Алматы полициясы метроға "бомба қойған" адамды қолға түсірді, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
"Ішкі істер органдары және Алматы мен Алматы облысы арнайы қызмет мамандарының күш салуымен жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген Сарқанд қаласының тұрғыны қолға түсті. Оның бұл заңға қайшы әрекеті бұзақылықтан туындаған", – дейді ІІД ресми өкілі.
Енді сотқа дейінгі тергеу амалдарында жалған террорлық акт туралы хабар берген адамның әрекеті қаншалықты заңға қайшы екендігі анықталады.
Айта кетейік, 24 сәуір күні кешкі сағат 19.00 шамасында полицияға белгісіз телефон нөмірінен Алматы меросына бомба қойылғаны туралы хабарланады. Полиция және ТЖД мамандары Алматы метрополитеніндегі барлық жолаушыны эвакуациялады.