/img/tv1.svg
RU KZ
DOW J 24 580,91 Hang Seng 24 266,06
FTSE 100 6 045,69 РТС 1 215,69
KASE 2 440,47 Brent 36,55

Валюта болжамы

Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады

8 маусым - 12 маусым

мұрағат

Inbusiness.kz теңгенің долларға, еуроға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (8 маусым – 12 маусым).

1 маусым - 5 маусымға арналған валюта болжамы

 

 

 

Inbusiness.kz басылымында өз болжамдарымен бөліскен сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының өсуі теңге бағамына әсер еткен негізгі фактордың бірі. Инвесторлар ОПЕК+ кездесуінің нәтижесін күтіп отыр. Осы аптада сарапшылар АҚШ-тағы ахуал, Бейжің мен Вашингтон арасындағы шиеленіс, Джордж Флойд өлімінен кейінгі ереуілдерді сөз етті. Сонымен қатар олар ҚР Ұлттық банкінің алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемеге қатысты өткізетін жиынына да тоқталды.

Сарапшылардың толық пікірін сайт әзірлеген кезекті сауалнамадан оқи аласыздар:

 

Анна Бодрова, «Альпари» бас аналитигі:

Теңгенің негізгі валюталарға қатысты бағамы шикізат құнының қымбаттауы мен жаһандық капитал нарығындағы оң нәтижелерге байланысты біраз нығайды. Әзірге динамиканың төмендеуіне әсер ететіндей ешқандай теріс белгі жоқ.Келесі аптада ҚР Ұлттық банкі пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдайды. Барлығының назары осында. Мөлшерлеме өзгеріссіз қалуы мүмкін, өйткені қазіргі деңгей қаржы-несиелік саясатты тұрақты межеде сақтап отыр. Келесі аптада бір доллар 390-410 теңге болуы мүмкін. Ал бір еуро 440-460 теңге, бір рубль 5,60-5,90 теңге, ал бір юань 50-60 теңге болады.

 

 

 

Сергей Дроздов, «Финам» компаниялар тобының аналитигі:
Өткен сауда қорытындысы бойынша, америкалық биржа алаңдары әр түрлі нәтиже көрсетті. S&P 500 индексі 0,34%-ға төмендеп, 3112,35 пунктке тірелді.  Dow Jones индексі 0,05%-ға кеміп, NASDAQ индексі 0,69%-ға азайды. АҚШ-тың 10-жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі жеті базистік пунктке көтеріліп, 0,81% болды. Германияның 10-жылдық қазынашылық облигациялары да үш базистік пунктке өсіп, -0,33% болды. Brent cұрыпты мұнай баррелінің бағасы 0,25%-ға көтеріліп, 39,97 долларға жетті. Бұған Ресейдің энергетика министрі Александр Новактың мәлімдемесі түрткі болды. Оның сөзінше, ОПЕК+ келісімі мен басқа елдердегі өндірістің қысқаруының арқасында қазір мұнай нарығындағы жағдай тұрақталып келеді. Дегенмен альянстың жақын арада өтетін кезекті жиынынан кейін, нарықтағы көрсеткіштердің нақты қалай өзгеретіні белгілі болады. Біздің болжам бойынша, келесі аптада бір доллар 395-402 теңге, бір рубль 5,65-5,9 теңге, бір еуро 442-459 теңге, бір юань 55-58 теңге болады.

 

 

Мұрат Қастаев, «DAMU Capital Management» ЖШС-ның бас директоры:
Осы аптада теңгенің негзігі валюталарға қатысты бағамы нығайды. Бұған Brent сұрыпты мұнай барреленің 37 доллардан 42 долларға дейін қымбаттуы әсер етті. Сонымен қатар жақында ОПЕК+ жиыны өтеді деген ақпарат та нарыққа оң ықпалын тигізді. Дегенмен биыл эталон маркалық мұнай бағасы 60-65 долларға дейін көтеріле қоймас. Теңгенің нығаюына халықтың девальвациялық болжамы да себеп болып отыр. Бір доллар 500-600 долларға дейін жетпейтініне көз жеткізгендер сатып алған валюталарын саудаға салып жатыр. Бұған тұрғындар табысының ТЖ режимінен кейін азаюы түрткі. Біздің болжам бойынша, келесі аптада бір доллар 400-420 теңге, бір еуро 440-460 теңге, бір рубль 5,75-5,9 теңге, бір юань 56,5-58,5 теңге болады. 

 

 

Ерлан Қойшыбаев, Gold Mining Capital аналитигі:
Өткен апта бойы мұнай бағасы өсіп, шамамен 40 долларға дейін жетті. Жаһандық экономиканың біртіндеп қалыпқа келуі негізгі триггер болып саналады. Дегенмен ОПЕК+ мүшелерінің арасындағы келіспеушіліктер мен коронавирус пандемиясының екінші толқыны басталады деген ақпарат нарыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. АҚШ-та ауыл шаруашылығына жатпайтын секторлардағы жұмыс орындары мен жұмыссыздыққа қатысты жаңа деректер жарияланды. Көрсеткіштер жоғары. Бұл дегеніңіз доллардың нығаюына әсер етуі әбден мүмкін. Оның үстіне америкалық акциялар нарығында да оң динамика байқалады. Осы аптада теңге айтарлықтай нығайды. Мұнай бағасының өсуі мен шетелдік валютаға деген сұраныстың азаюы қазақстандық валютаның әлсіреуіне жол бермеді. Келесі аптаға болжамым: USD/KZT – 395-405, EUR/KZT – 442-452, RUB/KZT – 5,7-5,9, CNY/KZT – 55,5-58 болады.

 

Айдар Қалиасқар, Forex Club қаржы скауты:
Жұма күні теңгенің долларға қатысты бағамы қазақстандық қор биржасында 0,22 теңгеге төмендеп, 399,81 теңге болды. Мұндай динамикаға сыртқы және ішкі негативті факторлар әсер етті. Яғни «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының табысы пандемия кесірінен 7 есе не одан да көбірек кемиді деген болжам теңге бағамына теріс ықпалын тигізді. Сонымен қатар ОПЕК+ елдерінің кездесу өтеді дегеннен кейін, нарықтағы бағалар өзгеріп отыр. Алдағы аптада да теңгеге мұнай құны тікелей әсер етеді. Келесі аптаға болжамым: USD/KZT – 397-399, EUR/KZT – 446-448, RUB/KZT – 5,5-5,7, CNY/KZT – 55-56.

 

 

Дмитрий Лукашов, SoftLink аналитигі:
Осы аптада ұлттық валюта нығайды. Өйткені эталон маркалық мұнай баррелінің құны 42 долларға дейін өсті. ОПЕК+ елдерінің кездесуі 6 маусымда болатыны да нарыққа оң ықпалын тигізіп отыр. Альянс  мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімді қыркүйекке дейін созуы мүмкін. Бұған дейін құжат талаптары шілденің басына дейін орындалады деп жарияланған еді. 8 маусымда Қазақстанның Ұлттық банкі пайыздық мөлшерлемеге қатысты жиын өткізеді. Мөлшерлеме 9,5%-дан түспеуі тиіс, өйткені мамыр айында инфляция 6,7% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Алдағы аптада бір доллар 398-410 теңге, бір еуро 440-460 теңге, бір рубль 5,73-5,9 теңге, бір юань 56-58 теңге болады.