Әлеуметтік осал топтар назардан тыс қалған емес – Астана әкімі

3274

Елорда әкімі тұрғындарды жеке қабылдау кезінде баспанадан бөлек, өзге де мәселелерді шешу үшін қаржы керек екенін айтты.

Әлеуметтік осал топтар назардан тыс қалған емес – Астана әкімі

Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың елорда жұртына жылдық есеп беруі қала тұрғындарын жеке қабылдауымен жалғасты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

"Елбасы өзінің әр жолдауында басты басымдықты халықтың әл-ауқатына береді. Оның ішінде Астана халқы да бар. Бірақ елордада халық саны жыл санап өсіп келеді, адам көбейген жерде мәселе де көбейеді. Еліміздің қай өңірінде болсын әлеуметтік осал топтар ешқашан назардан тыс қалған емес. Біз де қол қусырып отырған жоқпыз, маған дейінгі әкімдер жүргізген саясат өз жалғасын табуда. Біз оны жаңа қырынан, жаңа бағытта жүзеге асыруды қолға алдық", – деді Бақыт Сұлтанов қабылдауда. 

Оның айтуынша, қала бюджетіне бөлінетін әрбір теңгенің өз жұмсалатын бағыты мен мақсаты бар.

"Менің алдыма келген тұрғындардың көбісі үй сұрайды. Жақсы, бар күшімізді салып баспана мәселесін реттелік, басқа сала қайда қалады? Сіздерге және балаларыңызға білім, денсаулық, жұмыс орны керек емес пе? Бар ақшаны үйге жіберсек оған қаржыны қайдан аламыз", – деді ол. 

Қала басшысы баспана басты мәселенің бірі екеніне қарамастан, Астана тұрғын үй беруден басқа өңірлерге қарағанда көш басында екенін айтып өтті.

"Біздің ендігі әрекетіміз қандай? Көпбалалы аналарға пәтерлерді жалға беретін боламыз. Жалға беріп қана қоймай, оны бірте-бірте сатып алуына мүмкіндік жасаймыз. Дәлірек айтқанда, олар енді ай сайын маңдай терімен тапқан қаржысын пәтер жалдауға емес оны сатып алуы мүмкін болады. Осы тұрғыда айтып өткен жөн, Астана тұрғын үй салу мен пайдалануға беруден көш бастап келеді, былтырдың өзінде 2,3 млн шаршы метр, 23 мың пәтер берілді. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша да елордамыз Қазақстан бойынша көш басында келеді. Ал қазіргі күннің өзінде 110 мың шаршы метрді құрайтын 1 419 пәтерлік, 15 тұрғын үй кешені салынып жатыр", – деді әкім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу