Ильинка тұрғын алабында 240 орынға есептелген №92 "Жауқазын" балабақшасының құрылысы аяқталды. Жалпы ауданы – 5 мың шаршы метрге жуық. Екі қабатты ғимарат мемлекеттік тілде білім алатын 12 топқа есептелген. Балаларды қабылдау 2017 жылдың 1 қаңтарында басталады, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Елордада мектепке дейінгі мекемелердің жетспеушілігі проблемасы жаңа балабақшаларды пайдалануға беру, соның ішінде МЖС арқылы шешіледі. Үстіміздегі жылы 46 балабақша ашылды. Соның ішінде – 8859 орынға есептелген 44 жекеменшік (онда мемлекеттік тапсырыс енгізілген) жəне бюджет есебінен 440 орындық 2 балабақша ашылды.
Бұған қоса, МЖС аясында 2480 орындық 10 балабақшаның құрылысы басталды. Ал "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы шеңберінде балабақша ашу жөніндегі 31 жобаға қолдау көрсетілді, соның ішінде бесеуі биыл салынды.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 480 орындық 2 балабақша ашылмақ.