Алматыда "Оңай" жүйесінен ақау шығып, соңы жанжалға ұласты

1042

 Алматыда "Оңай" жүйесінен ақау шығып, соңы жанжалға ұласты

Алматыда кейбір қалалық маршруттардың  "Оңай" жүйесі істемей тұр. Жолаушылар қалтасынан қолма-қол ақша төлеуге мәжбүр болып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.   

Жүйедегі ақаудың себебінен жолаушылар мен автобус жүргізушілері, кондукторлар арасында дау-жанжал туындаған.

Осындай оқиғалардың бірі №65 маршрут автобусында болды. Талғар тас жолымен қалаға бағыт алған автобус жүргізушісі шу шығарған жолаушыларды түгел түсіріп тастап, ары қарай қызмет көрсетуден бас тартты.

"Мен терминал істемесе тегін жүреміз ғой деп айтып едім, жүргізуші маған дүрсе қоя берді. "Не болды сонша, 80 теңгеге бола қиналып. Жүресің бе жүр, жүрмейсің бе түс" деді айғайлап. Мен "түспеймін" дедім. Соған ашуланып, алты атамнан боқтап, барлық жолаушыны түсіріп тастады. Ары қарай жүрмеймін деді. Мен "Оңай" қызмет көрсету орталығына шағым түсіруге мәжбүрмін", - деді жолаушы Гүлнар Диарова.

Оңай cool-орталығының операторы қызмет көрсетуден бас тартқан автобус жүргізушісіне қатысты түсініктеме берді.

"Шынымен де таңертең №65, 26 маршут автобустарында осындай оқиғалар болды. Таңертеңнен бері "Оңай" жүйесінің cool-орталығына қоңыраулар көптеп түсіп жатыр.  Жолаушылар тарапынан наразылық білдіргендер көп. Техникалық ақаудың себептері тексеріліп жатыр. Қызмет көрсетуден бас тартқан автобус жүргізушілеріне қатысты шағым да 15 күн ішінде қаралады", - деді cool-орталығының операторы.

Алматы көлік холдингі ЖШС баспасөз хатшысы Алтай Сандыбаев техникалық ақау болғанын растады.

"Оңай жүйесіндегі ақау бойынша бірнеше дерек тіркелді. Қазір арнайы қызмет көрсету бригадалары маршруттарға шықты. Қазір қанша маршрутта, қандай тасымалдаушының линиясында ақау болғаны тексеріліп жатыр. Техникалық ақаудың бірнеше себебі болуы мүмкін. Автобустағы электр сымында ақау болуы мүмкін, мәліметтер жеткізу жүйесі істен шығуы мүмкін.  Барлық себептер тексеріліп жатыр", - деді Алтай Сандыбаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу