Елорда әкімдігі Талапкер, Қоянды, Қосшы, 96-шы разъезд, Ильинка және басқа да ауылдардың Астана қаласының аумағына жатқызылатыны туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Сонымен қатар, Ақмола облысы Целиноград ауданының қандай да болмасын елді мекен қала аумағына енгізу жүргізілген жоқ және перспективада аталған елді мекендерді елорданың аумағына беру және енгізу жоспарланбаған.
Тұрғындардың назарына, 6 ақпанда Мемлекет басшысы "Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы" № 418 Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес Ақмола облысы Целиноград ауданының жалпы ауданы 8 719 га қосымша жерлерін елордаға қосу қарастырылған.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, қалаға қосылатын аумақта елді мекендер жоқ. Қала мен облыстың шекарасын өзгерту елорданың тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл жерлерді халықаралық әуежайдың қажеттілігіне, Ұлттық пантеон мен зират салу үшін пайдалану жоспарланған. Атап айтқанда, жалпы ауданы 8 719 га аумақтан "Майбалық" көлінің ауданындағы 7300 га жер халықаралық әуежайдың қажеттілігіне, күзету аймақтары мен жолақтарын орнату, сондай-ақ күз-көктем кезеңіндегі су тасқындары кезінде әуежай аумағын су басудың алдын алу бойынша кешенді шараларды іске асыру үшін пайдаланылатын болады.
Сонымен қатар, 959 га жер Ұлттық пантеон құру үшін бөлінеді. Тағы 460 га жер жаңа қалалық зиратты ұйымдастыруға және орналастыруға бөлінеді (96 разъезд және Астана-Көкшетау тас жолының арасында, магистральдік т/ж қасында). Аталған фактілерді ескере отырып, қала әкімшілігі елорда тұрғындары мен қонақтарын шынайы дереккөздерден тараған ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырады.