Алматыда "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешенінің кезекті маусымы ашылды

960

Алматыда "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешенінің кезекті маусымы ашылды

Алматыда "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешенінің кезекті маусымы ашылды. Қазір алатаудың баурайында орналасқан сырғанау алаңдары толық іске қосылған. Ал кешеннің баға саясаты өзгерген жоқ, деп хабарлайды almaty.tv.

Демалыс орнының биылғы басты жаңалығы - шанамен сырғанайтын трассаның ашылуы.

"Шымбұлақ" курортына былтыр 540 мыңнан аса адам келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп. Оған елімізде "ЭКСПО" және "Универсиада" сынды халықаралық шаралардың өтуі басты себеп. Мәселен, осы жазда кешенге 250 мыңнан аса қонақ келіпті. "Бұл жылдық трафиктің тең жартысы", - дейді курорттың менеджері Владислав Семенов. Сондай-ақ, спорт сүйер қауымның қалтасын қақпас үшін биыл жылдық абонемент сатылымға түсті. Абонемент жыл бойы аптаның кез келген күні қалағаныңызша сырғанауға мүмкіндік береді. Оған қоса, тамақтану орындарында жеңілдік қарастырылады.

"Бағалар былтырғы жылғыдай болып қалды. Өскен жоқ. Жұмыс күндері сырғанау ересек адам үшін 6 мың 500 теңге, сенбі мен жексенбіде 9 мың 500 теңге тұрады. Таза ауа жұтып, канаттық жолмен қыдыру 2 мың 500 теңге. Балалар үшін 1 мың 500 теңгені құрайды. Жалпы спортты насихаттау мақсатында жастар үшін үлкен жеңілдіктер қарастырылған", - деді "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының маркетинг жетекшісі Владислав Семенов.

Айта кетейік, курорт жанынан шаңғы тебуді үйрететін клуб ашылған. Бұл жастарды кәсіби тұрғыда спортқа баулып, айтулы жарыстарға да қатысуға мүмкіндік береді. Жақында 12 адамнан құралған топ Австрияның "Хинтертукс" және "Штубай" мұздықтарына барып, жаттығып келген. Яғни, кешенде кәсіби спортпен айналысуға да зор мүмкіндік бар. Ал, желтоқсан айының аяғында балалар арасында тау-шаңғы спортынан жарыс өтеді. Оған ТМД елдерінен 50 адам қатысады.

Бір күнде "Шымбұлаққа" 10 мыңнан аса адам cияды. Кешен туристерді көбірек тарту мақсатында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Олар Араб әмірлігі, Корея, Индия сынды мемлекеттермен келісімдер жүргізіп, халықаралық көрмелерге қатысуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу