкелі экономика олардың еңбегін заңдастыру әлеуметтік жәрдемақысының белгілі бір мөлшерін артында тұрған донор елдердің есебінен төлеуге мүдделі болуда.

Бұл жобадан әзірге ең алдымен Ресейдің есебі түгелденейін деп тұр
Сарапшылар Ресейдің бұл ұсынысқа дайындықпен келгенін айтады. Себебі, «2018 жылы көрші елдің зейнет жасын Қазақстанмен теңестіру туралы ұсынысы Орталық Азия мигранттарын өздерінен алыстату туралы ойдан туған» деген пікірді ресейлік кейбір сарапшылар жоққа шығармайды. Кейін РФ президенті Владимир Путиннің «бұл реформаға жұмсалған шығын өзін-өзін ақтамайды» деген шешімінен кейін пікір-таластарға нүкте қойылды.

Еуразиялық экономикалық кеңестің мүшесі Тимур Жақсылықов журналистермен кездескен кезде зейнетақы экспортының мұндай түрі зейнет жасына жеткен азаматтардың алаңсыз өмірін қамтамасыз етуге бағытталатынын айтты. Оның пайымдауынша, бұл жоба әзірге мигрант зейнеткерлерді зейнетақымен қамтамасыз етуді көздейді екен. 2018 жылғы деректер бойынша ЕАЭО емес, ТМД елдерінде зейнет жасына жақындап қалған мигранттардың саны 1 миллионнан асып кеткен. Олардың 70 пайызы Ресейге барып тұрақтаған.

Қазір мигрант-зейнеткерлердің проблемасы тек ЕАЭО емес, барлық елдер үшін өзекті
Еуропаның халқы уақыт алға жылжыған сайын «қартайып» барады. Бұл үдеріс 20-ғасырдың аяғынан бастап айқын байқалды. Алдағы онжылдықтарда бұл үдерістің жылдамдай түсетін түрі бар. Еуропаның статистикалық ведомствосының деректеріне қарағанда, әзірге еуропалықтардың орташа жасы 40-тан аса қойған жоқ. 2050 жылға қарай Еуроодақ тұрғындарының орташа жасы он жылға артып, 49 жасты алқымдайтын болады. Екінші жағынан алғанда өмір сүру ұзақтығы артуы нәтижесінде 65 жастан жоғары топқа жататын адамдар саны екі есеге өсті. Тіпті Батыс және Орталық Еуропа үшін демографиялық үдерісті жас буын басым қоғамнан қарт адамдар басым көпшілікті құрайтын қоғамға ауысу ретінде де сипаттауға болады. Қазіргі уақытта еңбекке қабілетті 100 еуропалыққа 25 зейнеткерден келеді. 30 жылдан кейін бұл бірдің екіге қатынасындай болады. Егер экономикалық белсенділік бағдары өзгермеген жағдайда 2050 жылға қарай әр 100 адамның 75 зейнеткерді күтіп-ұстауына тура келеді. Туу көрсеткішінің күрт төмендеуі салдарынан Еуропаның демографиялық жағынан қартаюы ащы шындық.

Саяси сарапшы Иннокентий Адясов бізге берген сұхбатында КСРО тараған кезде бұл жобаның одақтың бұрынғы мүше мемлекеттері тарапынан қолдауға ие болмағанын еске түсірді. «Әрбір ел зейнеткерлерін өзіміз қамтамасыз етеміз» деген келісімге келген. 1992 жылдың басында Украинаның Ресейден шекаралас аймақтардан тұратын азаматтарына қосымша жәрдемақы төлеу туралы талабы Ресей тарапынан қолдауға ие болмаған.

Қазір Ресей Балтық жағалауында тұратын бұрынғы соғыс ардагерлеріне зейнетақы төлеп тұрады. Саясаттанушының пайымдауынша, бұл тәжірибеде бар.

«Ресей бұл қаржыны соғыс ардагерлеріне арналған базалық зейнетақы қоры есебінен төлейді. Бұл шамамен 25-28 мың рубль. Бұл үшін зейнетақы қорынан жыл сайын 500 млн АҚШ доллары бөлініп тұрады», – дейді Иннокентий Адясов.

Ресейде тұратын қазақ ғалымы Ғалым Әбілсейіт чемоданын көтеріп, елден кетуге дайындалып жүрген азаматтарының кейінгі тағдырына елінің бей-жай қарамауға ниет танытуы жақсылықтың нышаны екенін айтады. Себебі олар тек зейнет жасына жақындап қалғандар емес, олардың саналы өмірі реципиент мемлекетте өтті.

Алдағы уақытта донор немесе реципиент елдер деген түсінік миграциялық саясатта кеңінен қолданатын болады
Бұл – қазақ ғалымы Ғалым Әбілсейіттің пікірі. Бұл фактор оның пайымдауынша, әлемдегі және бұрынғы КСРО мемлекеттері арасындағы ретсіз миграцияның жолын тежейтін механизм.

«Ұлтына қарамай, тегіне қарамай мемлекетінің қалыптасуы жолында еңбек сіңірген азаматтардың кейінгі тағдыры үшін оның артында тұрған мемлекеттің жауапкершілігі бар. Сондықтан бұл жобадан Ресейдің ұпайы түгенделеді деп ойлайтындар қателеседі», – дейді Ғалым Әбілсейітов.

Ғалым Әбілсейітов осы ретте бұл ұсыныс сол елде туып өсіп, еңбек еткен, кейін өзге елге кеткен азаматтардың жауапкершілігін 100 пайыз артында қалған ел көтермейтінін тілге тиек етіп өтті. Азамат, басқа елге көшіп кеткен кезде зейнетақы қорында жиналған қаржыны шешіп алады. Оның барған еліндегі жағдайы сол елдің заңымен реттеледі. Бұл, бұрынғы КСРО елдері үшін жүйеленген тәртіп. «Қазақстан көшіп келіп жатқан азаматтардың, Қазақстанда тұрақтап қалуды көздеп жүрген еңбек мигранттарының саны жағынан екінші тұр. Сонымен бір мезгілде Қазақстаннан кетіп жатқан иммигранттардың саны да көбейіп келеді. Қазір Қазақстанға Өзбекстаннан және Қытайдан көшіп келіп жатқандар көп. Егер Қытай мен Өзбекстан Қазақстанға көшіп кеткен тұрғындарына ай сайын жәрдемақы беріп тұрса, одан Қазақстан ұтылмайды», – дейді Ғалым Әбілсейітов.         

Ғалым Әбілсейітов осы ретте Ресейдегі қазақстандық мигранттар туралы Росстат пен қазақстандық құзырлы орындарының ұсынған мәліметтер арасында алшақтық барын айтты. Соңғы кезде Ресейдегі қазақ мигранттары санының көптігі жөнінен ­Өзбекстаннан кейін екінші орынға шықты деген мәліметтер жиі айтылып жүр.

«Оларды бір-бірімен салыстырудан аулақпын. Бірақ Қазақстан әлемдік миграция көшіне қосылды. Енді жан-жағымызбен келісе отырып азаматтарымыздың мүддесін бірігіп қорғау және сырт елдерден келген мигранттар алдындағы жауапкершілікті де солармен бірігіп көтеру міндеті тұр», – дейді Ғалым Әбілсейітов.

Үкіметтің ұстанымы бойынша, экономикалық интеграцияға 2015 жылы ЕАЭО еңбек нарығын үйлестіру туралы үкіметаралық комиссия шешімі ықпал етті. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бұл бағытта өзге мемлекеттермен салыстырғанда ұпайын түгелдеп алды. Бірақ экономикалық, қаржылық дағдарыс миграциялық ландшафтқа өз әсерін тигізді: мүше-мемлекеттер ІЖӨ-нің теріс сальдосы жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндіктерін шектеп тастады. Бұл жағдай еңбек нарығындағы күштерді реттеудің жаңа заманауи формасын іздеуге мәжбүрлеуде.

Қазіргі жағдайды 1990-2010 жылдардағы жағдаймен салыстыруға болмайды. Жағдай түбегейлі өзгерді. Жұмыс істеп бөтен елге барған мигранттар мұны сезіп жатыр.

Орташаларға орын жоқ
Қазір әлемдік мигарция ландшафына қарап осындай ой түюге болады. Мұны барлық елдер түсініп, түйсініп отыр. Бұл процестер ЕАЭО-ның келесі кезеңінде іске асуы да әбден мүмкін. «Зейнетақы экспорты барлық елдердің мигранттарының құқын теңестіреді. Қазір зейнеткер-мигранттарды қабылдап алған ел оны аш қалдырмайды, зейнетақының ең төменгі мөлшерін біреді. Егер, зейнетақы экспорты жүзеге асса, реципиент мемлекет азаматына тиесілі зейнетақының белгілі бір мөлшерін төлеуді өз міндетіне алады. Бұл – әділ жүйе», – дейді ЕАЭО үкіметаралық комиссия құжаттарында.

Бұл ұсыныс әзірге жоба ғана. Егер, ол жүзеге асса, мүше-мемлекеттер келісімге келсе, оған ресми Ташкент пен Бейжің де ықылас танытуы мүмкін.

«Себебі ол елдерде де зейнетақы экспорты біраз түйінді тарқатады» дейді сарапшылар.

Рауан Ілиясов

Тегтер:

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :